800 мың теңге: депутаттар Қазақстанда демалуға қанша кететінін айтты

 Фото: коллаж AI / El.kz
Фото: Фото: коллаж AI / El.kz

Жазғы демалыс маусымы басталысымен қазақстандықтардың алдында дәстүрлі сұрақ туындайды: демалысты қайда өткізген тиімді? Бірі жағажайлы өңірлерді таңдаса, енді бірі тау мен орманға, тарихи орындарға саяхаттағанды жөн көреді. Мәжіліс депутаттары Қазақстандағы өздері ерекше бағалайтын туристік бағыттарды атап, отбасылық демалысқа қанша қаражат жұмсайтынын да айтты.

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Қазақстандағы ең тартымды туристік бағыттардың қатарына Алакөл, Катонқарағай және Алматы облысының табиғи аймақтарын қосты.Оның айтуынша, соңғы жылдары Алакөл отандық туристер үшін ең сұранысқа ие демалыс орындарының біріне айналған.

Топ үш бағытты айтатын болсам, бірінші кезекте – Алакөл. Екінші орында – Катонқарағай. Биыл өзімнің де сол жаққа бару жоспарым бар. Үшінші орынға Алматы облысының табиғатын қояр едім, – деді депутат.

@elkzportal

800 мың теңге: депутаттар Қазақстанда демалуға қанша кететінін айтты. Сіз биыл жазда қайда демалуды жоспарлап отырсыз? Пікірде бөлісе отырыңыз 👇 🎙️: @diana_orynbasarr

♬ түпнұсқа дыбыс - el.kz

Сонымен қатар ол Қазақстанда отбасымен демалу қанша тұратыны туралы да пікір білдірді. Оның сөзінше, шығын көлемі отбасы мүшелерінің санына және сапарды қалай ұйымдастыруға байланысты өзгереді.

Жұбайым екеуміз балалармен Алакөлге баратын болсақ, жол шығындарын қосқанда шамамен 700-800 мың теңге кетеді. Бірақ мұның бәрі алдын ала жоспарлауға байланысты. Мысалы, Шығыс Қазақстан бағытында субсидияланған рейстер бар. Билеттерді ертерек алсаңыз, 15-16 мың теңгеге табуға болады. Балаларға да жеңілдіктер қарастырылған. Сондықтан сапарды алдын ала ұйымдастырған адам едәуір үнемдей алады, – деді ол.

Ал мәжілісмен Ермұрат Бәпи еліміздің туристік әлеуеті тек танымал курорттармен шектелмейтінін айтады. Оның пікірінше, Қазақстан табиғатының шынайы көркін Катонқарағайдан, Бурабайдан және қазақтың дәстүрлі жайлауларынан көруге болады.

Катонқарағай – сөзсіз ерекше мекен. Бурабайды да еліміздің басты туристік орталықтарының бірі деуге болады. Ал үшінші орынға қазақтың жайлауын қояр едім. Жайлау – табиғатпен үндесіп, ұлттық болмысты сезінуге мүмкіндік беретін ерекше орта, – деді депутат.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев жазғы демалысты тарихи және табиғи туризммен ұштастыруға кеңес береді. Ол ең алдымен Түркістан өңірін атады.

Мен бірінші кезекте Түркістаннан бастар едім. Мұнда Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Арыстан баб сияқты тарихи орындар бар. Сонымен қатар Төле би ауданындағы Қасқасу секілді табиғаты сұлу демалыс орындары жетерлік. Екінші орынға Алматы облысын, үшінші орынға Көкшетау мен Ақмола өңірін қоямын. Бурабайдың табиғаты шынымен ерекше, – деді ол.

Депутат ішкі туризмнің дамуына қарамастан, баға мәселесі әлі де өзекті болып отырғанын жасырмады.

Ашығын айту керек, Қазақстанда демалу әлі де арзан емес. Кей жағдайда шетелге сапарлауға кететін қаражаттың басым бөлігі еліміздегі демалысқа жұмсалады. Дегенмен бағасы қолжетімді бағыттар да бар. Мысалы, Түркістан облысындағы Қасқасу демалыс аймағында үлкен үйді немесе коттеджді шамамен 70-80 мың теңгеге жалдауға болады, – деді Темір Қырықбаев.

Осылайша халық қалаулыларының пікірінше, биылғы жазда қазақстандықтар үшін ең тартымды бағыттардың қатарында Алакөл, Катонқарағай, Бурабай, Түркістан өңірі мен Алматы облысының табиғи аймақтары бар. Ал сапар құнын төмендетудің ең тиімді жолы – демалысты алдын ала жоспарлап, жол жүру билеттері мен қонақүйді ертерек брондау.

Оқи отырыңыз