Қазақстанда жұмыс іздеушілер саны бос жұмыс орындарынан асып түсті.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері Электрондық еңбек биржасында 495,7 мың бос жұмыс орны жарияланып, 609,3 мың түйіндеме орналастырылған.
Тек мамыр айының өзінде жұмыс берушілер платформада 86,7 мың вакансия жарияласа, жұмыс іздеушілер 91,6 мың түйіндеме орналастырған.
Қай салада маман тапшы?
Сұраныс бойынша білім беру саласы көш бастап тұр. Мамыр айында бұл бағытта 14 мың бос жұмыс орны ұсынылған.
Сондай-ақ кадрларға деген жоғары сұраныс мына салаларда байқалады:
– өзге қызмет көрсету саласы – 12,5 мың вакансия;
– денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету – 8,6 мың;
– құрылыс – 8 мың;
– ауыл, орман және балық шаруашылығы – 7,5 мың;
– өңдеу өнеркәсібі – 6,9 мың бос жұмыс орны.
Өңірлер бойынша ең көп вакансия Астана қаласында тіркелген – 8,3 мың. Одан кейін Павлодар облысы (5,5 мың), Алматы қаласы (5,2 мың), Түркістан облысы (5,1 мың) және Атырау облысы (5 мың) орналасқан.
Жұмыс берушілер кімдерді іздейді?
Министрлік мәліметінше, бос жұмыс орындарының басым бөлігі орта біліктілік деңгейіндегі мамандарға арналған. Олардың үлесі барлық вакансиялардың шамамен 43 пайызын құрайды.
Төмен біліктілікті қажет ететін жұмыс орындары 31 пайыз болса, жоғары білікті мамандарға арналған ұсыныстардың үлесі 26 пайызды құраған.
Жұмыс іздеушілердің басым бөлігі – жастар
Мамыр айында еңбек биржасына 91,6 мың түйіндеме жарияланған.
Жұмыс іздеушілер арасында 35 жасқа дейінгі азаматтар басым. Олардың үлесі барлық түйіндеменің 41 пайызына тең.
35-44 жас аралығындағы азаматтар – 28 пайыз, 45-54 жас аралығындағы үміткерлер – 20 пайыз, ал 55 жастан асқандардың үлесі 11 пайызды құраған.
Гендерлік көрсеткіш бойынша жұмыс іздеушілердің 52 пайызы әйелдер болса, 48 пайызы – ер адамдар.
Министрлік еңбек нарығындағы ұсыныс құрылымы жұмыс берушілердің сұранысымен жалпы алғанда сәйкес келетінін атап өтті. Орта білікті мамандар барлық түйіндеменің 40 пайызын құраса, жоғары білікті үміткерлердің үлесі – 31 пайыз, ал төмен білікті жұмыс іздеушілер – 29 пайыз.
Ең жоғары жалақы қандай мамандарға ұсынылады?
Мамыр айындағы ең жоғары жалақы ұсынылған вакансиялардың қатарында өндіріс жөніндегі бастықтың орынбасары қызметі көш бастады. Бұл лауазым бойынша ұсынылатын жалақы шамамен 1,45 миллион теңгені құрайды.
Сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік инженері қызметіне – 1,23 миллион теңге, ал бас дәнекерлеушіге шамамен 1,24 миллион теңге көлемінде еңбекақы ұсынылған.
Ал жұмыс іздеушілер арасындағы ең жоғары жалақы сұрайтын мамандар қатарында кеме капитандары тұр. Олар орта есеппен 8,7 миллион теңге көлемінде жалақы алғысы келеді.
Бұдан кейін басшының орынбасары лауазымына үміткерлер сұрайтын жалақы – 3,7 миллион теңге, ал ұшқыштардың жалақыға деген сұранысы шамамен 2,8 миллион теңгені құраған.