Қазақстанның қайталама автокөлік нарығында бұл екі жол талғамайтын көлік бірнеше жылдан бері сатып алушының назары мен әмияны үшін бәсекелесіп келеді. Дегенмен бастапқыда олардың міндеті екі түрлі болған. Бірінші буындағы Mitsubishi Montero Sport 1996 жылдан 2008 жылға дейін шығарылып, жолсыз жерде жүретін жұмыс көлігі ретінде танылды. Ал Mercedes-Benz ML-Class W164 кузовында 2005-2008 жылдары өндіріліп, алғашынан-ақ премиум сегментке бағытталды.
Бірі – танк, бірі – аристократ
Montero Sport туралы пікірлердің әр екіншісінде дерлік «танк» деген сөз кездеседі. Иелері оны сындыру қиын, ал қажет болса өз қолыңмен жөндеуге болатын рамалы жол талғамайтын көлік ретінде сипаттайды.
Иелерінің бірі көлікті өзі сатып алған кезде-ақ бұзылған күйде болғанын, соған қарамастан Астанадан Семей арқылы Алматыға дейін бірде-бір рет тоқтамай жеткізгенін айтады.
ML-Class туралы мұндай пікірлерді кездестіру қиын. Мұнда иелер көбіне «жайлылық», «динамика» және «басқарылу» сияқты сипаттамаларды атап өтеді. Тіпті бір жүргізуші өз көлігін S-Class-пен салыстырады: айырмашылығы – онымен тасжолдан шығып, жолсыз жерге де түсуге болады.
Пневматикалық аспа, былғары салон және көлемі 6,3 литрге дейін жететін қуатты қозғалтқыштар қарапайым әрі болжамды Montero-дан мүлдем бөлек жүргізу сезімін қалыптастырады.
Қайсысын ұстау арзанырақ?
Дәл осы жерде екі көліктің айырмашылығы айқын байқалады. Montero Sport иелерінің басым бөлігі қосалқы бөлшектердің қолжетімді әрі арзан екенін айтады. Көп жағдайда қажетті бөлшектер қоймада болады, арнайы тапсырыспен ұзақ күтудің қажеті жоқ.
Үш литрлік қозғалтқышы бар нұсқаның қаладағы жанармай шығыны шамамен 15 литр деңгейінде. Ал шығын материалдарын уақытында ауыстырып отырса, қозғалтқышқа күрделі жөндеу жасау қажеттілігі сирек туындайды.
Mercedes жағдайы мүлдем басқа. ML-Class иелерінің пікірлерінде M272 сериялы қозғалтқыштардағы цилиндрлердің қажалуы, газ тарату механизмінің шынжырының созылуы және автоматты беріліс қорабының басқару блогының қымбатқа түсетіні жиі айтылады.
Иелерінің бірі қозғалтқышты күрделі жөндеуге 1,5 млн теңге жұмсағанын жазады. Тағы біреуі бұл көлікті соңғы ақшасына сатып алмауға кеңес береді.
Өтімділігі мен тораптарының сенімділігі
Жолсыз жердегі мүмкіндігі жағынан Montero Sport иелердің басым бөлігінен жоғары баға алады. Жүргізушілер оның құмда, қарда және лайда еш қиындықсыз жүргенін айтады. Кейбірі тіпті көлікке зиян келтірмей, салмағы бес тоннаға дейінгі жүк көліктерін сүйрегенін жазады.
Әлсіз тұсы ретінде көбіне желдеткіштің термомуфтасы аталады. Дегенмен бұл мәселені қымбат емес доработка арқылы шешуге болады.
ML-Class та жолсыз жерден қашпайды. Әсіресе толық жетекті және төмендеткіш берілісі бар нұсқаларының мүмкіндігі жоғары. Иелерінің бірі онымен Көлсай мен Қайыңды бағытындағы жолды айтарлықтай қиындықсыз еңсергенін айтады.
Алайда бұл модельде пневмобаллондарға қатысты шағымдар жиі кездеседі. Кей жағдайда олар 120 мың шақырымнан кейін-ақ тозуы мүмкін. Сонымен қатар SAM электронды блоктарында ақаулар пайда болып, бұрылыс шамдары мен жанармай деңгейінің датчигі жұмыс істемей қалатын жағдайлар да айтылады.
Нарық не дейді?
Kolesa.kz деректеріне сәйкес, 2006 жылғы Mercedes-Benz ML 350 көлігінің орташа бағасы 5,6 млн теңге шамасында. Ал 2007 жылғы Mitsubishi Montero Sport-тың орташа бағасы 5,2 млн теңге деңгейінде. Яғни екі модельдің бағасы бір-біріне салыстырмалы түрде жақын. Сондықтан таңдау кезінде негізгі мәселе баға емес, көліктен не күтетіндігіңізге байланысты болады.
Иелердің пікіріне сүйенсек, бұл екі көліктің арасындағы таңдау белгілі бір деңгейде өмір салтын таңдауға ұқсайды. Mitsubishi Montero Sport қарапайым салонға көнуге дайын, есесіне сенімді әрі жөндеуі арзан көлік іздейтіндерге лайық. Ол әсіресе жолсыз жерге жиі шығатын және көлігін өз қолымен жөндеуге дайын жүргізушілер үшін қызықты нұсқа.
Ал Mercedes-Benz ML-Class премиум деңгейдегі жайлылықты, қуатты динамиканы және басқарылудың жоғары деңгейін қалайтындарға арналған. Бірақ неміс техникасының осы артықшылықтары тұрақты әрі қымбаттау қызмет көрсетуді талап етуі мүмкін.
Сондықтан шамамен 5 млн теңгеге бұл екі модельдің бірін таңдағанда басты сұрақ «қайсысы жақсы?» емес, «маған қайсысы керек?» дегенге келіп тіреледі. Бірі – қарапайым әрі төзімді жұмыс аты. Екіншісі – жайлылық пен эмоцияға басымдық беретін премиум жол талғамайтын көлік.