Жаңалықтар

500-ге жуық шетелдік көлікті заңсыз тіркегендер ұсталды

Күдіктілер 14 тамызында тергеу сотының санкциясымен қамауға алынды.
500-ге жуық шетелдік көлікті заңсыз тіркегендер ұсталды
Фото: El.kz 16.08.2022 11:58 965

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі 500-ге жуық шетелдік көлікті заңсыз тіркегендерді анықтады, деп хабарлайды El.kz Антикордың әлеуметтік желідегі парақшасына сілтеме жасап.

«Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі жүргізіліп жатқан сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында Арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері мен полиция қызметкерлерін мемлекеттік тіркеуден өткен көлік құралдарын тіркеу кезінде заңсыз баюдың қылмыстық схемасын әшкерелеп, жолын кесті», - делінген хабарламада.

Тергеу барысында Нұр-Сұлтан қаласының №2 Арнаулы халыққа қызмет көрсету орталығының маманы – «Т.»-ның және Алматы облысы бойынша ДПП Процессинг орталығының мемлекеттік автоинспекторының заңсыз әрекеттерге қатысы бар екені анықталған. Аталған тұлғалар жүйелі негізде көлік құралдарын, оның ішінде шет мемлекеттерден әкелінген көлік құралдарын кәдеге жарату төлемін және бюджетке көзделген басқа да төлемдерді төлемей, жүйелі түрде ақшалай сыйақыға заңсыз тіркеген.

Күдіктілер 14 тамызында тергеу сотының санкциясымен қамауға алынды.

«Тергеудің осы кезеңінде республика бойынша көлік құралдарын заңсыз тіркеудің 500-ге жуық фактісі анықталып, осыған байланысты Арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметкерлерінің және басқа өңірлерден полиция қызметкерлерінің қатысуы тексерілуде. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру қорытындысы бойынша барлық қатысы бар тұлғаларға құқықтық баға беріледі. Тергеу мүддесін көздейтін басқа ақпарат жария етілмейді», - делінген Антикор таратқан хабарламада.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға