75 музыкант, үш солист: «Астана Балетте» алғаш рет симфониялық музыка фестивалі өтеді

75 музыкант, үш солист: «Астана Балетте» алғаш рет симфониялық музыка фестивалі өтеді
Фото: Артем Чурсинов

Ертең елордадағы «Астана Балет» театрында алғаш рет «Symphony time» симфониялық музыка фестивалі басталады. 6 қазанда театр сахнасында фестивальдің ашылуына арналған соңғы дайындық өтіп, Astana Ballet Orchestra белгілі скрипкашы Ержан Құлыбаевпен бірге Чайковский шығармаларын пысықтады. El.kz тілшісі дайындық барысын көріп, музыканттармен тілдесті.

«Symphony time» фестивалі 7-11 қазан аралығында өтеді. Үш концерттен тұратын бағдарламада Петр Чайковский, Дмитрий Шостакович, Сергей Прокофьев пен Сергей Рахманиновтың шығармалары орындалады.

Фестиваль шымылдығы 7 қазанда скрипкашы Ержан Құлыбаевтың қатысуымен ашылады. Кеште Петр Чайковскийдің скрипка мен оркестрге арналған концерті мен №5 симфониясы орындалады.

«Жас оркестрдің мүмкіндігі зор»

Жезқазғанда дүниеге келген скрипкашы Ержан Құлыбаев бүгінде Испанияда тұрады. Ол Мадрид пен Валенсиядағы жоғары музыка мектептерінде профессор болып қызмет етеді. Музыканттың айтуынша, Astana Ballet Orchestra-мен бұған дейін жұмыс істегенімен, толық симфониялық құраммен алғаш рет сахнаға шыққалы отыр.

Кадрда Ержан Құлыбаев / Фото: Артем Чурсинов
Кадрда Ержан Құлыбаев / Фото: Артем Чурсинов

Бұл – өте жас әрі болашағы зор оркестр. Дайындық кезінде музыканттардың жұмысқа деген ерекше зейінін, тәртібін байқадым. Мұның бәрі шығармашылық нәтижеге тікелей әсер етеді. Оркестрде өте жас музыканттар отыр. Осыған қарап, симфониялық музыканың келесі буыны сенімді қолда деп айта аламын. Олардың еңбекқорлығы, тәртібі мен кәсіби көзқарасы қуантады, – деді Ержан Құлыбаев.

Скрипкашы Astana Ballet Orchestra-мен бұған дейін де бірге өнер көрсеткен. Өткен жылы ол оркестрдің ішекті аспаптар құрамымен Астана мен Алматыда Вивальди мен Пьяццолланың шығармаларын орындаған. Алайда бұл жолғы концерттің ерекшелігі бар.

Фото: Артем Чурсинов
Фото: Артем Чурсинов
Фото: Артем Чурсинов
Фото: Артем Чурсинов

Симфониялық құраммен алғаш рет өнер көрсетемін. Сондай-ақ маэстро Арман Оразғалиевпен де алғаш рет бірге жұмыс істеп жатырмын. Ол дайындық кезінде еркін әрі достық атмосфера қалыптастыра білген. Репетицияда артық сөзге уақыт кетпейді, негізгі назар музыка мен орындауға аударылады. Жұмыс өте тиімді жүріп, жақсы нәтиже беріп жатыр, – дейді музыкант.

Ержан Құлыбаевтың сөзінше, ертеңгі концерт Astana Ballet Orchestra үшін де ерекше болмақ.

Ертең біз үшін көп нәрсе алғаш рет болғалы тұр. Оркестр Чайковскийдің скрипка мен оркестрге арналған концертін алғаш рет орындайды. Мен де осы оркестрдің толық симфониялық құрамымен және маэстро Арман Оразғалиевпен алғаш рет өнер көрсетемін. Сондықтан ертеңгі концерттің орны ерекше. Дайындық барысында залдың акустикасы да керемет екенін байқадық. Осындай оркестрмен, осындай залда өнер көрсету – мен үшін үлкен қуаныш, – деді Ержан Құлыбаев.

Фото: Артем Чурсинов
Фото: Артем Чурсинов

Скрипкашының айтуынша, классикалық музыканы әр тыңдарман өзінше қабылдайды. Оның ерекшелігі де осында – әр адам шығармадан өз көңіл күйі мен жан дүниесіне жақын мағына таба алады.

Классикалық музыканың кереметі – оның мағынасының тереңдігінде. Әр адам сол сәтте жан дүниесін толғандырған нәрсені осы музыкадан табады. Ол жанның бір жарасын қозғауы мүмкін, бәлкім, керісінше, емдеуі мүмкін. Сондықтан тыңдарманға қандай да бір образды таңғым келмейді. Тек мұқият тыңдап, ішкі сезімге ерік беру керек. Музыка өзі сізге жол көрсетеді, – дейді ол.  

Фото: Артем Чурсинов
Фото: Артем Чурсинов

«Қазақстан қазір шығармашылық тұрғыдан өрлеу кезеңінде»

Ержан Құлыбаев 1999 жылдан бері шетелде тұрады. Қазір Испанияда еңбек ететін скрипкашы түрлі елдерде өнер көрсетіп, Қазақстанға да тұрақты келіп тұрады. Әңгіме барысында ол елдегі кейінгі буын музыканттарға қатысты байқаған өзгерістерімен бөлісті.

Қазақстан қазір шығармашылық тұрғыдан өрлеу кезеңінде және дұрыс бағытта келе жатыр деп ойлаймын. Мен көптеген елде болдым, сондықтан мұны жаңа буын музыканттарға қарап айтып отырмын. Бүгінгі жастардың ойлау жүйесі де, дайындығы да, мақсаты да өзгеше. Қазір Қазақстанда кәсіби музыканттардың өз мамандығы бойынша жұмыс істеуіне мүмкіндік көп, – деді Ержан Құлыбаев.

Скрипкашы соңғы жылдары түрлі музыкалық жобалардың көбеюі тыңдарманның симфониялық музыкаға қызығушылығын арттырып келе жатқанын атап өтті.

Фото: Артем Чурсинов
Фото: Артем Чурсинов

Қазір театрлар, оркестрлер, түрлі жобалар бар. Классикалық аспаптар қолданылатын жобалар мен кино музыкасына деген қызығушылық та маңызды. Адамдар сол арқылы симфониялық музыкамен таныса бастайды. Бәлкім, бүгін кино музыкасын тыңдаған көрермен ертең филармонияға, академиялық концертке келеді. Сондықтан Қазақстандағы оркестрлердің қазіргі деңгейін жоғары бағалаймын, – деді скрипкашы.

Бір айлық дайындық

«Symphony time» аясында 7, 9 және 11 қазанда үш концерт өтеді. Astana Ballet Orchestra осы үш кешке арналған бағдарламаларды театрдың негізгі репертуарымен қатар дайындаған.

Біз дайындықты 7 қыркүйекте бастадық. Бір ай бойы тынымсыз жұмыс істедік. Кейде ауыр, кейде қобалжуға толы сәттер де болды. Онсыз болмайды. Бірақ оркестрдегі әр музыкант нәтижеге ұмтылып, үлкен ынтамен жұмыс істеді. Енді соның нәтижесін көрерменге ұсынамыз, – деді театрдың бас дирижері Арман Оразғалиев.

Кадрда Арман Оразғалиев / Фото: Артем Чурсинов
Кадрда Арман Оразғалиев / Фото: Артем Чурсинов

Astana Ballet Orchestra құрамында 75 музыкант бар. Ал фестивальде оркестрмен бірге Ержан Құлыбаев, Әлім Бейсембаев және Әмір Тебенихин сахнаға шығады. Бас дирижер үшін бұл жобаның форматының өзі ерекше.

Біздің театрда симфониялық музыка фестивалі алғаш рет өтіп отыр. Жалпы, Қазақстанда симфониялық музыка фестивальдері сирек өтеді. Концерттер бар, театр фестивальдері бар, бірақ дәл осындай симфониялық фестивальдер жиі ұйымдастырыла бермейді. Сондықтан бұл біз үшін маңызды оқиға, – деді Арман Оразғалиев.

Солист пен оркестр қалай дайындалады?

Ержан Құлыбаев оркестрмен 5 және 6 қазанда дайындық өткізді. Ал 9 қазанда өнер көрсететін Әлім Бейсембаев пен фестивальді қорытындылайтын Әмір Тебенихиннің Астанаға келу кестесі тығыз. Сондықтан олардың оркестрмен бірге дайындалуына бір күнге жуық уақыт қана бар.

Әлім де, Әмір де Еуропадан концертке бір күн қалғанда келеді. Келген бойда дайындыққа кірісеміз деуге болады. Концерт күні акустиканы тексеруге арналған қысқа репетиция тағы бар. Негізінен бір толық репетицияға ғана уақыт қалады. Бірақ олар – кәсіби музыканттар. Біз солистің орындау ерекшелігін сезініп, соған қарай бейімделуіміз керек, – деді дирижер.

Арман Оразғалиевтің айтуынша, солистпен орындалатын шығармада дирижердің міндеті тек оркестрді басқарумен шектелмейді.

Кадрда Арман Оразғалиев / Фото: Артем Чурсинов
Кадрда Арман Оразғалиев / Фото: Артем Чурсинов

Оркестр өз бетінше ойнап, солисті жай ғана сүйемелдей алмайды. Біз бір тандемде болуымыз керек. Әр солистің орындау мәнері әртүрлі, сондықтан дирижер де, оркестр де соған бейімделеді. Бұл міндетті, – дейді ол.

Фестиваль қарсаңында оркестрдің бір дайындығы шамамен төрт сағатқа созылады. Дегенмен осы аралықта театрдың спектакльдері де тоқтамаған.

Фото: Артем Чурсинов
Фото: Артем Чурсинов

Astana Ballet Orchestra-ның құрылғанына биыл қарашада бес жыл толады. Арман Оразғалиев ұжымды алғашқы күнінен бері басқарып келеді. Осы уақыт аралығында оркестр Грекия, Швейцария, Тәжікстан және Ресейде, сондай-ақ Қазақстанның бірқатар өңірінде өнер көрсеткен.

Үш концертте не орындалады?

Фестиваль 7 қазанда Ержан Құлыбаевтың қатысуымен ашылады. Кеш бағдарламасына Петр Чайковскийдің скрипка мен оркестрге арналған концерті және №5 симфониясы енген.

Фото: Артем Чурсинов
Фото: Артем Чурсинов

9 қазанда пианист Әлім Бейсембаев Чайковскийдің фортепиано мен оркестрге арналған №1 концертін орындайды. Одан кейін Astana Ballet Orchestra Дмитрий Шостаковичтің №5 симфониясын ұсынады.

11 қазанда фестивальді пианист Әмір Тебенихин қорытындылайды. Бағдарламада Сергей Прокофьевтің фортепиано мен оркестрге арналған №3 концерті және Сергей Рахманиновтың «Симфониялық билері» бар.

Фото: Артем Чурсинов
Фото: Артем Чурсинов

Оқи отырыңыз