Қазақстанда ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі қайта талқылана бастады. Үкіметте қазір жаңа мөлшерді есептеуге қатысты талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Ең төменгі жалақы қалай есептеледі?
Министрдің айтуынша, ең төменгі жалақы көлемі бірнеше экономикалық көрсеткіш негізінде анықталады. Атап айтқанда, еңбек өнімділігі мен медианалық жалақы деңгейі басты назарға алынады.
Ең төменгі жалақы екі негізгі көрсеткішке байланысты есептеледі. Оның бірі – еңбек өнімділігі, екіншісі – медианалық жалақы. Сонымен қатар белгісіздік коэффициенті енгізілген. Ол ең төменгі жалақы деңгейін реттеуге мүмкіндік береді, – деді Серік Жұманғарин.
Оның сөзінше, нақты шешім мемлекеттік бюджеттің мүмкіндігіне байланысты қабылданады.
Ең төменгі жалақыны қандай деңгейге дейін көтереміз, бәрі бюджет мүмкіндігіне байланысты болады, – деді вице-премьер.
Қазір Үкіметте ең төменгі жалақыны көтерудің ықтимал параметрлеріне қатысты талдау жалғасып жатыр.
Ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін көтеру ұсынылған
Бұған дейін Үкімет кулуарында ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин Қазақстанда ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін жеткізу мәселесі қарастырылып жатқанын айтқан еді.
Оның мәліметінше, қазіргі 85 мың теңге көлеміндегі ең төменгі жалақыны көтеру халық табысын арттыруға арналған кешенді бағдарлама аясында талқыланып жатыр.
Халықаралық тәжірибеде ең төменгі жалақы медианалық жалақының шамамен 50 пайызы көлемінде белгіленеді. Қазақстандағы медианалық жалақы шамамен 302 мың теңге. Осыған байланысты ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін жеткізу негізгі міндеттердің бірі ретінде қарастырылып отыр, – деген еді Азамат Әмрин.
Сонымен қатар Үкімет кәсіпкерлерге арналған қолдау шараларын да пысықтап жатыр. Қазіргі таңда мемлекет банктер арқылы берілетін несиелерді субсидиялау мен кепілдік беру тетіктерін іске қосуды жоспарлап отыр. Нәтижесінде несие мөлшерлемесін 12 пайызға дейін төмендету көзделген.
Айта кетейік, Қазақстанда ең төменгі жалақы 2026 жылы өзгеріссіз қалып, 85 мың теңге деңгейінде сақталды. ЕТЖ соңғы рет 2024 жылы көтерілген болатын.