Жаңалықтар

5 қазан кинопремьералары

Аптаның ең үздік кинопреьмералары киносыншы Ернар Бекенов көзімен 
5 қазан кинопремьералары
05.10.2017 12:35 1558

Бүгіннен бастап аптаның соңына дейін Дени Вильнёв пен оның жаңа картинасы туралы көп естіп, оқитын боласыздар. Әңгіме «Бегущий по лезвию 2049» туралы. Сондай-ақ Кейт Уинслет пен Идрис Эльба түскен қызық оқиғалы мелодрама, Босния соғысы кезінде қазына іздеген сарбаздар туралы боевик, 1980 жылғы Уимблдонның финал матчы туралы тарихи драма мен басқа да жаңа фильмдер шықты.

«Блэйд Раннер 2049» - Ридли Скоттың 1982 жылы шыққан, қазір культқа айналған әйгілі «Бегущий по лезвию» фантастикалық триллерінің жалғасы. Оқиғасы бірінші фильмнің сюжетінен кейін 30 жыл өткен соң өрбиді. Құл ретінде жасалған киборгтардың жаңа үлгісі көрсетіледі. Қоғамда адамдар мен репликант атанған саналы андроидтар арасындағы шиеленіс ушыға түседі. Бүкіл әлемге төнген қауіпті сезген полиция офицері Кей (Райан Гослинг) із-түссіз жоғалып кеткен Рик Декардты (Харрисон Форд) іздеп тауып, соның көмегіне жүгінбек болады. Сонымен қатар фильмде Дэйв Батиста, Робин Райт, Джаред Лето, Ана де Армас секілді актерлер бар.

Сиквел бірінші фильм сияқты культ статусына ие бола ала ма, оны уақыт көрсете жатар. Ал әзірге оған қатысты бастапқы пікірлер тіптен жаман емес.

«Между нами горы» фильмі, қанша жаттанды естілсе де, еркек пен әйелдің қарым-қатынасы туралы. Алайда сценаристер оқиға орнын қалың қар басқан таулардың арасына қойып, екеуінің қарым-қатынасын әуе апатынан аман қалып, елсіз мекенде қалып қойған жандардың экстремал жағдайы арқылы сынап көрмек болыпты. Бұл жерде бейнаныс еркек пен әйелдің аман қалуы өзара сенімге тәуелді. Ал сенім бір-бірін жақын тану арқылы ғана пайда болады.

Басты рөлдерде – британ актерлері Кейт Уинслет пен Идрис Эльба. Айтпақшы, бүгін Уинслеттің туған күні.

Люк Бессон өзі француз бола тұра және негізгі өндірістік тәжірибесі Еуропада іске асып жүргеніне қарамастан, фильмді бүкіл әлем жұртшылығына қызық болатындай етіп жасайтын мейкер екені белгілі. Сондықтан да оның компаниясы өндірген картиналар ағылшын тілінде түсіріледі және актерлерді де Голливудтан шақырады. «Безбашенные» - Бессонның осы принциптері бұлжытпай орындалған кезекті боевик.

Фильм оқиғасы 1995 жылы Босниядағы соғыс кезінде болады. Американың "Теңіз мысықтары" жасағының бес сарбазы арнайы тапсырмамен жүріп, жергілікті көлдің түбінде құны 300 миллион доллар болатын алтын қазына бар екенін біледі. Жауынгерлер босниялықтарға көмектескісі келеді. Сөйтіп бұйрықтан тыс және өз беттерімен су астынан әлгі қазынаны алып шықпақ болады. Қатерге бас тіккен "теңіз мысықтарында" 10 сағат қана уақыт бар.

Люк Бессон бұл жобаға сценарийші және продюсер ретінде қатысты. Басты рөлдерде «Оскарлы» Дж.К. Симмонс пен Салливан Степлтон. Білмейтіндер үшін - соңғы аталған актер «300 спартандықтың» екінші бөліміне түсті.

Дания мен Швеция мамандары бірігіп, теннис тақырыбында тарихи картина шығарыпты. «Борг/Макинрой» спорт драмасы өмірде болған оқиғаның экранизациясы. Әңгіме 1980 жылғы Уимблдонның финалында кездескен швед Бьорн Борг пен америкалық Джон Макинрой туралы. Швед теннисшіні Сверрир Гуднасон, америкалық теннисшіні Шайа ЛаБаф ойнайды.

«Дом моих кошмаров» - хоррор жанрында жұмыс істейтін америкалық фильммейкер Джеймс Каллен Брэссактың жаңа туындысы. Фильмде анасы қайтыс болған соң бала кезінде тұрған үйіне көшіп келген Клэр есімді әйел мен оның жары туралы айтылады. Клэрдің балалық шағында ауыр күндер көп болған еді. Сондай жалғыздықтан жапа шегіп жүрген кезінде ол Бетани деген құрбыны өзіне ойлап тапқан. Баяғыда ұмыт болған қиялдағы сол қыз қайтып оралады.

Ресей киносындағы жас жұлдыздардың біршамасының басын қосқан «Жизнь впереди» комедиясы түлектер кездесуі туралы оқиғаны баяндайды. Араға 15 жыл салып сыныптастар бас қосады. Әңгіме қыза келе ескі құпиялар мен жасырын реніштер, ғашық болу хикаялары мен бүкпе сырлар ашылып, арты күтпеген нәтижеге алып келеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға