2026 жылдың алғашқы сегіз айында Қазақстанда 74 мыңнан астам неке тіркелді. Әсіресе жаз айларында шаңырақ көтергендер саны артқан. Маусым, шілде және тамызда 38 мыңнан астам жұп некесін ресми тіркесе, ең көп неке маусым айында қиылған. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мәлімдеді.
Маусымда 15 мыңнан астам неке қиылған
Ресми мәліметке сәйкес, 2026 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында елімізде 74 648 неке тіркелген.
Оның ішінде жаз айларында отбасын құрғандар саны көп болған. Маусым, шілде және тамызда 38 мыңнан астам жұп шаңырақ көтерді.
Ең жоғары көрсеткіш маусым айында тіркелді. Бұл айда 15 мыңнан астам жұп некесін қиған. Маусымда 15 мыңнан астам неке тіркелді. Тамызда 11 761 жұп, ал шілдеде 11 674 жұп отбасын құрды, – делінген мемлекеттік корпорация мәліметінде.
Шілде мен тамыздағы көрсеткіштің айырмашылығы көп емес. Тамызда шілдеге қарағанда 87 неке артық тіркелген.
Ең көп неке Алматыда тіркелген
Өңірлер арасында Алматы қаласы көш бастап тұр. Мұнда жыл басынан бері 12 344 неке тіркелген.
Одан кейін Астана қаласы тұр. Елордада сегіз ай ішінде 9 074 жұп шаңырақ көтерген. Ал Түркістан облысында 5 611 неке тіркелген.
Осы үш өңірге елде қаңтар-тамыз аралығында тіркелген некелердің шамамен 36 пайызы тиесілі.
Қазақстандықтар жаз айларында жиі шаңырақ көтереді
Ұлттық статистика бюросының былтырғы деректері де жаз айларында неке қию көрсеткіші жоғары болатынын аңғартады.
2025 жылы Қазақстанда барлығы 115,9 мың неке тіркелген. Оның ішінде маусымда 11 848, шілдеде 12 955, тамызда 12 418 жұп шаңырақ көтерген. Былтыр жаз айларының ішінде ең көп неке шілдеде тіркелсе, биыл маусым алға шыққан.
2025 жылғы мәлімет бойынша, алғаш рет некеге тұрған ерлердің орташа жасы 27,9 жас, ал әйелдердікі 25,3 жас болған.
Сондай-ақ былтыр некелердің 68,1 пайызы қалада, 31,9 пайызы ауылдық жерлерде тіркелген. Некеге тұрған жұптардың 80,4 пайызы бір этнос өкілдері болса, 19,6 пайызы әртүрлі этнос өкілдерінен құралған.
Қазақстанда Отбасы күні қашан аталып өтеді?
Қазақстанда Отбасы күні жыл сайын қыркүйектің екінші жексенбісінде аталып өтеді. Бұл мереке 2013 жылы бекітілген.
Биыл 7-13 қыркүйек аралығында елімізде Отбасы апталығы өтіп жатыр. Апталықтың әр күні отбасы құндылықтарына қатысты белгілі бір тақырыпқа арналған. Олардың қатарында ұрпақтар сабақтастығы, саналы түрде отбасын құру, бала денсаулығы мен қауіпсіздігі, отбасылық әл-ауқат және ата-ана мен баланың бірге уақыт өткізуі бар.