720 млн теңге жұмсалған «7 қарақшы»: фильмді көруге жеті себеп

720 млн теңге жұмсалған «7 қарақшы»: фильмді көруге жеті себеп
Фото: AI көмегімен өңделді

Қазақ киносында экшн жанры көп кездесе бермейді. Ал тарихи кезеңді, қылмыстық оқиғаны, шытырман оқиғаны және юморды бір фильмге тоғыстырған «7 қарақшы» көрерменге өзгеше дүние ұсынады.

Режиссер Қуаныш Бейсектің жаңа фильмі 1978 жылғы Қазақстанды көрсетеді. Оқиға ортасында – тағдыры әртүрлі жеті қылмыскер. Оларға күтпеген жерден аса қауіпті тапсырма жүктеледі.

Фильмнің сюжетіне тоқталып, спойлер жасамай-ақ қояйық. Оның орнына «7 қарақшыны» көруге болатын жеті себепті ұсынамыз.

Фото: Фильмнен кадр
Фото: Фильмнен кадр
  1. Фильм 100 пайыз қазақ тілінде түсірілген

«7 қарақшының» басты ерекшеліктерінің бірі – фильмнің толықтай қазақ тілінде түсірілуі.

КСРО заманын суреттейтін фильмдегі кейіпкерлердің диалогтары қазақ тілінде өрбиді. Бұл бір жағынан отандық кино үшін маңызды қадам болса, екінші жағынан фильмнің атмосферасын шынайырақ сезінуге мүмкіндік береді.

1970-жылдардағы қазақ қоғамын, сол кезеңдегі адамдардың қарым-қатынасын және сөйлеу мәнерін экраннан көру де картинаның өзіндік ерекшелігі.

  1. Қазақстандағы кино үшін жаңа жанр

«7 қарақшы» – қазақстандық кино үшін тың жанрда түсірілген жобалардың бірі.

Фото: Фильмнен кадр
Фото: Фильмнен кадр

Фильмде экшн, истерн және қылмыстық фильм элементтері қатар жүреді. Ат үстіндегі қуғын, атыс, төбелес, пойыздағы қауіпті операциялар – барлығы картинаның динамикасын арттыра түседі. Яғни көрермен бұл жолы дәстүрлі комедия немесе драмадан бөлек, қазақ тіліндегі толыққанды экшн-истернді тамашалай алады.

  1. Фильмге 720 миллион теңге жұмсалған

«7 қарақшының» бюджеті – 720 миллион теңге. Мұндай бюджет экрандағы көріністерден де байқалады. Фильмде кеңестік кезеңді көрсету үшін сол дәуірге сай костюмдер, көліктер, декорациялар, қару-жарақтар және басқа да детальдар қолданылған.

Ал экшн сахналарын түсіру үшін пойыз бен аттарды пайдалану, ауқымды көріністерді ұйымдастыру да аз қаражатты талап етпейтіні түсінікті.

Сондықтан фильмді тек актерлердің ойыны емес, қойылымы мен өндірісіне назар аударып көруге болады.

  1. Азат Жұмәділдің бір кадры 25 рет түсірілген

Фильмдегі экшн сахналарының қалай түсірілгені де қызық. Мысалы, актер Азат Жұмәділдің шкафқа соғылатын кадры 25 рет түсірілген. Экранда бірнеше секунд қана көрінетін сахнаның артында осындай көп жұмыс тұрғанын көрермен біле бермейді.

Фото: Фильмнен кадр
Фото: Фильмнен кадр

Ал одан да қауіпті трюк бар. Актер шауып келе жатқан аттан пойызға өзі секірген. Бұл сахнада ол каскадердің көмегіне жүгінбеген. Яғни фильмдегі кейбір қауіпті көріністерді актерлердің өздері орындаған.

  1. Еркебұлан Дайыровтың сүйісу сахнасын әйелі ойнаған

Фильмдегі ең қызық деректердің бірі – Еркебұлан Дайыровтың серіктесімен сүйісу сахнасын оның өз әйелі сомдағаны.

Бұған себеп те бар. Актер бұған дейін кинода мұндай сахнаға түспеген.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Tartaria Films (@tartariafilms)

Сондықтан фильм түсірілімінде бұл сахнаға қатысты ерекше шешім қабылданған. Нәтижесінде Еркебұлан Дайыровтың экрандағы серіктесі өз жары болды.

Кино түсірілімінің сыртындағы осындай детальдар да көрерменнің қызығушылығын арттыра түседі.

  1. Boney M.-нің әйгілі «Rasputin» әні заңды түрде қолданылған

«7 қарақшының» музыкасына да ерекше мән берілген. Фильмнің басты саундтрегі – әлемге танымал Boney M. тобының «Rasputin» әні.

Бір қызығы, режиссер Қуаныш Бейсек композицияны фильмге қосу үшін оның пайдалану құқықтарын арнайы сатып алған. 1978 жылы жарық көрген әннің фильмдегі кезеңмен де сәйкестігі бар. Картина оқиғасы да дәл сол жылдары өрбиді.

Фото: Фильмнен кадр
Фото: Фильмнен кадр

Сонымен қатар фильмде басқа да музыкалық шығармалар қолданылып, музыкалық шешімдер картинадағы экшн мен көріністердің ырғағын күшейтуге бағытталған. Фильмнің музыкасы тіпті кейбір сахналардың эмоциясын айқындайтын маңызды құралдардың біріне айналған.

  1. Тарихи кезең – шынайы, ал оқиға – көркем қиял

«7 қарақшы» көрерменді 1978 жылғы Қазақстанға алып баратынын жоғарыда айттық. Фильмде сол кезеңнің атмосферасы, кеңестік орта және тарихи оқиғаларға байланысты детальдар бар. Алайда картинаны деректі фильм деп қабылдауға болмайды.

Өйткені жеті қарақшының оқиғасы – көркем қиялға негізделген сюжет. Режиссер нақты тарихи кезеңді алып, «Егер сол заманда осындай жеті адам болғанда не болар еді?» деген қиялды экранға шығарады.

Фото: Фильмнен кадр
Фото: Фильмнен кадр

Бір фильмде жеті түрлі мінез

Фильм оқиғасы 1978 жылы өрбиді. Балалар үйінде бірге өскен Асан, Ғайни және Марсель есейген соң қылмыстық жолға түседі. Кейін олардың өмірі күтпеген жерден үлкен әрі қауіпті миссиямен байланысады.

Фильмде жеті қылмыскердің басын қосқан құпия тапсырма, Семей полигоны және ядролық сынаққа байланысты оқиғалар суреттеледі.

Бірақ фильмнің барлық құпиясын алдын ала ашып қоюға болмайды. Өйткені картинаның негізгі қызығы – жеті адамның қауіпті тапсырманы қалай орындайтынында.

Фильмнің атауындағы «7» саны да кездейсоқ емес. Көрермен әртүрлі мінезі мен тағдыры бар жеті кейіпкермен танысады. Олар – мінсіз батырлар емес. Керісінше, қылмыстық әлемнен шыққан адамдар. Бірақ фильм барысында олардың кәсіби шеберлігі мүлде басқа мақсатқа қажет болады.

Оқи отырыңыз