500 мыңнан астам қазақстандықтың айыппұлы кешіріледі: кімдер рақымшылыққа ілігеді?

 Жи арқылы жасалды
Фото: Жи арқылы жасалды

Қазақстанда тәуелсіздік тарихында алғаш рет әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша ауқымды рақымшылық жүргізілмек. Соның нәтижесінде 500 мыңнан астам азаматтың төленбей қалған айыппұлдары есептен шығарылып, миллионнан астам әкімшілік жазаға жеңілдік жасалады.

Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді.

Оның айтуынша, рақымшылық 2026 жылғы 17 наурыз сағат 24:00-ге дейін салынған, бірақ әлі орындалмаған әкімшілік айыппұлдарға қатысты қолданылады. Алдын ала есеп бойынша рақымшылыққа ілінетін айыппұлдардың жалпы сомасы 17 миллиард теңгеден асады. Кейбір бағалауларда бұл көрсеткіш 36 миллиард теңгеге дейін жетуі мүмкін екені айтылып отыр.

Айыппұлдардың басым бөлігі жол ережесіне қатысты

ІІМ мәліметінше, рақымшылыққа ілінетін айыппұлдардың едәуір бөлігі жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін салынған.

Яғни, көптеген жүргізушінің төленбей қалған әкімшілік айыппұлдары автоматты түрде жойылады. Бұл азаматтардың қаржылық жүктемесін азайтып, жылдар бойы жиналып қалған берешектер мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

Санжар Әділовтің сөзінше, рақымшылық жасау үшін азаматтарға ешқандай өтініш берудің немесе мемлекеттік органдарға барудың қажеті жоқ.

Рақымшылыққа жататын айыппұлдар автоматты түрде есептен шығарылады, – деді министрдің орынбасары.

Қандай құқық бұзушылықтар рақымшылыққа кірмейді?

Сонымен қатар рақымшылық барлық әкімшілік құқық бұзушылықтарға бірдей қолданылмайды.

Атап айтқанда, заңсыз есірткі айналымына қатысты құқық бұзушылықтар, қару-жарақты сақтау мен айналымы саласындағы заң бұзушылықтар, сот шешімдерін орындамауға байланысты істер, сондай-ақ қайталанған немесе қасақана жасалған өрескел құқық бұзушылықтар рақымшылыққа жатпайды.

Бұдан бөлек, адам өміріне, қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін бірқатар ауыр санаттағы әкімшілік құқық бұзушылықтар да бұл тізімнен тыс қалады.

Жеке кәсіпкерлерге де қолданылады

Рақымшылық шарасы тек жеке тұлғаларға ғана емес, жеке кәсіпкерлерге де қатысты болады. Қазіргі уақытта заң жобасы Мәжілісте мақұлданған. Құжат барлық заңнамалық рәсімдерден өткеннен кейін толық күшіне енеді деп күтілуде.

Мамандардың айтуынша, бұл бастама азаматтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға және әкімшілік берешектердің көлемін азайтуға бағытталған.

Айта кетейік, әкімшілік рақымшылық Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып отыр. Ол қылмыстық рақымшылық туралы заң жобасымен қатар қабылданып жатқан кешенді шаралардың бір бөлігі саналады. Алдын ала мәлімет бойынша, қылмыстық рақымшылық аясында да мыңдаған адамның жазасы жеңілдеуі мүмкін.

Оқи отырыңыз