Жаңалықтар

«500 ғылыми тағылымдама»: Қазақстандықтар Францияда тәжірибе жинайды

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлім етті
«500 ғылыми тағылымдама»: Қазақстандықтар Францияда тәжірибе жинайды
Фото: gov.kz 30.11.2022 18:12 1783

Қазақстан мен Франция жоғары білім және ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастық туралы декларацияға қол қойылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

 ​Құжатқа Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев пен Франция Республикасының Еуропа және Сыртқы істер министрлігі жанындағы Сыртқы сауда, экономикалық тартымдылық және шетелдегі француз азаматтары жөніндегі министр-делегат Оливье Бешт қол қойды.

​Қазақстан мен Франция екі елдің университеттері мен ғылыми-зерттеу институттары арасындағы ынтымақтастықты дамыту туралы келісім жасасты. Екі ел бірлесіп, білім беру бағдарламалары мен қос дипломдық бағдарламаларды жүзеге асыруға қолдау көрсететін болады. Сондай-ақ келешекте Сорбонна-Қазақстан институтын трансформациялау бойынша жұмысты одан әрі жалғастыру жоспарлануда.

​Қазақстан мен Франция арасында орнатылған академиялық ұтқырлық пен ғылыми ынтымақтастық байланыс аясында екі ел де студенттер, оқытушылар, зерттеушілер мен мамандар алмастыру ісін одан әрі жалғастырады.

«Біз Франциямен арадағы декларацияға қол қойдық. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі «Болашақ» бағдарламасының тізіміне жаңа француз университеттерін енгізу мүмкіндігін қарастыруға дайын. Францияда тағылымдамадан өту үшін, біз қазақстандықтар мен француздық мекемелер арасында «500 ғылыми тағылымдама» атты бағдарламаны бірлесіп насихаттауды жөн көріп отырмыз. Магистранттар мен докторанттарға арналған «Абай-Верн» шәкіртақылық бағдарлама одан әрі жалғасады. Сонымен қатар Францияның Орталық Азияны зерттеу институты қазақстандық және француздық үміткерлер үшін гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар саласындағы ғылыми ұтқырлық бағдарламаларына қолжетімділікті жеңілдететін болады», – деді министр Саясат Нұрбек.
 
Министрдің айтуынша, аталмыш Декларация Қазақстан мен Франция арасындағы жоғары білім және ғылыми зерттеулер саласындағы екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға ықпал етеді.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға