5100 метр биіктікте орналасқан: Гималайда алып жел электр станциясы іске қосылды

5100 метр биіктікте орналасқан: Гималайда алып жел электр станциясы іске қосылды
Фото: © China Huadian Corporation

Қытайдың Тибет автономиялық ауданында өңірдегі ең ірі жел электр станциясының алғашқы турбиналары жұмысын бастады. Гималай тауларында теңіз деңгейінен 5100 метр биіктікте өндірілген электр энергиясы қыс қарсаңында аймақтың энергетикалық жүйесіне беріле бастады.

Жаңа нысан Қытайдың оңтүстігіндегі Шаньнан қаласында орналасқан Цюнцзе жел энергетикасы базасының алғашқы кезеңіне жатады. Оның қуаты – 150 мегаватт. Ал толық жоба іске асқанда кешеннің жалпы қуаты 500 мегаватқа жетеді.

Бұл – Тибет автономиялық ауданында салынып жатқан ең ірі жел энергетикасы базасы. Сонымен қатар Қытайдың Ұлттық энергетика басқармасы жалпыұлттық пилоттық бағдарламаға енгізген өңірдегі жалғыз жел энергетикасы жобасы.

175 мың үйді электрмен қамтамасыз етуге қауқарлы

Жоба толық аяқталғаннан кейін жел электр станциясы жылына шамамен 394 миллион киловатт-сағат электр энергиясын өндіреді деп жоспарланып отыр. Бұл көлем 175 мыңға жуық үй шаруашылығын электр қуатымен қамтамасыз етуге жеткілікті.

Жаңа станцияның іске қосылуы қоршаған ортаға түсетін салмақты да азайтуға мүмкіндік береді. Есеп бойынша, кешен жыл сайын көмірқышқыл газының атмосфераға таралуын шамамен 330 мың тоннаға қысқартуға ықпал етеді.

Жел электр станциясы өңірдің энергиямен тұрақты қамтылуына да септігін тигізеді. Әсіресе күн электр станциялары жұмысын тоқтататын түнгі уақытта және гидроэлектр станцияларының өндірісі қыс мезгілінде төмендеген кезде жаңа нысанның маңызы арта түспек.

Турбиналар 5100 метр биіктікте орнатылған

Жобаның алғашқы кезеңінде әрқайсысының номиналды қуаты 6,25 мегаватт болатын 24 жел турбинасын орнату көзделген. Қондырғылар теңіз деңгейінен орта есеппен 5100 метр биіктіктегі тау жоталарына орналастырылған.

Бұл аумақта желдің орташа жылдамдығы секундына 8 метрден асады. Турбиналардың техникалық сипаттамалары да ауқымды: мұнараның жекелеген бөліктерінің салмағы 101,9 тоннаға дейін жетеді, қалақтарының ұзындығы – 97,3 метр. Ал ротордың орталық бөлігі жерден 113 метр биіктікте орналасқан.

Биік таудағы құрылыс – күрделі сынақ

Тибет қыратының осындай биік бөлігінде құрылыс жүргізу оңай емес. Мұнда логистикалық қиындықтармен қатар, жұмысшылардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатысты да бірқатар мәселе туындайды.

Теңіз деңгейімен салыстырғанда бұл аймақтағы ауадағы оттегі мөлшері небәрі 50-60 пайызды құрайды. Температураның ауытқуы 20 градустан асып, жел екпіні кенет күшеюі де мүмкін. Бұған қоса, құрылыс жұмыстарына қолайлы маусым жылына небәрі бес айға созылады. Осындай күрделі жағдайларға қарамастан, жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.

Жел турбиналары ақылды жүйемен жабдықталған

Жаңа жел электр станциясының турбиналары интеллектуалды болжамдау жүйесімен жабдықталған. Ол радар деректерін, жер бедерінің моделін және жабдықтардан тікелей түсетін ақпаратты біріктіреді.

Бұл технология таулы аймақтағы жел ағынының ерекшеліктерін ескеріп, электр энергиясын өндіруді шектеу қажет болатын жағдайларды алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қалақтардың мұз басуын бақылап, жел тым қатты соққан кезде қондырғыларды автоматты түрде тоқтата алады.

Кешен құрамына энергия жинақтайтын аккумуляторлық жүйе де кіреді. Ол электр желісінің параметрлерін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұған қоса, нысанда қуаты 220 киловольт болатын кеңейтілген қосалқы станция қарастырылған.

Оқи отырыңыз