Қазақстанда кино суретшісінің еңбегі әлі де толық бағаланбайды – Бекен Нарбай

 коллаж El.kz
Фото: коллаж El.kz

Фильмнің атмосферасын актерлер ғана емес, әрбір үй, көше, декорация мен ұсақ деталь да қалыптастырады. Көрермен экраннан дайын дүниені көргенімен, оның артында айлар бойғы еңбек жатады. «Бизнес по-казахски», «Келинка Сабина», «Qaitadan» секілді көптеген танымал фильмдердің қоюшы-суретшісі болған Бекен Нарбаймен фильмнің визуалды әлемі қалай жасалатынын, түсірілімдегі қиындықтар мен қазақ киносының дамуы жайында әңгімелестік.

– Қоюшы-суретші ретінде атсалысқан «Qaitadan» фильмі Орталық Азияның үздік фильмі атанып, прокатқа шыққаннан кейін үш апта ішінде миллиард теңге табыс жинады. Түсірілім кезінде бұл фильмнің осындай үлкен жетістікке жететінін сездіңіздер ме?

Фильм туралы әлі де көп нәрсе айтуға болады. Түсірілім барысында көптеген қиындық болды. Бірақ соның бәрінің жемісі шығар деп ойлаймын, жақында ғана Қырғызстанда өткен кинофестивальде фильміміз Орталық Азияның үздік фильмі атанды.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Шынымды айтсам, түсірілім кезінде бұл фильм прокаттан бір миллиард немесе одан да көп табыс табады деп ешқашан ойлаған жоқпын. Бірақ бір нәрсеге сендім – фильм халықтың көңілінен шығады деп үміттендім. Бақытымызға орай сол сенім ақталды.

– «Qaitadan» фильмін түсіру кезінде ауылдың макетін жасаған екенсіздер. Оған қанша уақыт кетті? Несімен қиын болды?

Фильмнің негізгі түсірілімі Алматыдан шамамен 120 шақырым жердегі Дегерес ауылында өтті. Біз түсірілім жасалған үйді ғана емес, сол көше бойындағы бірнеше үйді де дронмен жан-жақты түсіріп алдық. Барлық өлшемін алып, кейін сол көшенің дәл көшірмесін макет түрінде жасадық.

Біз компьютерлік графикаға барынша аз жүгінуге тырыстық. Фильмнің шынайы көрінуі біз үшін өте маңызды еді. Сондықтан бәрін қолмен жасадық. Әр үйдің макетінің биіктігі шамамен 130-150 сантиметр аралығында болды.

Ал макеттерді өзеннің бойында жасаудың да өзіндік себебі бар. Бұл шешімге декораторлармен және продюсерлермен ақылдаса отырып келдік. Себебі фильмде үлкен көлемдегі су ауылды басып қалатын маңызды эпизод бар еді.

Сол көріністі барынша шынайы түсіру үшін макеттің жоғары жағына арнайы үлкен су қоймасын жасадық. Оның ішіне шамамен 250 текше метр, яғни 250 тонна су жинадық. Түсірілім кезінде қойманың барлық қақпасын бір мезетте ашып, суды төмен қарай жібердік. Нәтижесінде ауылды су шайып кететін көріністі компьютерлік графикасыз, нақты судың көмегімен түсірдік.

Макет жасау барысындағы ең үлкен қиындық ауа райы еді. Себебі оны жабық павильонда емес, ашық аспан астында, өзеннің жағасында жасадық. Жалпы жұмысқа екі айға жуық уақыт кетті. Негізі оны екі аптаның ішінде аяқтап, түсірілімді де бітіре алатын едік. Бірақ табиғат өз дегенін жасады: күн сайын дерлік жел соқты, жаңбыр жауды, кейде бұршақ та жауды. Аптап ыстық та жұмысқа кедергі болды.

2024 жыл Алматы өңірінде жаңбыр ерекше көп жауған жылдардың бірі болды. Біз де дәл сол кезеңде түсірілім жүргізгендіктен, біраз қиындық көрдік. Бұл тек макет жасауға ғана емес, жалпы фильмнің барлық түсіріліміне әсер етті. Ауылдағы көріністерде де, даладағы эпизодтарда да ауа райы жұмысты бірнеше рет тоқтатуға мәжбүр етті.

– Сіздің кино саласында жүргеніңізге 17 жылдан асты. Осы уақыт ішінде қазақ киносының талай кезеңін көрдіңіз. Бүгінгі қазақ киносынан қандай өзгерістерді байқайсыз? Біз неден ұтып, неден ұтылдық?

Иә, кино саласында жүргеніме он жеті жылдан асты. Мен алғаш кино индустриясына келген кезде қазақ киносы өте аз түсірілетін. Жылына ары кетсе бес-алты фильм ғана шығатын.

Қазір, шүкір, жағдай мүлде өзгерді. Жыл сайын жүздеген фильм түсіріледі. Апта сайын екі-үш қазақ фильмінің тұсаукесері өтіп жатады. Кинотеатрлардағы көрсетілімдердің басым бөлігін бүгінде өзіміздің отандық туындылар құрайды. Бұл – қазақ киносының үлкен жетістікке жетіп келе жатқанының айқын белгісі.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қазақ киносы қазір өте қарқынды дамып келеді. Бұл өсім тек Қазақстанның ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де байқалады. Соңғы жеті-сегіз жыл ішінде шетелде түсірілім жасау мүмкіндігі айтарлықтай артты. Сонымен қатар, Қазақстанға келіп кино түсіруге қызығушылық танытып отырған әлемдік ірі продюсерлік және кино компанияларының саны да көбейіп келеді. Олар біздің елде фильмдер түсіріп, жергілікті мамандармен бірге жұмыс істеп жатыр. Әріптестеріме айтарым, біз олармен өте адал жұмыс істеуіміз керек. Еңбегімізді адал әрі шынайы атқарсақ, ол компаниялар басқа да алпауыт комнаниялардың Қазақстанға келуіне және еліміздің әсем табиғатын әлемге көрсетуіне себепкер болары анық.

Шетелдік кино компанияларымен бірлесіп жұмыс істеу, тәжірибе алмасу – біз үшін үлкен мүмкіндік әрі үлкен мектеп. Біз ешкімнен қалып жатқан жоқпыз. Керісінше, қарқынды дамып келеміз. Осындай бағыттан таймасақ, алдағы уақытта қазақ киносының халықаралық деңгейдегі жетістіктері бұдан да арта түсетініне сенемін.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Көрермен экраннан қаншама еңбектің дайын нәтижесін көреді. Ал сіз бір фильмнің атмосферасын жасау үшін жұмысты неден бастайсыз?

Фильмнің атмосферасын қалыптастыру жұмысы мен үшін режиссермен кездесуден басталады. Сценарийді оқымас бұрын міндетті түрде режиссермен сөйлесемін. Ең алдымен оның ойын тыңдаймын: ол қандай фильм түсіргісі келеді, қандай көңіл күйді жеткізгісі келеді, көрерменге қандай әсер қалдырғысы келеді.

Содан кейін ғана сценарийді алып, мұқият оқып шығамын. Оқыған кезде режиссердің көзқарасын өз идеяларыммен салыстырып, болашақ фильмді көз алдыма елестетемін. Сол кезде өзімнің де ұсыныстарым мен шығармашылық ойларым пайда бола бастайды.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Одан кейін зерттеу кезеңі басталады. Егер фильм шынайы оқиғаға негізделсе, сол оқиғаларды, сол кезеңді және нақты өмірдегі кейіпкерлерді зерттеймін. Интернеттен материалдар іздеймін, архивтер қараймын. Сонымен қатар тақырыбы, атмосферасы немесе стилі ұқсас фильмдерді қайта қарап шығамын.

Бірақ мен бір бағытпен ғана шектелмеймін. Барлығын жан-жақты зерттеуге тырысамын. Кейіпкерлердің киім үлгісі қандай болған, операторлық шешімдер қалай құрылған, қандай ракурстар кейіпкердің мінезін жақсы ашады, жарық қалай қойылған, кадрдағы түстер палитрасы қандай – мұның бәрі фильмнің атмосферасына тікелей әсер етеді. Сондықтан түсірілім басталғанға дейін осының бәрін мұқият зерттеймін.

Жұмыс осылай басталады. Одан кейін дайындық кезеңіне көшеміз. Ол жобаның жанры мен бюджетіне байланысты бір айдан екі айға дейін созылуы мүмкін. Ал тарихи фильмдерде дайындық үш-төрт айға, кейде одан да ұзақ уақытқа жалғасады. Себебі мұндай жобаларда әрбір деталь тарихи шындыққа сай болуы керек.

– Сценарийді оқып отырып, «мынаны экранға қалай шығарамыз?» деп бас қатыратын кездер бола ма? Әдетте сіз үшін жұмыстың ең қиын тұсы қайсы?

Жоғарыда айтып өткен «Qaitadan» фильмінің сценарийін оқып отырып-ақ, ең көп ойландырған тұстардың бірі – ауылды су басатын көріністі қалай түсіретініміз болды. Сол сахнаны мүмкіндігінше шынайы көрсету үшін талай рет ақылдастық, түрлі шешімдер қарастырдық.

Макет қандай көлемде болуы керек? Оны толық басу үшін қанша су қажет? Сол көлемдегі суды қайдан және қалай жинаймыз? Мұның бәрі алдын ала мұқият есептеуді талап етті.

Осындай техникалық әрі шығармашылық сұрақтар өте көп болды. Әрбір шешімнің артында ұзақ талқылау, есептеу және тәжірибе тұрды. Бірақ соның нәтижесінде ауылды су шайып кететін сахнаны барынша табиғи әрі нанымды етіп түсіре алдық.

– Осы уақытқа дейін қажетті заттарды, декорацияны немесе локацияны іздеу барысында қандай қызық не қиын жағдайға тап болдыңыз?

2022 жылы тарихи «Остров Возрождения» фильмін түсірдік. Түсірілімнің бір бөлігі Маңғыстау облысындағы Тұзбайырда өтті. Бұл – қаладан өте алыс орналасқан, маңайында елді мекен де жоқ, табиғаты ерекше жер.

Сол себепті түсірілім оңай болған жоқ. Бірақ дәл сол қиындықтар жұмыстың ең қызықты сәттеріне айналды. Біз Тұзбайырдың өзінде бір аптаға жуық палаткаларда тұрып, фильм түсірдік. Өркениеттен алыс жерде жұмыс істеу, табиғат жағдайына бейімделу – бүкіл түсірілім тобы үшін ерекше тәжірибе болды. Осындай сәттер кино түсірудің сырт көзге көріне бермейтін, бірақ ең есте қалатын бөліктерінің бірі деп ойлаймын.

– Өз тәжірибеңізде бірге жұмыс істеген ең танымал шетелдік маман немесе жоба қайсы болды?

2011 жылдың жаз және күз айларында Алматы қаласы мен Алматы облысында халықаралық ауқымды кино жоба түсірдік. Бұл мен үшін де, жалпы отандық кино саласы үшін де ерекше тәжірибе болды.

Фильмге Голливудтан келген Арманд Ассанте, Кэри-Хироюки Тагава, Питер О’Тул, Майкл Мэдсен, Томми Листер, Дон Уилсон секілді бірқатар танымал актер түсті. Солардың ішінде ең белгілісі – Питер О’Тул. Ол – кино әлеміндегі ең беделді «Оскар» сыйлығына сегіз рет ең үздік актер атанып номинант болған әлемге әйгілі актер.

Қысқаша айтқанда, бұл жоба бізге халықаралық деңгейдегі актерлармен бірге жұмыс істеп, олардың тәжірибесін көзбен көріп, кәсіби тұрғыдан көп нәрсе үйренуге үлкен мүмкіндік берді.

– Отандық және шетелдік фильмдердің ішінде қоюшы-суретшінің жұмысы ерекше әсер қалдырған туындылар бар ма? Қай фильмдерді үлгі ретінде атар едіңіз?

Алғашқы сұраққа қайта оралсам, «Qaitadan» фильмі туралы әлі де көп нәрсе айтуға болады дегенім бекер емес. Бұл фильмде өте ерекше техникалық шешімдер қолданылды. Біз тек ауылдың макетін ғана жасаған жоқпыз, сонымен қатар дамбаның да толыққанды макетін құрастырдық.

Оны жасау өз алдына үлкен жоба болды. Макеттің механизмі, инженерлік есептері – бәрі ұзақ уақыт бойы дайындалды. Оның ішіне шамамен 50 тонна су жиналды. Ең қиыны – сол судың екі күн бойы бір тамшысы да ақпай тұруын қамтамасыз ету еді. Макет жер бедеріне арнайы еңістікпен орналастырылды, сондықтан суды ұзақ уақыт қауіпсіз сақтайтын жүйені ойлап табуға тура келді. Осындай инженерлік шешімдердің барлығын әзірлеу әрі қызықты, әрі өте жауапты жұмыс болды.

Ал екінші ерекше жоба – өткен жылы, яғни 2025 жылдың қысында Ақан Сатаев ағамен бірге түсірген толықметражды «Күлпәш» фильмі. Бұл туынды Бейімбет Майлиннің әйгілі әңгімесінің желісі бойынша түсірілді.

Осы фильмде қоюшы-суретші ретінде еңбек еткеніме ерекше қуанамын. Сонымен қатар Ақан Сатаевпен бірге жұмыс істеу мен үшін үлкен мектеп болды. Сол жобада кәсіби тұрғыдан мол тәжірибе жинадым.

«Күлпәш» фильмін ерекше жақсы көруімнің себебі – шағын ғана әдеби шығарманың негізінде көрерменге әсер ететін, терең мағыналы толықметражды фильм түсіре алдық деп ойлаймын.

– Фильмнің сәтті шығуына ондаған маман еңбектеніп, үлес қосады. Алайда көп жағдайда көрермен актер мен режиссерді ғана танып жатады. Ал қоюшы-суретшінің еңбегі көбіне тасада қалады. Сіздің ойыңызша, бұл мамандықтың рөлі мен маңызы жеткілікті деңгейде бағаланып жүр ме?

Фильмді бекерден бекер «кино картина» деп атамайды. Себебі экрандағы әрбір кадр – өз алдына жеке бір картина. Сол кадрдың әдемі әрі әсерлі шығуы тек режиссер мен оператордың ғана еңбегі емес. Онда қоюшы-суретшінің де үлесі өте зор.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қоюшы-суретші фильмнің көркемдік әлемін қалыптастырады. Ол кеңістікті, түстерді, декорацияны, реквизитті, жалпы көрермен экраннан көретін ортаны жасайды. Осындай ұсақ көрінетін бөлшектердің барлығы бірігіп, фильмнің атмосферасын құрайды.

Өкінішке қарай, Қазақстанда кино суретшісінің еңбегі әлі де толық бағаланып жатқан жоқ деп ойлаймын. Көп жағдайда бұл мамандықтың маңызын екінші орынға ысырып қояды.

Сондықтан продюсерлерге айтарым – қоюшы-суретшіні дұрыс таңдаңыздар және оның еңбегін лайықты бағалаңыздар. Егер фильміңіздің өзіндік стилі, жанрына сай көркемдік шешімі және есте қалатын визуалды бейнесі болғанын қаласаңыз, онда кино суретшісінің жұмысына ерекше мән беру қажет. Өйткені жақсы фильм тек жақсы оқиғамен ғана емес, көрерменнің жадында қалатын көркем бейнесімен де ерекшеленеді.

– Соңғы жылдары жасанды интеллект кино өндірісіне де ене бастады. Бұл технология сіздердің жұмыстарыңызды қаншалықты өзгертіп жатыр? Болашақта ЖИ қоюшы-суретшінің орнын басуы мүмкін бе?

Жасанды интеллект қоюшы-суретшінің, шығармашылықтың орнын баспайды. Ол адамның қиялы мен ойын алмастыра алмайды, тек суретшінің жұмысын жылдам жүзеге асыруға көмектеседі.

– Қоюшы-суретші болу үшін қандай мамандық оқу керек? Бұл мамандық қаншалықты сұранысқа ие?

Бірде режиссер Рашид Сүлейменов екеуміз бірге фильм түсіріп жүргенде маған бір сөз айтқан еді. Ол: «Бекен, білесің бе, қоюшы-суретші сценарийді кейде режиссердің өзінен де терең білуі керек», – деген болатын. Сол сөз менің есімде мәңгі қалып қойды.

Менің ойымша, кино суретшісі болу үшін ең алдымен табиғи дарын мен көркемдік талғам қажет. Бірақ мұнымен ғана шектелмейді. Бұл мамандық ең алдымен сезіммен байланысты.

Сценарийді оқып отырғанда әрбір кейіпкерді іштей сезіне білуің керек. Ол кім? Бұрын қандай өмір сүрген? Қазір немен айналысады? Не туралы ойлайды? Мінезі қандай? Қалай сөйлейді, қалай жүреді? Қандай киім киеді? Қандай заттарды ұнатады? Оның күнделікті өмірі қандай? Осындай сұрақтардың бәріне жауап іздейсің.

Көпшілік мұны тек режиссердің немесе актердің жұмысы деп ойлауы мүмкін. Бірақ қоюшы-суретші үшін де мұның бәрі өте маңызды. Себебі кейіпкердің өмірі оның өмір сүретін кеңістігінен, үйінен, қолданатын заттарынан, айналасындағы ортадан көрініс табады.

Сондықтан кино суретшісі ең алдымен сезіне білуі керек. Егер сен кейіпкерді сезіне алсаң, оның әлемін де көрерменге шынайы жеткізе аласың.

– Бұл салаға қалай келеді және жастар алғашқы жұмыс тәжірибесін қайдан бастаған дұрыс?

Өкінішке қарай, Қазақстанда қоюшы-суретші мамандығына арнайы дайындайтын факультет немесе оқу бағдарламасы жоқтың қасы. Бұл – кино саласы үшін үлкен олқылық деп ойлаймын. Себебі кино суретшісі – фильмнің көркемдік әлемін қалыптастыратын негізгі мамандардың бірі.

Дегенмен осы уақытқа дейін мен елуден астам ассистентпен бірге жұмыс істедім. Қуантатыны – олардың жартысынан көбі бүгінде кино саласында еңбек етіп жүр. Сондықтан оларды өз шәкірттерім деп айтуға толық негізім бар.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Егер киноға шын қызығатын, болашақта қоюшы-суретші болғысы келетін жастар болса, маған хабарласуына болады. Мен оларды тәжірибеден өткізуге, түсірілім алаңына алып баруға және кино өндірісінің барлық кезеңімен таныстыруға дайынмын.

– Көпшілік кино саласын шығармашылықпен байланыстырады. Ал қоюшы-суретші мамандығының қаржылық жағы қандай? Бұл кәсіппен тұрақты әрі жақсы табыс табуға бола ма?

Кино саласында еңбек етіп жүргеніме көп жыл болды. Осы уақыт ішінде бұл мамандықтың арқасында жағдайым жаман болған жоқ. Мен киноны тек шығармашылық емес, сонымен қатар кәсіби жұмыс және кәсіп ретінде қабылдаймын.

Осы еңбектің арқасында өзіме көлік, Алматыдан пәтер сатып алдым. Отбасыммен бірге шетелге де саяхаттап тұрамыз.

Сондықтан кино саласында, оның ішінде қоюшы-суретші мамандығында да адал еңбек етіп, кәсіби деңгейіңді үнемі дамытып отырсаң, бұл мамандық жақсы табыс табуға да мүмкіндік береді деп ойлаймын. Бір жұмысты тиянақты әрі адал істесең, табысың арта беретіні сөзсіз.

– Жас режиссер немесе продюсер фильм түсіргісі келсе, жақсы қоюшы-суретшіні қайдан табады, қандай критерий бойынша таңдайды?

Қоюшы-суретшіні, жалпы түсірілім тобын таңдау – ең алдымен продюсердің міндеті. Көп жағдайда мамандарды продюсер бекітеді. Ал кейде режиссер бұрын бірге жұмыс істеп, жақсы тәжірибе қалыптасқан мамандарын ұсынады. Егер продюсер де келіссе, сол шығармашылық құрам қайтадан бірге жұмыс істейді.

Бірақ, менің ойымша, мәселе кино суретшісін табуда емес. Ең қиыны – өз ісін терең білетін, фильмнің көркемдік әлемін жасай алатын нағыз қоюшы-суретшіні табу.

Өйткені кино суретшісі декорация жасап қана қоймайды. Ол фильмнің атмосферасын, көркемдік стилін және көрермен көретін бүкіл визуалды әлемді қалыптастырады. Сондықтан бұл мамандықта тәжірибе, талғам және шығармашылық ойлау аса маңызды. Продюсер осындай критерийлер бойынша таңдайды.

– Қазір қандай фильм немесе сериалдың жұмысымен айналысып жатырсыз? Оқырмандармен әзірге бөлісе алатын қандай жаңалығыңыз бар?

Биыл да жылдағыдай жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Кино жобалары көп, сондықтан түсірілім мен дайындық жұмыстары бір сәтке де тоқтаған жоқ.

Қазір толықметражды көркем фильмнің дайындық кезеңіндеміз. Егер бәрі жоспар бойынша болса, алдағы аптада негізгі түсірілімді бастаймыз.

Сонымен қатар күз мезгіліне жоспарланған тағы бір үлкен жоба бар. Ол – Ақан Сатаев ағамыздың жаңа толықметражды көркем фильмі. Қазір сол жобаға да қатар дайындалып жатырмыз.

Жалпы биыл шығармашылық тұрғыдан өте қарқынды өтіп жатыр. Бір жоба аяқталмай жатып, келесісінің дайындық жұмыстары басталып кетеді. Бұл – қазақ кино өндірісінің қарқынды дамып келе жатқанының белгісі.

– Кино саласында әлі орындалмаған ең үлкен арманыңыз қандай?

Кино саласындағы орындалмаған армандарымның бірі – Қазақстанда, нақтырақ айтқанда, Алматының маңында халықаралық деңгейдегі үлкен киноқалашық пен кино павильондарын салу.

Менің арманым – бір жерде әртүрлі дәуір мен мәдениетті бейнелейтін тұрақты декорациялар тұрғызу. Мысалы, ортағасырлық қазақ қалалары мен ауылдары, сондай-ақ көршілес халықтардың – өзбек, орыс, парсы, араб және қытай сәулет үлгісіндегі шағын қалашықтары салынса деймін.

Мұндай кешен тек кино түсіруге ғана қызмет етпеуі керек. Ол әлемнің түкпір-түкпірінен келетін режиссерлер мен продюсерлер үшін де тартымды шығармашылық орталыққа айналуы мүмкін. Сонымен қатар бұл жер Қазақстанның туризмін дамытуға да үлкен үлес қосар еді.

Менің ойымша, мұндай жоба кино индустриясының ғана емес, ел экономикасы мен мәдениетінің дамуына да серпін береді. Сондықтан болашақтағы ең үлкен мақсаттарымның бірі – осы арманды жүзеге асыру.

Оқи отырыңыз