590 мың қазақстандықтың айыппұлы кешірілді: тізімде кім бар

590 мың қазақстандықтың айыппұлы кешірілді: тізімде кім бар
Фото: El.kz

Қазақстанда әкімшілік рақымшылық аясында 590 мыңнан астам азамат әкімшілік айыппұл төлеуден босатылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді. 

Ведомствоның мәліметінше, 1 шілдеде Мемлекет басшысы жаңа Конституцияның қабылдануына орай жарияланған рақымшылық туралы заңға қол қойған болатын.

Рақымшылық шамамен 590 мың адамға қатысты қолданылды. Соның нәтижесінде жалпы сомасы 22 миллиард теңгеден асатын 1,3 миллионнан астам әкімшілік жаза бойынша өндіріп алу тоқтатылды.

ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденовтің айтуынша, рақымшылық – бір реттік ізгілік шарасы және ол болашақта жасалатын құқық бұзушылықтар үшін жауапкершіліктен босатпайды.

Егер азаматтар қайтадан құқық бұзушылық жасаса, олар заңнамаға сәйкес толық көлемде жауапқа тартылады. Ішкі істер министрлігі тұрғындарды заң талаптарын сақтауға, өзгенің құқығын құрметтеуге шақырады. Жауапкершіліктен құтылудың ең тиімді жолы – құқық бұзушылық жасамау. "Заң және тәртіп" қағидатын сақтау – қауіпсіз әрі әділетті қоғамның негізі, – деді Мұрат Қабденов.

Әкімшілік рақымшылық кімдерге қатысты?

Әкімшілік айыппұлдардан:

  • азаматтар;
  • жеке кәсіпкерлер;
  • нотариустар;
  • адвокаттар;
  • жеке сот орындаушылары;
  • заң консультанттары босатылады.

Әңгіме заң күшіне енген кезде әлі орындалмаған және уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыретіне жататын әкімшілік айыппұлдар туралы болып отыр.

Қандай айыппұлдарға рақымшылық қолданылмайды?

Рақымшылық соттар салған әкімшілік айыппұлдарға, азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құқық бұзушылықтар үшін салынған айыппұлдарға қолданылмайды.

Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы әкімшілік рақымшылық. Ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 260-тан астам бабы бойынша салынған айыппұлдарды төлеуден босатуды көздейді.

Министрлік әкімшілік және қылмыстық рақымшылықтың екеуі де бір реттік сипатқа ие екенін еске салды. Егер рақымшылыққа іліккен адам қайтадан құқық бұзса, оған жалпы тәртіппен жауапкершілік жүктеледі.

Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкімшілік рақымшылық жариялау туралы бастаманы жаңа Конституцияның қабылдануына арналған іс-шарада көтерген болатын. Мемлекет басшысы бұл шара азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қауіп төндірмейтін құқық бұзушылықтарға ғана қатысты екенін атап өткен еді.

Оқи отырыңыз