Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілерге ақшалай үлес, жәрдемақы және өзге де төлемдерді тағайындау қағидаларына өзгерістер енгізді. Жаңа бұйрық 21 сәуірден бастап күшіне енді. Ведомство мәліметінше, түзетулер материалдық қамтамасыз етудің жекелеген нормаларын нақтылауға және төлемдерді есептеу тәртібін жетілдіруге бағытталған.
Жаңартылған ережелерге сәйкес, құжатқа «лауазым мен істі қабылдау күні» және «лауазым мен істі тапсыру күні» деген жаңа ұғымдар енгізілді. Бұл күндер командирдің бұйрығымен бекітіліп, ақшалай төлемдерді есептеу кезінде ескеріледі.
Сонымен қатар, кейбір төлемдерді есептеу тәртібі нақтыланды. Мәселен, әскери қызметтен теріс себептермен босатылған жағдайда сауықтыруға берілетін жәрдемақы енді айдағы нақты күнтізбелік күндер санына қарай пропорционалды түрде есептеледі.
Құжатта сыйақы беру тәртібі де айқындалған. Әскери қызметшілер ерекше маңызды әрі күрделі міндеттерді орындағаны, жоғары нәтижелерге қол жеткізгені және қызметтік міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін марапатталуы мүмкін. Сондай-ақ сыйақылар мемлекеттік және кәсіби мерекелерге, мерейтойлық даталарға орай беріледі. Мерейтой жасына 40 жас және одан кейінгі әр бес жыл сайынғы кезеңдер жатады.
Өзгерістердің маңызды бөлігі әлеуметтік қолдауға қатысты. Әскери қызметкерлерге берілетін материалдық көмектің көлемі ұлғайтылды. Енді оның мөлшері ең төменгі жалақы көлеміне байланысты есептеледі. Биыл ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгені құрайды.
Бюджет қаражатын үнемдеу есебінен көрсетілетін материалдық көмек жақын туыстары, жұбайы немесе қайын жұрты қайтыс болған жағдайда бес еселенген ең төменгі жалақыға дейін, яғни 425 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Ал некеге тұру, бала туу, бала асырап алу, мүлікке зиян келуі немесе емделу қажеттілігі туған жағдайда үш еселенген ең төменгі жалақыға дейін, яғни 255 мың теңгеге дейін көмек қарастырылған.
Қорғаныс министрлігі бұл өзгерістер төлем жүйесінің ашықтығы мен әділдігін арттыруға, сондай-ақ әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалу деңгейін күшейтуге бағытталғанын атап өтті.