Әскери борышын абыроймен өтеген жүздеген жас енді жоғары білім алуға мүмкіндік алды. ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілеріне «Сарбаз 2.0» бағдарламасы бойынша білім гранттарының сертификаттары салтанатты түрде табысталды.
Мемлекет бастамасымен жүзеге асып жатқан жоба мерзімді әскери қызмет өткерген жастарды қолдауға, олардың білім алуына жағдай жасауға және әскери қызметтің беделін арттыруға бағытталған. Бағдарлама аясында биыл Ұлттық ұлан әскери қызметшілеріне 660-тан астам білім гранты бөлінген. Оның ішінде елордалық әскери бөлімдердің 14 сарбазына сертификаттар салтанатты түрде табысталды.
Айта кетерлігі, бұл көрсеткіш Ұлттық ұланның еліміздегі барлық күш құрылымдары арасындағы көшбасшылық орнын тағы бір мәрте айқындады. Бағдарламаға қатысуға мерзімді әскери қызметтегі сарбаздардың шамамен 60 пайызы ниет білдірген. Бұл жастардың білімге деген қызығушылығы мен кәсіби дамуға ұмтылысының жоғары екенін көрсетеді.
Сертификаттарды ҚР ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков табыстады. Ол бұл бастама әскери қызметін адал атқарған жастар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті.
Бүгін сертификат алған әрбір әскери қызметші бұл нәтижеге өз еңбегімен, табандылығымен және білімге деген ұмтылысымен қол жеткізді. Алдағы уақытта дәл осындай жастар білікті маманға, сұранысқа ие кадрға айналып, мемлекетіміздің дамуына өз үлесін қосатынына сенімдімін, – деді бас қолбасшы.
Бүгінде мемлекет Отан алдындағы борышын өтеген азаматтарды әлеуметтік қолдауға ерекше көңіл бөліп келеді. Осы мақсатта Қарулы Күштер, өзге де әскери құрылымдар мен жоғары оқу орындары арасында тығыз әріптестік орнатылған. Соның нәтижесінде грант иегерлері жоғары оқу орындарында тегін білім алып қана қоймай, шәкіртақы мен жатақханамен қамтамасыз етіледі.
Биыл бағдарламаға қатысуға еліміз бойынша төрт мыңға жуық мерзімді әскери қызметші өтініш берген. Байқау нәтижесінде жауынгерлік даярлықтағы жетістіктері, әскери тәртібі және қызмет барысында көрсеткен нәтижелері бойынша үздік танылған сарбаздар жеңімпаз атанды. Гранттарды бөлу қатысушылардың қорытынды рейтингі негізінде жүзеге асырылды.
Қазіргі уақытта Қазақстанның 70-тен астам жоғары оқу орны бағдарлама жеңімпаздарын оқуға қабылдау жөніндегі меморандумға қол қойған. Бұл бастама әскери қызметтен кейін жастардың білімін жалғастырып, болашақ мамандығын меңгеруіне нақты мүмкіндік беріп отыр.