Қытайдың Тяньцзинь қаласында салынып жатқан Tianjin 117 зәулім ғимаратында әлемдегі ең биік лифтілер орнатылады.
Otis компаниясы шығарған екі SkyRise жеделсатысы 597,2 метр биіктікте орналасады. Олар жолаушыларды ғимараттың шолу алаңына жеткізеді. Бұл туралы Guinness World Records ресми сайтында хабарланды.
Otis компаниясы Tianjin 117 ғимаратының лифт және эскалатор жабдықтарын жеткізетін жалғыз мердігері саналады. Компания зәулім ғимаратқа жалпы саны 266 лифт пен эскалатор орнатып, оларды құрастыруға және іске қосуға қажетті инженерлік қызметтерді де көрсетіп жатыр.
Әлемдегі ең биік лифтілер қалай жұмыс істейді?
SkyRise лифтілері өте биік ғимараттарда жолаушыларды жылдам әрі жайлы тасымалдауға арналып жасалған. Кабиналарының дыбыс өткізбейтін қабырғалары бар, ал сыртқы пішіні ауа кедергісін азайтатындай етіп жобаланған.
Инженерлер лифт кабиналарын әзірлеу кезінде аэродинамикалық есептеулер жүргізіп, арнайы аэродинамикалық құбырда сынақтан өткізген. Мұның арқасында лифт жоғары жылдамдықпен қозғалғанда пайда болатын желдің шуын азайтып, ауа қысымының күрт өзгеруінен туындайтын жайсыздықтың алдын алуға болады.
Лифтілердің қуатты жетектері, басқару жүйелері мен аса берік болат арқандары ауыр жүкті үлкен биіктікке жоғары жылдамдықпен көтеруге мүмкіндік береді. Ал Otis ReGen технологиясы лифт тежелген кезде пайда болатын энергияны ғимараттың электр желісіне қайта береді. Бұл электр қуатын үнемдеуге көмектеседі.
Бұған қоса, лифтілердің жұмысын нақты уақыт режимінде бақылайтын интеллектуалды жүйелер орнатылған. Олар жолаушылар ағынын реттеп, жабдықтардың жағдайын үздіксіз қадағалайды. Жиналған деректер негізінде техникалық қызмет көрсету қажеттілігі алдын ала анықталады. Соның арқасында лифт жұмысының тұрақтылығы сақталып, істен шығу қаупі азаяды.
Tianjin 117 ғимараты қандай нысан?
Tianjin 117 – Қытайдың Тяньцзинь қаласында салынып жатқан аса биік зәулім ғимарат. Жоба толық аяқталған кезде оның жоғары қабаттарының бірі Қытайдағы пайдалануға берілген нысандар арасындағы ең биік қабат деңгейі болмақ. Сонымен қатар ғимаратқа орнатылған лифтілер де биіктігі жөнінен әлемдік рекорд жаңартуs тиіс.
Құрылысты 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жоба биік ғимараттар салу мен лифт жасау саласындағы озық технологияларды танытатын ірі инженерлік нысан болмақ.
Айта кетейік, Tianjin 117 лифтілерінің әлемдегі ең биік лифтілер атанатынын бұған дейін Council on Vertical Urbanism ұйымы да растаған. Ал кейін Guinness World Records бұл жетістікті ресми түрде тіркеді. Ұйым сонымен қатар ғимараттағы пайдалануға берілетін қабат деңгейі Қытайдағы ең биік көрсеткіш болатынын да растаған.