536 нысаннан тарихи жеңістерге дейін: Қазақстан спорты қалай өзгерді?

536 нысаннан тарихи жеңістерге дейін: Қазақстан спорты қалай өзгерді?
Фото: ҰОК

Қазақстанда соңғы жылдары спорт саласын дамытуға, заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға, бұқаралық және балалар-жасөспірімдер спортын қолдауға, сондай-ақ жоғары жетістіктер спортының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға айрықша көңіл бөлініп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында өңірлерде жаңа спорт нысандары салынып, инклюзивті спортты дамытуға жағдай жасалуда. Бұл жұмыстар қазақстандық спортшылардың халықаралық аренадағы нәтижелерінің артуымен қатар жүріп отыр.

Жеті жылда 536 жаңа спорт нысаны салынды

Соңғы жеті жылда Қазақстанда 536 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде халықтың спорт ғимараттарымен қамтамасыз етілу деңгейі 15,6 пайызға өсіп, 44 пайыздан 59,6 пайызға жетті.

Бүгінде еліміздің спорт инфрақұрылымында 26 518 нысан бар. Оның 24 321-і мемлекеттік, ал 2 197-сі жекеменшік нысандар. Олар ашық және жабық үлгідегі 20 негізгі спорт нысаны түрін қамтиды. Олардың қатарында стадиондар, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, бассейндер, теннис корттары, есу арналары, велотректер, шаңғы базалары және басқа да мамандандырылған нысандар бар.

Сонымен бірге 75 жылдам салынатын спорт нысаны іске қосылды. Өңірлердегі спорт инфрақұрылымын одан әрі дамыту мақсатында жеке инвестицияларды тартуға арналған Жол картасы әзірленіп, жаңа нысандарды жобалау мен салу кезінде қолжетімділік пен әмбебаптықтың заманауи стандарттары енгізілуде.

2025 жылдан бастап спорт нысандарын салуға қайтарылған активтер есебінен құрылған Арнайы мемлекеттік қордың қаражаты бағыттала бастады. Ал биыл спорт инфрақұрылымын дамытуға Инфрақұрылымды дамыту қоры арқылы қаржы бөлу басталды.

2019 жылдан бері елде бірқатар ірі спорт кешендері бой көтерді. Олардың қатарында Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайы мен «Қазақстан» жеңіл атлетика спорт кешені, Қостанайдағы мұз сарайы бар.

Алматы облысында ұлттық құрама командалары мен олимпиадалық резервті даярлауға арналған Республикалық олимпиадалық даярлық базасы пайдалануға берілді.

Өңірлерде жеңіл атлетика, ауыр атлетика, волейбол, баскетбол, гандбол, футзал, шайбалы хоккей, конькимен жүгіру, көркем және спорттық гимнастика, бокс, күрес түрлері, су спорттары, нысана көздеу және садақ ату секілді спорт бағыттарын дамытуға жаңа мүмкіндік туды.

Қызылорда қаласында 11 мың көрерменге арналған, жабыны УЕФА талаптарына сай келетін заманауи стадион іске қосылды. Түркістанда мұз сарайы, теннис орталығы және халықаралық деңгейдегі есу арнасы пайдалануға берілді. Бұл нысандар есу спорттарын ғана емес, өңірдегі спорттық туризмді де дамытуға мүмкіндік береді.

Елімізде инклюзивті спорт инфрақұрылымын қалыптастыруға да ерекше мән берілуде. 2025 жылы Ақтөбе қаласында «Қуат» инклюзивті спорт кешені ашылды. Аумағы 4 855 шаршы метр нысан Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қорының демеушілік қолдауымен салынған. Кешен бір күнде 500 адамға дейін қабылдай алады. Мұнда 25 метрлік бассейн, әмбебап және күрес залдары, жаттығу бөлмелері, үстел теннисі залы және 200 орындық көрермендер трибунасы бар. Нысанда 20-дан астам спорт түрін дамытуға жағдай жасалған.

Ақмола облысының Зеренді ауданында балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне арналған, аумағы 6 мың шаршы метрден асатын ірі спорт кешені пайдалануға берілді.

Ал елордада биыл Ұлттық спорт университетінің құрылысы аяқталды. Университет білім беру мекемесі ғана емес, көпсалалы спорттық және ғылыми орталық ретінде жұмыс істейтін болады. Бұл жоба Қазақстандағы спорт индустриясының дамуына серпін беріп, өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.

Параспортқа жаңа мүмкіндіктер

Параспортшыларды қолдау және олар үшін қолайлы жағдай жасау бағытында да жүйелі жұмыс жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздегі спорт инфрақұрылымына талдау жасалып, инклюзивті спорт орталықтарын дамыту қолға алынды.

2025 жылғы желтоқсанда алғаш рет бірден төрт инклюзивті спорт орталығы пайдалануға берілді.

Астанадағы аумағы 3 600 шаршы метр инклюзивті спорт орталығы спорттық, медициналық, оңалту және білім беру инфрақұрылымын біріктіреді. Нысан BI Group компаниясы тарапынан салынып, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаражатына сатып алынды. Мұнда көпфункционалды спорт залы, оңалту және медициналық блоктар, конференц-зал, сондай-ақ параспортшыларға оқу-жаттығу жиындары мен жарыстар кезінде тұруға арналған қонақүй секторы бар. Орталықта 12 бейімделген спорт түрі бойынша жаттығу өткізіледі.

Қызылорда облысында «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен аумағы 3 300 шаршы метр инклюзивті спорт орталығы салынды. Мұнда волейбол, күрес және жалпы дене дайындығына арналған залдармен қатар, олимпиадалық стандарттарға сай келетін 50 метрлік бассейн бар. Орталықта бір мезгілде 130 адамға дейін спортпен шұғылдана алады.

Батыс Қазақстан облысында демеушілік қаражат есебінен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған, 200 адамға есептелген спорт кешені ашылды. Аумағы 2 025 шаршы метр нысанда пара-волейбол, пара-баскетбол, пара-дзюдо, пара-пауэрлифтинг, бадминтон, футзал және басқа да спорт түрлері бойынша жаттығулар өткізіледі.

Қысқы спорттағы тарихи жетістіктер

2019-2026 жылдар аралығында Қазақстан спортшылары қысқы спорт түрлерінде бірқатар тарихи нәтижеге қол жеткізді.

2019 жылы Элизабет Тұрсынбаева мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатында төрт айналымды секіруді орындап, әйелдер арасындағы әлемдік мәнерлеп сырғанаудың тарихына енді.

2025 жылы Шерход Хаширбаев пен Роман Иванов қысқы Азия ойындарында фристайлдан Қазақстанға алғашқы алтын медаль әкелді. Сол жылы Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Абзал Әжғалиев, Мерсаид Жақсыбаев және Глеб Ивченко шорт-тректен қысқы Азия ойындарындағы Қазақстанның алғашқы алтынын жеңіп алды.

2026 жылы Михаил Шайдоров Қазақстан тарихындағы мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанып, осы спорт түрінен елімізге алғашқы Олимпиада алтынын сыйлады.

Сол жылы Ербол Хамитов бір Паралимпиадада екі медаль — парабиатлоннан алтын және шаңғы жарысынан қола жүлде иеленді. Ал Кристина Шумекова жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында конькимен жүгіруден бір жарыста бес алтын медаль жеңіп алды.

Осы нәтижелер Қазақстанның қысқы спорттағы халықаралық деңгейін жаңа белеске көтерді.

Жазғы спорт түрлеріндегі тарихи белестер

2019-2026 жылдары қазақстандық спортшылар бокс, садақ ату, жүзу, футзал, теннис, күрес, дзюдо, семсерлесу, көркем гимнастика, таеквондо, жеңіл атлетика, академиялық есу, үстел теннисі және басқа да спорт түрлерінде маңызды жетістіктерге жетті.

2019 жылы Қазақстан бокс құрамасы Екатеринбургте өткен әлем чемпионатында алты медаль жеңіп алып, командалық есепте үшінші орынға ие болды. Сол жылы ерлер арасындағы садақ ату құрамасы алғаш рет командалық Олимпиада жолдамасына ие болды. Кванджу қаласында өткен жүзуден әлем чемпионатында қазақстандық спортшылар үш ұлттық рекорд орнатып, Олимпиада лицензиясын жеңіп алды.

2021 жылы Қазақстан футзал құрамасы тарихта алғаш рет әлем чемпионатының жартылай финалына шықты.

2022 жылы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінде жеңіске жетіп, Қазақстан тарихындағы теннистен алғашқы «Үлкен дулыға» титулын иеленді.

2023 жылы Ризабек Айтмұхан ерлер арасында еркін күрестен Қазақстанның тұңғыш әлем чемпионы атанды.

2024 жылы Елдос Сметов дзюдодан Қазақстанның алғашқы Олимпиада чемпионы атанды.

2025 жылы Айдос Сұлтанғали грек-рим күресінен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, Қазақстанға осы спорт түрінен әлем чемпионатының алтынын 26 жылдан кейін қайтарды.

2026 жылы Қазақстанның ерлер арасындағы семсерлесуден ұлттық құрамасы командалық сайыста алғаш рет әлем чемпионы атанды. Сол жылы ерлердің үстел теннисінен Қазақстан құрамасы командалық әлем чемпионатында тарихта алғаш рет 1/8 финалға шықты.

Бұл нәтижелер еліміздің жазғы спорт түрлеріндегі халықаралық бәсекеге қабілеттілігінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Паралимпиада спортындағы жаңа белестер

2019-2026 жылдары Қазақстан параспортшылары да маңызды тарихи нәтижелерге қол жеткізді.

2021 жылы Токио-2020 жазғы Паралимпиадасында Қазақстан бес медаль жеңіп алды. Давид Дегтярев паралимпиада чемпионы атанды.

2023 жылы Азиада ойындарында Қазақстан құрамасы 41 медаль иеленіп, оның ішінде Азияның үш және Азия Пара ойындарының төрт рекордын қоса алғанда, жеті рекорд орнатты.

2024 жылы Париж Паралимпиадасында қазақстандық спортшылар тоғыз медаль жеңіп алды. Бұл — Қазақстанның жазғы Паралимпиададағы медаль саны бойынша ең үздік нәтижесі. Сол жарыста Еркін Ғаббасов пара оқ атудан Қазақстан тарихындағы алғашқы паралимпиадалық медальді иеленді.

2024/2025 жылғы маусымда Ербол Хамитов парабиатлоннан Қазақстанның алғашқы Хрусталь глобусын жеңіп алды.

2025 жылы Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамалары парадзюдодан әлем чемпиондары атанды. Сондай-ақ ерлер құрамасы отырып ойнайтын волейболдан Азия чемпионы болды.

2026 жылы Ербол Хамитов парабиатлоннан Қазақстанға Паралимпиададағы алғашқы алтын медальді әкелді. Сол жылы еліміз отырып ойнайтын волейболдан әлем чемпионатында тарихтағы алғашқы медалін иеленді.

Бұл жетістіктер параспорттың Қазақстанда кәсіби деңгейде дамып келе жатқанын және спортшыларға арналған инфрақұрылымның кеңейіп жатқанын айғақтайды.

Ұлттық спорт – ұлттық құндылықтың негізі

Қазақстанның спорттық жетістіктері ұлттық спорт түрлерінсіз толық болмайды. 2019-2026 жылдары қазақ күресі, аударыспақ, теңге ілу, көкпар, бәйге, құсбегілік, тоғызқұмалақ, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату және асық ату бағыттарында да ірі халықаралық нәтижелер тіркелді.

2019 жылы Қазақстанда өткен қазақ күресінен әлем чемпионатында отандық спортшылар үш алтын медаль жеңіп алды.

2024 жылы Астана V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын қабылдады. 8-13 қыркүйек аралығында өткен жарысқа 89 елден шамамен 2700 қатысушы келді. Бағдарламаға 21 спорт түрі енгізіліп, 97 медаль жиынтығы сарапқа салынды.

Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын алып, 43 алтын, 32 күміс және 37 қола медаль иеленді. Жарыстар барысында 33 елдің спортшылары жүлдеге қол жеткізді.

Көшпенділер ойындары тек спорттық жарыстармен шектелген жоқ. Ипподром аумағында 10 гектарлық «Көшпенділер әлемі» этноауылы құрылып, ойындар кезінде 150-ден астам мәдени іс-шара өткізілді. Жарыстарды ұйымдастыруға 1600 волонтер тартылды.

2025 жылы Қазақстан теңге ілуден өткен алғашқы әлем чемпионатының барлық үш дисциплинасында жеңіске жетті.

2026 жылы Қазақстан құрамасы Түркістанда өткен көкпардан әлем чемпионатында чемпион атанды. Дәстүрлі садақ атудан FETIH KUPASI турнирінде қазақстандықтар сегіз медаль, оның ішінде үш алтын жеңіп алды.

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан аударыспақтан төрт, бәйгеден төрт, тоғызқұмалақтан төрт алтын медаль иеленді. Ұлттық садақ ату бағыттарында да үш алтын медальға қол жеткізді.

Қазақ күресінен Бакуде өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жарыстың алғашқы күнінде-ақ үш алтын медаль жеңіп алды.

Спорт – ел дамуының маңызды бағыты

2019-2026 жылдар аралығындағы көрсеткіштер Қазақстанда спорт саласының бірнеше бағыт бойынша қатар дамып келе жатқанын көрсетеді. Бір жағынан, заманауи стадиондар, бассейндер, спорт сарайлары мен инклюзивті кешендер салынып, халықтың спортпен айналысуына қолжетімділік артып келеді. Екінші жағынан, балалар-жасөспірімдер спорты мен жоғары жетістіктер спортына жаңа мүмкіндіктер жасалуда.

Қазақстан спортшыларының қысқы және жазғы Олимпиада ойындарындағы, Паралимпиададағы, әлем чемпионаттарындағы және халықаралық жарыстардағы тарихи жеңістері осы жүйелі жұмыстың нәтижесін көрсетеді.

Ал ұлттық спорттағы жетістіктер қазақ халқының дәстүрі мен мәдени мұрасын халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік беріп отыр. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Қазақстанда өтуі де осы бағыттың халықаралық беделін арттырды.

Алдағы кезеңде спорт инфрақұрылымын одан әрі жаңғырту, өңірлердегі нысандардың қолжетімділігін арттыру, инклюзивті спортты дамыту, балалар мен жастарды спортқа кеңінен тарту және ұлттық спорт түрлерінің халықаралық ауқымын кеңейту Қазақстанның спорт саясатының маңызды бағыттары болып қала береді.

Қазақстанның спорт саласындағы бүгінгі нәтижелері — жаңа инфрақұрылым, жүйелі мемлекеттік қолдау және спортшылардың жоғары шеберлігі тоғысқан кезде елдің халықаралық аренада жаңа жетістіктерге қол жеткізе алатынының айқын көрінісі.

Оқи отырыңыз