500 жұп Отан алдындағы борышын бірге өтеп жүр

 Ұлттық ұлан
Фото: Ұлттық ұлан

Халықаралық отбасы күні қарсаңында ІІМ Ұлттық ұланында елге бірге қызмет етіп жүрген әскери отбасылар жайлы айтылды. Бүгінде құқықтық тәртіп әскерінің қатарында өмірлік серігін тауып, Отан алдындағы міндетті бірге атқарып жүрген 500-ге жуық жұп бар. Солардың бірі – Ұлттық ұланның Ән-би ансамблінде қызмет ететін Нұрхан Мұқат пен Алтынай Тастан.

Еліміздің батысында дүниеге келген қос өнер иесін тағдыр Астанада, әскери қызметте тоғыстырған. Нұрхан ансамбльдің фольклорлық тобында домбырамен ұлттық өнерді насихаттап жүрсе, Алтынай эстрадалық әндерді орындап, әскери ортадағы мәдени рухты көтеріп келеді. Өнер мен қызметті қатар алып жүрген жұп үшін отбасы мен Отан ұғымы егіз.

фото: Ұлттық ұлан

Олардың айтуынша, әскери қызмет те, шығармашылық жол да үлкен жауапкершілік пен төзімді талап етеді. Сондықтан ерлі-зайыптылар қандай жағдайда да бір-біріне қолдау көрсетуді басты қағида санайды.

Әскери қызметтің жауапты міндет екенін бәріміз білеміз. Өнердің де жолы жеңіл емес. Осы орайда, жарым екеуіміз әрдайым бір-бірімізге қолдау көрсетуге тырысамыз. Өйткені Отан отбасынан басталады, – дейді Нұрхан Мұқат.

Әскери шаңырақ үшін сенім, түсіністік пен сыйластық – басты құндылықтардың бірі. Күнделікті қызметтің жауапкершілігін қатар арқалап жүрген олар отбасыдағы бірлік пен татулықты да ерекше бағалайды. Домбыраның қоңыр үні мен жүрекке жеткен әсем ән – олардың тек өнерге емес, отбасы мен елге деген адалдығының көрінісі.

Оқи отырыңыз