«63 жастағы ойыншы»: түрлі буын өкілдері бір алаңда бас қосты

 El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ
Фото: El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Астанада «Бота» қолғанат орталығының ұйымдастыруымен өткен «Серпіліс» спорттық сайысы көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Биыл ауқымы кеңейген жарыста тәжірибелі спортшылар мен түрлі өңірден жиналған командалар бас қосып, тартысты ойын өрнегін көрсетті.

Дәстүрге айнала бастаған жобаның ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді. Былтыр жарысқа тек қыздар командаcы қатысса, биыл ер азаматтар да додаға қосылып, сайыстың көрігін қыздырды. Ұйымдастырушының айтуынша, мұндай шаралар қоғамдағы ауызбіршілік пен белсенді өмір салтын дәріптеуге ерекше ықпал етеді.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

«Бота» қолғанат орталығының жетекшісі Бота Баманның айтуынша, биыл сайыстың ауқымы кеңейген.

Биыл төрт команда бақ сынады. Волейболдан қыздар мен ерлер командалары жеке-жеке ойын көрсетті. Сонымен қатар теннис жарысы да ұйымдастырылды. Мақсатымыз – салауатты өмір салтын насихаттау, адамдарды спортқа баулу және достық қарым-қатынасты нығайту. Алдымызда халықаралық Отбасы күні келе жатыр, сондықтан бұл іс-шараны сол мерекемен де байланыстырып отырмыз, – деді орталық жетекшісі.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Спорттық бәсекеде республикалық жарыстардың жеңімпаздары мен тәжірибелі спортшылар бас қосты. Жоба алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

Биыл жарыс жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын. Қатысушылардың белсенділігі қуантты. Жалпы халықтың спортқа деген қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Командалар және қатысушылар саны да көбейіп жатыр, – деді орталық жетекшісі Бота Баман.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Командалар өзара мықты ойын өрнегін көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әсіресе, Нұрбол Сұлтан бастаған «Қаратөткел IT» мектеп-лицейінің командасы жоғары дайындық деңгейін байқатты. Сондай-ақ орталықтың бастамаларын үнемі қолдап жүретін «Сырластар» командасы да кәсіби волейболшылардан қалыспай, тартысты ойын көрсетті.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Бұдан бөлек, өзге өңірлерден арнайы келіп қатысқан «Достық» және «Бәйтерек» командалары жарыстың көркін қыздырып, достық пен бірліктің жарқын үлгісін танытты.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Теннистен әйелдер арасында II орын иеленген 63 жастағы астаналық Күлиза Текшілқызы бұл шараға алғаш рет қатысқанын айтты. Оның сөзінше, жарыс туралы қызы арқылы естіп келген.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Бүгін осы орталықтың ұйымдастырған іс-шарасына алғаш рет қатысып тұрмын. Волейбол мен теннис жарысы өтетінін естіп, арнайы келдік. Өте керемет әсер алдық, көңіл күйіміз көтеріліп қалды. Әсіресе жастардың көптеп қатысқаны қуантты. Бұл жарыстың басты ерекшелігі – жасқа шектеу қойылмағаны. Сол жағы ұнады. Алдағы уақытта үлкен кісілердің де белсенді қатысуына көбірек мүмкіндік жасалса деген тілегім бар. Осындай спорттық шаралар жиі ұйымдастырылып тұрса, тіпті жақсы болар еді, – дейді ол.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Жарыстың төрешісі, Астана қаласындағы №11 мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Жеңісбек Сахаба бұл спорттық шараның маңыздылығына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, ұйымдастырушылар тарапынан төрешілік ету ұсынысы түскен соң, қуана келіскен.

Бұл жарыс биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр екен. Осындай игі бастаманың бір бөлігі болғаныма қуаныштымын. Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Қатысушылардың ынтасы ерекше болды, бәрі көтеріңкі көңіл күймен келді. Бұрыннан спортпен айналысып жүргендері бірден байқалады. Қыздар мен жігіттер команда құрып, тартысты ойын көрсетті, – дейді төреші.

Ол алдағы уақытта да мұндай бастамаларға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Біз Астана көлемінде түрлі жарыстар ұйымдастырып жүрміз. Орталықтың жұмысын жақсы білеміз. Олар спортшыларға, өнер адамдарына қолдау көрсетіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үлес қосып келеді. Былтыр тек қыздар арасында өткен жарыс биыл ер азаматтардың қосылуымен ауқымын кеңейтті. Осындай жобалардың жылдан жылға дамып келе жатқаны қуантады, – деді төреші Жеңісбек Сахаба.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Жарысқа қатысушының бірі, жеке кәсіпкер Мейрамгүл Адаққызы мұндай спорттық шараның қоғам үшін маңызы зор екенін айтты. Оның сөзінше, «Бота» қолғанат орталығы ұйымдастырған іс-шараға алғаш рет қатысқанымен, ерекше әсер алған.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Бүгінгі шара өте жоғары деңгейде өтті. Салауатты өмір салтын насихаттайтын осындай бастамалар қазір аса қажет деп ойлаймын. Түрлі өңірден келген командалар бір-бірімен танысып, араласып, ортақ команда болып ойын көрсетті. Көңілді әрі тартысты өтті. Біз волейболдан құрама команда ретінде II орын алдық, – дейді ол.

Қатысушылардың айтуынша, «Серпіліс» тек спорттық жарыс қана емес, адамдар арасындағы сыйластықты арттырып, жаңа достық байланыстар орнатуға мүмкіндік берген ерекше алаңға айналды. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта жобаның ауқымын одан әрі кеңейтіп, дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отыр.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ
El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз