5G қай елдерде дамыған және Қазақстан бұл жарыста қай орында?

5G қай елдерде дамыған және Қазақстан бұл жарыста қай орында?
Фото: El.kz коллажы

2026 жылға қарай 5G технологиясы әлемнің көптеген елінде күнделікті байланыс жүйесінің бір бөлігіне айналды. Қыркүйек айындағы мәлімет бойынша, әлемде 5G желісіне қосылған абоненттер саны 3,1 миллиардтан асты. Тек 2026 жылдың алғашқы тоқсанында олардың қатары 162 миллион пайдаланушыға көбейген.

Сәуір айындағы дерекке сәйкес, әлем бойынша 392 оператор коммерциялық 5G желісін іске қосқан. Тағы 643 оператор технологияға инвестиция салып жатыр. Алайда бесінші буын байланысының даму қарқыны барлық мемлекетте бірдей емес: бірқатар елдерде жылдамдық гигабит деңгейіне жетсе, кей мемлекеттерде 5G әлі енгізілген жоқ.

5G әлемдік мобильді трафиктің жартысына жуық бөлігін қамтиды

2025 жылдың соңында 5G желілері әлемдегі барлық мобильді трафиктің шамамен 48 пайызын өңдеген. Сараптамалық болжам бойынша, 2031 жылға қарай бұл көрсеткіш 85 пайызға дейін өсуі мүмкін.

5G мобильді технологиялар тарихындағы ең жылдам дамып келе жатқан буын саналады. Дегенмен технологияның таралуы елдер арасында айтарлықтай ерекшеленеді.

Азия-Тынық мұхиты өңірі 5G инфрақұрылымын дамыту бойынша алдыңғы қатарда тұр. Оңтүстік Кореяда 5G қамту көрсеткіші 99 пайызға жуық болса, Дания, Нидерланд, Швейцария, Сингапур және Жапонияда бұл көрсеткіш 98-99 пайыз деңгейінде.

Қытай да бесінші буын байланысын енгізу бойынша жетекші мемлекеттердің бірі. Елде 1,2 миллиардтан астам 5G қосылымы бар. Бұл әлемдегі барлық 5G қосылымдарының жартысынан астамын құрайды.

Үндістан 5G бойынша қарқынын арттырды

Үндістан соңғы жылдары бесінші буын желісін енгізуде айтарлықтай ілгеріледі. Елде 500 миллионнан астам 5G жазылымы бар.

Үндістанның дамуында төмен жиілікті 700 МГц диапазонын пайдаланатын Reliance Jio стратегиясы және орта диапазондағы желілерді кеңейту маңызды рөл атқарды.

5G Standalone, яғни 4G ядросына тәуелсіз жұмыс істейтін технология бойынша Үндістан әлемдегі көшбасшылардың бірі саналады. Елдегі SA-трафиктің үлесі 49,2 пайызға жеткен.

5G Standalone бойынша әлемнің үздік ондығында Азия-Тынық мұхиты өңірінің алты мемлекеті бар. Олардың қатарында Қытай, Үндістан, Сингапур, Таиланд, Филиппин және Австралия орналасқан. Үздік ондыққа сондай-ақ БАӘ, Аустрия және Испания кірген.

АҚШ пен Еуропада жағдай қандай?

АҚШ 5G Standalone технологиясын қолдану бойынша әлемде үшінші орында. Елдегі SA-трафиктің үлесі 27,6 пайызды құрайды.

Еуропада жағдай біршама өзгеше. Еуропалық одақ елдерінде үй шаруашылықтарының 96,8 пайызы 5G желісіне қол жеткізе алады. Алайда жоғары жылдамдықты қамтамасыз ететін 3,4–3,8 ГГц диапазонының қамту деңгейі 74,8 пайыз шамасында.

Еуропалық желілердің едәуір бөлігі әлі де NSA архитектурасына негізделген. Бұл технология 5G радиожелісін пайдаланғанымен, 4G ядросына тәуелді.

Еуропалық одақтағы базалық станциялардың шамамен 20,9 пайызы ғана 5G Standalone технологиясын қолдайды. Салыстыру үшін, бұл көрсеткіш АҚШ-та 36,2, Қытайда 34,8, Жапонияда 26,3 және Оңтүстік Кореяда 26,2 пайыз.

Қазақстанда 5G қашан іске қосылды?

Қазақстан бесінші буын мобильді байланысын ТМД кеңістігіндегі алғашқы елдердің бірі ретінде коммерциялық пайдалануға 2023 жылы енгізді.

Елде 5G желісін кеңейту жұмыстары жалғасып жатыр. Алдағы жылдары технологияны республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарының барлығына жеткізу жоспарланған.

Қазақстанның телекоммуникация нарығы да тұрақты өсім көрсетіп келеді. 2025 жылы нарық көлемі 11,8 пайызға өсіп, 1,522 триллион теңгеге жеткен.

Нарықтағы өсімге интернет-трафик көлемінің артуы, цифрлық сервистерді тұтынудың көбеюі және телекоммуникациялық инфрақұрылымға салынған инвестициялар әсер еткен.

Қазақстан операторларының негізгі табыс көздерінің қатарында мобильді байланыс қызметтері бар. Оның үлесі жалпы кірістің шамамен 56 пайызын құрайды. Интернетке қолжетімділік қызметтерінің үлесі 12 пайызға жуық болса, ІТ-қызметтердің үлесі шамамен 8 пайыз.

Интернет жылдамдығы артып келеді

5G технологиясының таралуы мобильді интернет жылдамдығының өсуіне ықпал етуде. 2026 жылғы ақпандағы Speedtest деректеріне сәйкес, Қазақстан мобильді интернет жылдамдығы бойынша әлемде 49-орында болған.

Қазақстанда жоғары жылдамдықты интернетпен қамтуды кеңейтуге бағытталған «Қолжетімді интернет» жобасы да жүзеге асырылып жатыр. Жоспар бойынша 2027 жылға қарай ел аумағын жоғары жылдамдықты интернетпен толық қамту көзделген.

Оптикалық байланыс желілерін ауылдық елді мекендердің 90 пайызына дейін жеткізу жоспарланған. Қалған 10 пайызын спутниктік интернет арқылы қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Сонымен қатар операторлар 5G негізіндегі фиксирленген сымсыз қолжетімділік – FWA технологиясын дамытып жатыр. Бұл жүйе дәстүрлі кеңжолақты және спутниктік интернетке балама бола алады.

2026 жылдың басындағы мәлімет бойынша, Қазақстанда тіркелген кеңжолақты интернеттің орташа жылдамдығы шамамен 88 Мбит/с, ал мобильді интернеттің орташа жылдамдығы 99 Мбит/с деңгейінде.

Операторлар корпоративтік нарыққа бет бұруда

Қазақстанның мобильді байланыс нарығы бөлшек сегментте біртіндеп қанығуға жақындағандықтан, операторлар корпоративтік клиенттерге арналған қызметтерді дамытуға көбірек көңіл бөліп отыр.

5G және LTE негізіндегі шешімдер «ақылды қала» жобаларында, логистикада, өнеркәсіпте және цифрлық сервистерді біріктіру бағыттарында қолданылуда.

2024-2025 жылдары B2B қызметтер операторлар табысының үштен бірінен астамын қалыптастырған.

Осылайша, әлемде 5G-нің даму деңгейі әркелкі болғанымен, технологияның таралу ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді. Бір елдерде 5G толыққанды негізгі мобильді инфрақұрылымға айналса, енді бір мемлекеттер оны енді ғана енгізуге дайындалып жатыр. Қазақстанда бесінші буын желісі коммерциялық деңгейде жұмыс істеп, инфрақұрылымды кеңейту және интернет жылдамдығын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Оқи отырыңыз