500 грамм болып туған сәбиді аман алып қалу мүмкін бе? Дәрігермен сұхбат

500 грамм болып туған сәбиді аман алып қалу мүмкін бе? Дәрігермен сұхбат
Фото: El.kz архиві

Неонатологпен болған бұл сұхбат шала туған және салмағы өте аз нәрестелердің өмірін сақтап қалу мәселесіне арналады. Материалда баланы аман алып қалумен қатар, оның кейінгі денсаулығы мен өмір сапасын бақылаудың маңызы талқыланады. Мақаланы оқу арқылы оқырман неонатологтардың күнделікті қандай қиындықтармен бетпе-бет кездесетінін және нәрестені ауруханадан шығарғаннан кейін де медициналық бақылаудың не үшін маңызды екенін түсіне алады.

Шала туған сәби және өмір үшін күрес

Қазақстанда жыл сайын 20 мыңға жуық сәби шала дүниеге келеді. Олардың арасында тіпті 500 грамм шақалақтар да болады. Алақанға сыйып кететіндей кіп-кішкентай әрі ағзасы толық жетілмеген, өз бетінше тыныс алуды да білмейтін шарананың өмірін сақтап қалу оңай шаруа емес. Қазақстан бұл тұрғыда ТМД елдері арасында көш бастап тұр.

Бізде шақалақтардың өмірін сақтап қалу көрсеткіші әлдеқайда жақсарған. Бұл отандық неонатолог мамандардың ерен еңбегі екенін жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен бұл салада қордаланған мәселе көп.

Шала туған сәбилердің өмірін сақтап қалумен мәселе бітпейді екен. Себебі мұндай балаларға көбіне әрі қарай церебральды сал ауруы диагнозы жиі қойылады. Бұл олардың өмірге дұрыс бейімделмеуінен бе, әлде басқа да себептері бар ма? Сандық көрсеткішті жақсартқан Қазақстан енді сапаны арттыру үшін қандай жұмыстар атқаруы керек? Бұл туралы біз неонатолог маман Айжан Асқарқызынан сұрап білдік.

– Айжан Асқарқызы тәжірибеңіздегі ең кішкентай баланың салмағы қанша болды?

– Менің тәжірибемдегі баланың салмағы ең азы 520 грамм болды.

Фото: Айжан Асқарқызының архивінен 
Фото: Айжан Асқарқызының архивінен 

– Салмағы 500-700 грамм болатын нәрестенің өмірін сақтап қалуда алғашқы сағаттарда қандай фактор шешуші рөл атқарады: заманауи аппараттар мен дәрі-дәрмек пе, әлде дәрігердің тәжірибесі мен жылдам шешім қабылдауы ма?

Күту мен емдеу – екі түрлі нәрсе. Күту дегеніміз – балаға анасының құрсағындағы жағдайға барынша жақын орта қалыптастыру. Белгілі бір температура мен ылғалдылықты сақтау, уақытылы тамақтандыру, баланың оттегімен қанығуын, қан қысымын тұрақты бақылау қажет. Егер осы негізгі күтім дұрыс ұйымдастырылса, балаға белсенді емнің көп қажеті болмауы мүмкін. Сондықтан ең маңыздысы – күтім мен дұрыс бейімдеу.

Көптеген орталықтарда күтімге ерекше көңіл бөлінсе, мұндай балалардың өмір сүру көрсеткіші де жоғары болады. Ал мейірбикелік күтім ақсап, нәрестені дұрыс күтуге жеткілікті көңіл бөлінбесе, дәрігер қанша ем тағайындаса да, баланы аман алып шығу өте қиын. Дәрі-дәрмек тағайындау, оның мөлшерін есептеу, баланың салмағына қарай ем белгілеу – салыстырмалы түрде оңай жұмыс. Ең күрделі еңбек – нәрестені дұрыс күту, оның жағдайын түсіну, өзгерісті дер кезінде байқап, жағдайы күрт нашарламай тұрып алдын алу.

– 2026 жылғы халықаралық есеп бойынша Қазақстандағы неонаталдық өлім-жітім 1000 тірі туған нәрестеге шаққанда 3,9-ға дейін төмендеді. Неонатолог ретінде бұл нәтижеге қандай факторлар әсер етті деп ойлайсыз?

– Мен бірнеше жылдан бері көптеген облыстың кураторы ретінде жұмыс істеймін және статистиканы да бұрыннан бақылап жүрген адамдардың бірімін. Қазақстанда неонаталдық өлім-жітім соңғы бес жылда белсенді түрде төмендеп келеді.

Менің ойымша, бұған ең алдымен Қазақстандағы бас штаттан тыс неонатологымыз –Бектұрған Тыныбайұлы Каринның еңбегі үлкен әсер етті. Ол неонатологтардың бүкіл республиканы қамтитын кәсіби тобын құрды. Әр бейсенбі сайын дәрігерлер үшін, ал сәрсенбі сайын мейіргерлер үшін оқу сабақтары өткізіледі. Онда неонатологиядағы соңғы өзгерістер, жаңа технологиялар, нәрестені күту мен емдеудің заманауи әдістері апта сайын талқыланып, оқытылады. Қазақстанның әр өңіріндегі перинаталдық орталықтар осы жаңалықтарды тәжірибеге енгізуге тырысады.

Соңғы жылдары неонатология саласы толық бақылауға алынып, дәрігерлер бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Мамандар үнемі білімін жетілдіріп, жаңа технологияларды меңгеріп жатыр. Менің ойымша, неонаталдық өлім-жітімнің төмендеуіне осы факторлар үлкен әсер етті.

Фото: Айжан Асқарқызының архивінен 
Фото: Айжан Асқарқызының архивінен 

– Қазақстандағы неонаталдық өлім-жітім крөсеткішінің төмендеуімен саладағы мәселе толық шешілді деп айта аламыз ба?

– Көп адам неонаталдық өлім-жітімнің белсенді түрде азайып келе жатқанын көріп, мәселе толық шешілді деп ойлайды. Бірақ сонымен қатар бір жасқа дейінгі балалар арасындағы өлім-жітім әлі де азайған жоқ. Кейбір орталықтарда, керісінше, өсіп жатыр. Неге десек, неонатологияда заманауи медициналық технологиялардың барлығын қолдана отырып, біз балаларды аман-есен шығарамыз. Алайда мәселе одан кейін басталады.

Соңғы жылдары педиатриялық бағыттағы кадрлар азайды. Педиатрлардың орнына жалпы тәжірибелік дәрігерлер жұмыс істейтін болды. Бала үйге шығарылғаннан кейін бір жасқа дейінгі кезеңде олардың кейбірі тиісті бақылаусыз қалады. Соның салдарынан жағдайы күрт нашарлап, ауруханаға өте ауыр жағдайда қайта түседі. Өкінішке қарай, кейбірінің өмірін сақтап қалу мүмкін болмай жатады.

– Демек, мәселе баланы перинаталдық орталықтан шығарумен аяқталмайды. Бұл тұста катамнез жүйесінің (пациент ауруханадан шыққаннан кейін немесе белгілі бір емдеу курсы аяқталған соң, оның денсаулық жағдайын ұзақ уақыт бойы жүйелі түрде бақылау, мәліметтерді жинау және талдау жүйесі) рөлі қандай?

– Қазіргі таңда перинаталдық орталықтарда катамнез кабинеттерін ашу қолға алынды. Соған қарамастан, Қазақстан бойынша бұл жүйе әлі толық қалыптасып үлгерген жоқ. Себебі бұл бағытта арнайы мамандар қажет. Егер катамнез жүйесі толық жұмыс істесе, біз өзіміз аман алып қалған балаларды бір жасқа дейін тұрақты түрде бақылап, профилактикалық тексерулерден өткізіп, олардың жағдайының күрт нашарлауына жол бермеуге мүмкіндік алар едік.

Қазір бұл процесс толық жолға қойылмаған. Сондықтан бір жасқа дейінгі балалар өлімі әлі де өте өзекті мәселе болып отыр. Неонатологтар баланы аман алып қалады. Бірақ одан кейін педиатриялық бақылау әлсіз болса, балалардың жағдайы қиындайды. Кейбірі бір жасқа дейін шетінеп кетеді, ал кейбірінде мүгедектік қалыптасады.

Фото: Айжан Асқарқызының архивінен 
Фото: Айжан Асқарқызының архивінен 

– Шала туған балаларға 1-2 жылдан кейін церебральды сал ауруы секілді диагноздар жиі қойылады екен. Бұған не себеп?

Мұның себептерінің бірі – тар бейінді мамандарға уақытылы қаралмау, оңалтудан кеш өту және диагноздың дер кезінде қойылмауы. Соның салдарынан кейбір балаларға бір жасқа келгенде мүгедектік рәсімдеуге тура келеді. Сондықтан катамнез жүйесі Қазақстан бойынша әлі толық қолға алынған жоқ деп ойлаймын. Егер бұл жүйе толық жұмыс істеп, емханаларда педиатриялық бағыт қайта күшейтілсе, бұл балалардың бір жасқа дейінгі өмірін сақтап қалу мүмкіндігі әлдеқайда жоғары болар еді.

– Шала туған нәрестелердің өмірін сақтап қалу көрсеткіші артқанымен, олардың кейінгі өмір сапасын жақсарту үшін, жаңа айтқанымыздай мүгедек болып қалмауы үшін не істеуіміз керек?

– Бұрын біз, неонатологтар, ең алдымен сан үшін күрестік. Яғни бала қалай да аман қалсын, статистикамыз бұзылмасын деген мақсат болды. Сонда да соңғы 3-4 жылда біз санға қол жеткізгенімізбен, сапаның мәселесі бар екенін түсіне бастадық. Сондықтан қазір бірінші орынға сапаны қойып отырмыз. Бұл мәселені шешу үшін бізде катамнез кабинеттері толыққанды жұмыс істеуі керек.

Сонымен қатар тыныс алу терапиясына да ерекше көңіл бөлу қажет. Егер тыныс алу терапиясын баланың алғашқы күнінен бастап барынша жұмсақ параметрлермен қолдансақ, оның өкпесін ауыр зақымданудан сақтай аламыз. Ал тым жоғары параметрлермен, «бала қалай да аман шықсын» деген мақсатпен ем жүргізсек, нәресте тірі қалуы мүмкін. Бірақ кейін оның өкпесінде күрделі мәселелер пайда болуы ықтимал.

Мысалы, бронх-өкпе дисплазиясы, созылмалы бронхит, өкпенің созылмалы обструктивті аурулары, тіпті бронх демікпесі сияқты мәселелердің даму қаупі жоғарылайды. Сондықтан қазір біз белсенді түрде саннан сапаға қарай бет бұрып жатырмыз. Қазақстан бойынша неонаталдық өлім-жітім көрсеткіші төмендеді. Дегенмен біз баланы жай ғана аман алып қалуды емес, оның кейінгі өмір сапасын да ойлауымыз керек.

Біз балаларды қолымыздан келгенше ажалдан арашалап қалып жатырмыз, бірақ олардың белгілі бір бөлігі кейін, өкінішке қарай, мүгедек болып қалады немесе бір жасқа дейін шетінеп кетеді. Себебі бастапқыда сапаға емес, тек баланы аман алып қалуға көбірек көңіл бөлдік. Қазір осы саннан сапаға көшу кезеңіндеміз.

Бүкіл Қазақстан бойынша қазір сапа мәселесі бірдей деңгейде шешіліп жатыр деп айта алмаймын. Өкінішке қарай, әлі де артта қалған орталықтар бар. Онда «бала аман-есен шықса болды» деген түсінік кездеседі. Ал біз төртінші деңгейлі орталық болғандықтан, қазіргі таңда бірінші орынға баланың өмір сапасын қойып отырмыз.

Фото: Айжан Асқарқызының архивінен 
Фото: Айжан Асқарқызының архивінен 

– Өзіңіз емдеп шығарған балалар кейін сізге келіп тұра ма? Оларды бір жасқа дейін қалай бақылап отырасыз?

– Мен соңғы екі жылдан бері медицинаның педиатрия бағытын да тереңірек қолға алып жүрмін. Себебі бұрын өзім өмірін сақтап қалған балалардың кейінгі тағдыры не болып жатқанын, қалай өсіп жатқанын, өмірге қаншалықты бейімделгенін біле бермейтінмін. Хабарсыз отыратынмын. Соңғы екі жылда педиатрияны белсенді түрде меңгере бастағаннан кейін қазір өзім өмірі үшін күрескен балалардың көбісі дерлік маған келіп тұрады.

Бір жасқа дейін оларды бақылап, оңалтудан өткіземіз, қажетті тар бейінді мамандарға уақытылы көрсетеміз. Мысалы, қазір тамақтандыру мәселесіне байланысты көптеген қиындық болғандықтан, қосымша тағам енгізу туралы кітап та жаздым. Өз пациенттеріме оны тегін беремін. Олар айына бір рет маған келіп тұрады. Бұл толыққанды катамнез кабинеті болмаса да, өзімнің пациенттерімді осылай бақылап отырамын.

– Ал ата-аналар үшін бұл кезең қаншалықты қиын? Баласы бірнеше ай бойы реанимацияда жатқанда оларға қалай қолдау көрсетесіздер?

– Кейбір ата-аналар бізде 1 айдан 4 айға дейін жатады. Бұл баланың салмағына байланысты. Мысалы, салмағы 500 грамм бала шамамен 4 ай жатуы мүмкін. 800 грамм болса – 3 айдай, 1100 грамм болса – 2 айдай жатады. Осындай ұзақ уақыт бірге болғандықтан, біз ата-аналармен туысқандай болып кетеміз. Әрине, алғашқы кезде ата-аналарда, әсіресе аналарда күйзеліс болады.

Алғашқы екі апта өте қиын өтеді. Көптеген ана баласының осындай жағдайда дүниеге келгеніне өзін кінәлайды. Басында біздің айтқан сөздерімізді түсіну, қабылдау қиын болады. Бірақ күн сайын сөйлесіп, баланың жағдайын түсіндіріп отырғаннан кейін бірте-бірте жақындаса бастаймыз. Тіпті соңында туысқандай болып кетеміз. Баланың қырқынан шығару рәсімін бірге өткіземіз. Ата-анасымен, туыстарымен, атасы мен әжесімен танысамыз. Бала ауруханадан шыққан кезде олармен дос болып, туыс болып кеткендей сезінеміз. Суретке түсіп, өз қолымызбен шығарып саламыз.

– Шала туған сәбилерді аман алып қалу барысында түрлі жағдайларды бастан кешіресіздер. Мұндай сәттерде сізде қандай сезім болады? Процесті эмоционалдық тұрғыда қалай сезінесіз? Үнемі үлкен қысымда жұмыс істеуден қажып кететін сәттер болады ма?

– Егер бала өмір мен өлім арасында жатса немесе жүрегі тоқтап қалса, бізде дайындалуға уақыт жоқ. Біз әрдайым үлкен қысымда жұмыс істейміз. Мен әрқашан былай айтамын: таңертең реанимацияға келгенде, «америкалық сырғанаққа» отырғандай боламыз. Таңертеңнен кешке дейін сол күйде жүресің. Бір сәтте жоғары көтерілеміз, жағдай күрделенеді, ал кейде бәрі керісінше төмендеп кетеді. Эмоционалды түрде әр жағдайға алдын ала дайындалып үлгермейміз. Біз әріптестерімізбен бірге үнемі дайын отырамыз.

Мысалы, сізбен кеше сөйлесемін деп уәде берген едім, бірақ телефонмен сөйлесуге физикалық тұрғыда уақытым болмады. Өйткені бізде жағдайы өте ауыр бала болды. Сол кезде мен айналамдағы басқа нәрселердің бәрін ұмытып кетемін. Палатаға кім кіріп шықты, кім не айтты – тіпті оған көңіл бөле алмаймын. Себебі бүкіл ойым, назарым мен күшім баланың жағдайына бағытталады. Сол сәтте біз үшін ең маңызды нәрсе – баланы аман алып қалу. Басқа нәрсеге ойлауға уақыт болмайды.

«Пара алғыңыз келмегені – балаға қарағыңыз келмегені...»

– Өмірімде өте ауыр жағдай болды. Бұл туралы осы уақытқа дейін ешкімге айтқан емеспін. Бес жыл бойы қосымша санитариялық авиацияда жұмыс істедім. Бір күні басқа облыстан жағдайы өте ауыр баланы алып келдім. Біз ол сәбиді аман алып қалдық. Кейін анасының қасына жібердік. Бірақ сәбидің ауыр неврологиялық ақауы бар еді. Оның кейін толыққанды өмір сүре алмайтыны бәрімізге белгілі болды.

Бір күні ол анасының жанында жатқан кезде қайтыс болды. Мүмкін, тынысы тоқтаған шығар, мүмкін анасы емізіп отырып байқамай қысылып қалған шығар – нақты не болғанын білмеймін. Мен ол баланы төрт сағат бойы реанимация жасауға тырыстым, бірақ аман алып қала алмадым.

Бала ірі болатын, салмағы шамамен 4-4,5 келі еді. Содан кейін ата-анасына жағдайды айту үшін шықтым. Сол кезде атасы мен әжесі мені кінәлады. «Біз сізге қанша рет ақша ұсындық, сіз алмадыңыз. Ақша алмағаныңыз – балаға қарағыңыз келмегені. Сондықтан қазір баланы өлтіріп, біздің қолымызға беріп отырсыз», – деген сөздер айтты. Бұл сөздер маған өте ауыр тиді. Сол кезде қатты күйзеліске түстім, бес күн үйде жаттым. Мен ол баланы бірнеше сағат бойы алып келіп, бүкіл күшімді салып аман алып қалуға тырыстым.

Кейін оны анасының қолына тапсырдым. Оның анасының жанында қайтыс болғанына менің кінәм жоқ екенін түсінем. Сол жағдайдан кейін мен мынаны ұқтым: адамдардың сөзіне тым көп мән бермеу керек екен. Егер қазір маған сондай сөз айтылса, мен оған жай ғана шекара қоямын да, әрі қарай жұмысымды жалғастыра беремін.

– Бұл саланың моральді тұрғыда қиын екенін біле тұра жұмысыңызды әрі қарай жалғастыра беруіңізге не себеп? Әлде бұл мамандыққа деген адалдық па?

– Көп адам бізді балаларды ақша үшін емдейді деп ойлайды. Алайда неонатологияда көп ақша таба алмайсың. Бұл жерде тек жүрегімен келген адам ғана жұмыс істей алады. Балаларды жақсы көретін адам ғана осы салада қала алады. Мен шетелде болған адаммын, ағылшын тілін жақсы білемін. Америкада бірнеше рет болдым. Басқа жұмыс табуыма мүмкіндік бар.

Мысалы, видеоблогер болсам да болады, жеке клиникада жұмыс істеп, көбірек ақша табуға да болады. Аудармашы болсам да, мақала жазсам да, онлайн кеңес берсем де ақша таба аламын. Бірақ менің жүрегім неонатологияны қалайды. Менің жүрегім реанимацияны қалайды. «Мен кетсем, мына балаларды кім шығарады?» деген сұрақ мазалайды. Сол себепті балалардың қасында жүрмін.

Салмағы 500 грамм бала дүниеге келген кезде ата-анасы оның өмір сүретініне сенбеуі мүмкін. Бірақ біз сенеміз. Біз оның болашақта өмір сүретініне, өсіп, әжептәуір азамат болатынына сенеміз. Біз сол балаға өмір сүруге және осы өмірді көруге мүмкіндік бере алатынымызға сенеміз. Мен үшін неонатологияның, өмірімнің ең үлкен мәні – осы.

-Сұхбатыңызға рақмет.

Әзірлеген: Аида Шакибекова (студент)

Оқи отырыңыз