45 млрд теңге иесіз жатыр: Мыңдаған қазақстандық өз ақшасын алмаған

 AI / El.kz
Фото: AI / El.kz

Мыңдаған қазақстандық БЖЗҚ-дағы жинағын алуға асықпай жүр. Зейнет жасына жеткен 279 мың адамның шотында 45 млрд теңге сақтаулы тұр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Қор өкілдерінің айтуынша, азаматтардың зейнетақы жинақтарын алу құқығы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

Жыл сайын БЖЗҚ мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы зейнет жасына жеткенімен, қордағы жинақтарын алу үшін өтініш бермеген азаматтарға қатысты салыстырып тексеру жұмыстарын жүргізеді. Бұл үшін халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесіндегі деректер пайдаланылады, – делінген БЖЗҚ қорының хабарламасында.

Биыл қандай өзгеріс енгізілді?

2026 жылдың наурыз айынан бастап жаңа тәртіп күшіне енді. Енді БЖЗҚ-да ерікті зейнетақы жарналары есебінен жинағы бар азаматтар төлем алуға арнайы өтініш бермесе де, қаражат проактивті форматта тағайындалады.

Бұл мүмкіндік:

  • зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтарға;
  • 50 жасқа толған азаматтарға;
  • мүгедектігіне байланысты төлем алуға құқығы бар адамдарға қолданылады.

Жыл сайынғы салыстыру нәтижесінде мемлекеттік бюджеттен зейнетақы алып отырған азаматтардың БЖЗҚ-дағы жинақтары да автоматты түрде төлене бастайды.

45 млрд теңге кімдерге тиесілі?

2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша зейнет жасына жеткен 279 041 адамның міндетті зейнетақы жарналары есебінен жиналған қаражаты талап етілмей қалған.

El.kz

Олардың арасында:

  • 155 217 адам қайтыс болған. Бұл қаражатты олардың мұрагерлері талап ете алады;
  • 61 459 адам Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға көшкен;
  • 62 365 адам жасына байланысты зейнетақыны рәсімдеу үшін әлі күнге дейін ХҚКО-ға жүгінбеген.

Зейнетақы төлемін алу үшін не істеу керек?

Зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтар БЖЗҚ-дан төлем алу үшін тұрғылықты жері бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуі қажет. Сол жерде базалық және ынтымақты зейнетақыны рәсімдеу мәселелері де қаралады.

Егер азаматтың ерікті зейнетақы жарналары есебінен жинақтары болса және ол бұған дейін төлем алуға өтініш бермесе, қаражат автоматты түрде тағайындалады.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, елден тыс жерге тұрақты тұруға кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар да БЖЗҚ-дағы өз жинақтарын ала алады. Бұл құқық халықаралық шарттарда немесе заңнамалық нормаларда өзгеше көзделмеген жағдайда сақталады.

Қайтыс болған адамның жинақтары кімге беріледі?

БЖЗҚ салымшысы қайтыс болған жағдайда оның отбасы мүшелеріне жерлеуге арналған біржолғы төлем төленеді. Оның мөлшері тиісті қаржы жылында белгіленген 94 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспайды және шоттағы қаражат көлеміне байланысты анықталады.

Бұдан бөлек, азаматтың зейнетақы және нысаналы жинақтары мұрагерлік тәртіппен беріледі. Ол үшін мұрагерлер қайтыс болған күннен бастап алты ай ішінде нотариусқа жүгініп, мұрагерлік құқық туралы куәлік алуы қажет. Егер белгіленген мерзім өтіп кетсе, құқықты сот арқылы қалпына келтіруге мүмкіндік бар.

Зейнетақы жинақтарының талап етілмей қалуы көбіне азаматтардың құжат рәсімдеуді кейінге қалдыруымен немесе туыстарының мұрагерлік құқықтарын уақытында рәсімдемеуімен байланысты. Сондықтан БЖЗҚ мамандары өз жинақтарының жай-күйін бақылап, қажетті рәсімдерді дер кезінде орындауға кеңес береді.

Оқи отырыңыз