Әлемде интернет-алаяқтықтан келген шығын бір жылда 442 миллиард доллардан асқан.
Bloomberg басылымының жазуынша, жасанды интеллект алаяқтық схемаларын ұйымдастыруды жеңілдетіп, олардың құнын арзандатқан. Соның салдарынан кибералаяқтық жекелеген аймақтармен шектелмей, әлемнің түкпір-түкпіріне таралып отыр.
Алаяқтар адамдардан қанша ақша жымқырды?
Алаяқтықпен күрес жөніндегі жаһандық альянстың (GASA) бағалауынша, былтыр 42 елдің азаматтары алаяқтардың кесірінен жалпы 442 миллиард доллар жоғалтқан. Альянс жүргізген сауалнамаға қатысқан әлемдегі ересек адамдардың 57 пайызы алаяқтардың алдауға әрекет жасағанын айтқан.
Vectra AI компаниясының деректеріне сәйкес, 2025 жылы жасанды интеллект көмегімен жасалған алаяқтық оқиғаларының саны 1210 пайыз, ал дәстүрлі алаяқтық түрлері 195 пайыз өскен.
Deloitte болжамынша, 2027 жылға қарай генеративті жасанды интеллектке байланысты алаяқтықтан келетін шығын 40 миллиард долларға жетуі мүмкін.
Алаяқтық тұтас индустрияға айналды
Бүгінде кибералаяқтықты ұйымдастыру үшін қомақты қаражат пен күрделі техникалық білімнің болуы міндетті емес. Мысалы, жүйелерді бұзуға арналған құралдарға жазылу айына 500 доллардан басталады. Ал 10 мың электрондық пошта мекенжайына хат тарату небәрі 1 доллар тұрады. Қарапайым фишинг қызметтерінің бағасы 100 доллардан да төмен.
Қара нарықта жалған тұлға жасауға арналған құралдар жиынтығын шамамен 5 долларға сатып алуға болады. Ал заңсыз мақсаттарға пайдаланылатын арнайы тілдік модельдерге жазылу айына 30-200 доллар аралығында.
Vectra AI сарапшыларының пікірінше, жасанды интеллект алаяқтықты ұйымдастыруға кететін шығын мен қажетті дағды деңгейін төмендетіп, мұндай қылмыстардың жылдам таралуына жағдай жасап отыр.
Бұған дейін ірі астыртын платформалардың бірі болған Қытаймен байланысты Xinbi Guarantee алаңы арқылы шамамен 24 миллиард доллар көлемінде мәміле жасалған. Қыркүйекте АҚШ билігі оның Telegram-арналары мен криптовалюта әмияндарын бұғаттап, тәркілеу шараларын жүргізген.
Алаяқтық желілері әлемнің түкпір-түкпіріне таралып жатыр
Мьянма мен Камбоджадағы алаяқтық орталықтарына қарсы полиция операциялары күшейген сайын, Қытаймен байланысты қылмыстық топтар Африка елдері мен Шри-Ланкаға ауысып жатыр. Мұндай операциялар Дубай, Албания және Украинада да анықталған.
Бұрын алаяқтық топтары тұтас кешендер мен ірі ғимараттарды пайдаланса, қазір олардың кейбірі пәтерлерде, қонақүйлерде және көліктерде жұмыс істейді. Бұл қылмыстық желілерді анықтау мен олардың қызметін тоқтатуды қиындатады.
Интерполдың бұрын жарияланбаған деректеріне сәйкес, алаяқтық орталықтарына тартылған немесе сол жерлерден анықталған адамдар арасында 89 елдің азаматтары бар. Бұл көрсеткіш 2023 жылдың басындағы деңгейден бес еседен астам жоғары. Олардың қатарында Канада, Италия, Испания, Польша, Мозамбик, Алжир, Аргентина, Эквадор және Ливан азаматтары да бар.
Marsh Risk компаниясының Азиядағы киберқауіпсіздік бағытының жетекшісі Шон Летцтің айтуынша, алаяқтықты ұйымдастыру барған сайын жеңілдеп барады. Сондықтан әрбір жаңа схеманы жеке-жеке анықтап, тоқтату арқылы ғана мәселені шеше алмайсың.
Компаниялар мен билік қандай шара қолданып жатыр?
Meta, Microsoft, Coinbase және Starlink компаниялары АҚШ Әділет министрлігімен, Федералдық тергеу бюросымен (FBI) және Таиланд полициясымен бірлесіп жұмыс істеген.
Осы шаралар аясында Meta 1,4 миллион аккаунтты, Microsoft шамамен 20 мың аккаунтты бұғаттаған. Starlink мыңдаған терминалдың жұмысын тоқтатқан, ал Таиландта 63 адам ұсталған. Алайда алаяқтық желілерінің инфрақұрылымы құқық қорғау органдарының әрекетіне қарағанда жылдамырақ қалпына келуі мүмкін.
Meta компаниясының алаяқтықпен күрес жөніндегі саясат бағытының жетекшісі Натан Глейхердің айтуынша, бұғатталған аккаунттардың орнына жаңалары ашылады. Құрылғылар бұғатталған жағдайда да алаяқтар жаңасын тауып, өз операцияларын қайта іске қосады.
Алаяқтықтың қаржылық салмағы артып келеді
Интернет-алаяқтық банктер мен қаржы ұйымдарына да үлкен шығын әкеліп отыр. HSBC банкінің мәліметінше, алаяқтықпен байланысты шығындар жылына 1 миллиард долларға жетеді.
Ұлыбритания банктері былтыр алаяқтардың ықпалымен ақшаны өз еркімен аударып жіберген клиенттерге 354,3 миллион фунт стерлинг, яғни шамамен 481,5 миллион доллар өтеген.
Сингапур алаяқтыққа қарсы күресте банктер мен байланыс операторларының ортақ жауапкершілігін енгізді. Ал киберсақтандыру нарығы соңғы бес жылда 150 пайыз өскен. Бұл деректер интернет-алаяқтықтың жеке азаматтарға ғана емес, қаржы ұйымдары мен тұтас экономикалық жүйеге де салмақ түсіріп отырғанын көрсетеді.
Жасанды интеллект адамды қалай алдайды?
Жасанды интеллект алаяқтарға сенімді көрінетін жалған хаттар, дауыс жазбалары мен бейнежазбалар жасауға мүмкіндік береді.
IBM деректеріне сәйкес, нейрожелі фишингтік хатты бес минутта дайындай алады. Адамға дәл сондай хатты жазуға шамамен 16 сағат қажет болуы мүмкін.
McAfee компаниясының бағалауынша, адамның дауысын клондау үшін небәрі үш секундтық аудиожазба жеткілікті. Мұндай көшірменің түпнұсқа дауыспен ұқсастығы 85 пайызға жетуі мүмкін.
Ал интернеттегі дипфейктер саны 2023 жылғы 500 мыңнан 2025 жылдың соңына қарай 8 миллионға дейін өскен.
Жасанды интеллект арқылы жасалған жалған бейненің қаупін көрсететін жағдайлардың бірі – Arup инженерлік компаниясындағы оқиға. 2024 жылы оның Гонконгтағы кеңсесінің қызметкері бейнеқоңырауға қатысқан. Қоңырауға қосылған әріптестері шынайы адамдар сияқты көрінгенімен, олардың бейнелері дипфейк болған. Осы қоңыраудан кейін қызметкер 15 аударым арқылы жалпы 25,6 миллион долларды алаяқтарға жіберген.
Сарапшылар қандай шешім ұсынады?
Алаяқтықпен күрес жөніндегі жаһандық альянс компанияларды киберқауіп туралы деректермен өзара алмасуға, ал мемлекеттерді ұлттық деңгейде үйлестіру орталықтарын құруға шақырады.
Сарапшылар ұсынған басқа шаралардың қатарында алаяқтық операцияларына пайдаланылатын делдал шоттар желісіне қарсы күрес, халықаралық ақша аударымдарын бақылауды күшейту және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бар. Әсіресе балалар мен егде жастағы адамдарға алаяқтық белгілерін тануды үйрету маңызды.