76 жастағы саяхатшы Сәрсенбай Қотырашев Парижге жаяу жүріп жетті. Оны Триумф аркасының жанында отандастары мен дипломаттар қарсы алып, шебердің еңбегін жоғары бағалады.
Сәрсенбай Қотырашев 24 сәуірде Парижге жетіп, сапарын аяқтады. 76 жастағы саяхатшы 3 наурызда жолға шығып, шамамен 3 000 шақырымды жаяу жүріп өтті. Оның бағыты Сербия, Мажарстан, Австрия, Германия арқылы өтіп, Франция астанасында аяқталды. Саяхат кезінде түрлі қиындық пен шектеулерге қарамастан, дегеніне жетті.
Бұған дейін Сәрсенбай Қотырашев Қазақстанды жаяу аралап, кейін Кавказ асып Түркияға жеткен. Одан соң Алтай мен Моңғолия арқылы Қытайға дейін барған. Әлеуметтік желіде ол UlytauMan лақап атымен танымал. Оның әр сапары оқырманын жігерлендіріп, ерекше қызығушылық тудырып келеді.
Ұстаның туысқаны Баян Шайғозованың айтуынша, ата 75 жасқа дейін ұста болып зауытта жұмыс істейді. 2022 жылы 72 жасында Қазақстанның 17 облысын жаяу жүріп өтеді. Содан бері Ресей, Түркия, Моңғолия, Қытай мен Еуропа елдерін аралап жаяу жүр.
Сәрсенбай Қотырашевтың айтуынша, Еуропадағы бағыт ең күрделі кезеңің бірі болған. Жол қозғалысы талаптарына сәйкес ол автобандармен тікелей жүре алмай, көбіне велосипед жолдары мен соқпақсыз жерлерді айналып өтуге мәжбүр болды. Жүгін тиеген арбасы сынса да, алған бетінен қайтпайды.
– Мен әлемге қазақ халқының қайсар, рухы биік халық екенін көрсеткім келеді. Біздің ата-бабаларымыз металды игерген, ғылыммен айналысқан, жылқыны қолға үйреткен. Мен осыны өз жолыммен дәлелдеуді мақсат еттім, - дейді Сәрсенбай Қотырашев.
Парижде жиһанкез ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде де құрметке бөленді. Онда оны қазақ мәдениетінің жаршысы ретінде қабылдап, оның миссиясын мәдени мұраны сақтау мен насихаттаудың жарқын үлгісі деп бағалады.
Бүгінде ақсақалдың жүріп өткен жолы шамамен 18 мың шақырымға жетті. Оның басты мақсаты –75 жастан асқан саяхатшы ретінде 40 мың шақырымнан астам жол жүріп, Гиннестің рекордтар кітабына ену.
Елге оралған соң Сәрсенбай Қотырашев ұсталық өнерін жалғастырып, жаңа сапарларға дайындалмақ. 2027 жылы ол АҚШ аумағын жаяу кесіп өтуді жоспарлап отыр. Атлант мұхитынан Тынық мұхитына дейін жаяу жүруді мақсат етеді. Жиһанкез қазақстандықтарды үнемі қозғалыста болып, өзін дамытуға және үлкен мақсаттардан қорықпауға шақырады.