«4+1» моделі: зейнетақы жинағы қалай көбейеді?

 жасанды интеллектпен жасалды
Фото: жасанды интеллектпен жасалды

Қазақстанда зейнетақы жүйесін жаңарту мәселесі қайта күн тәртібіне шықты. Қазір мамандар жаңа тәсілдерді қарастырып жатыр. Соның бірі – шартты түрде «4+1» деп аталатын модель. Бұл жүйе зейнетақының жиналу және төлену тәртібін өзгертуі мүмкін.

Қазір зейнетақы қалай жиналады?

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мәліметінше, бүгінде зейнетақы әртүрлі төлем есебінен жиналады. Жұмысшылар ай сайын жалақысының 10 пайызын міндетті зейнетақы жарнасы ретінде жеке шотына аударады.

Ал жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары 2024 жылдан бастап енгізілді және кезең-кезеңімен өсіп келеді:

  • 2024 жылы – 1,5%;
  • 2025 жылы – 2,5%;
  • 2026 жылы – 3,5%;
  • 2027 жылы – 4,5%;
  • 2028 жылы – 5%.

Қазір бұл жұмыс беруші төлейтін жарналар шартты зейнетақы шотына түседі. Яғни ол қаражат қызметкердің жеке меншігі болып саналмайды және мұраға берілмейді.

«4+1» моделі қалай жұмыс істейді?

Жаңа ұсынылып отырған модель бойынша жұмыс берушінің жарналары екіге бөлінеді:

  • 4% – қызметкердің жеке зейнетақы шотына;
  • 1% – ортақ зейнетақы қорына түседі.

Егер бұл жүйе енгізілсе, азаматтардың жеке жинағы айтарлықтай жылдам өседі. Себебі:

  • 10% – қызметкердің міндетті жарнасы;
  • 4% – жұмыс берушінің жарнасы ретінде жеке зейнетақы шотына түседі.

Осылайша, жеке шоттағы жинақ көлемі 14 пайызға дейін ұлғаяды.

Жасанды интеллектпен жасалды

Болашақ зейнеткерлер үшін қандай өзгеріс бар?

Жаңа модельдің негізгі артықшылығы – адамның өз жинағы көбейеді әрі ол толықтай өзінің меншігі болады.

Бұл қаражат:

  • инвестициялық табыс әкеледі;
  • мұраға қалдырылады;
  • басқарушы компанияларға беруге болады;
  • зейнетақы аннуитетін сатып алуға мүмкіндік береді.

Бұл дегеніміз – адам өз жинағын басқаруда көбірек еркіндікке ие болады деген сөз.

Зейнетақы аннуитеті деген не?

Зейнетақы аннуитеті – бұл арнайы қаржылық құрал. Азамат өз жинағын сақтандыру компаниясына аударып, келісімшарт жасайды. Соның негізінде компания оған өмір бойы тұрақты төлем жасап отырады.

Кей жағдайда, егер жинақ жеткілікті болса, төлемдерді зейнет жасына дейін де бастауға болады.

Зейнетке шыққаннан кейін төлем қалай жүреді?

Ұсынылып отырған жүйеде төлем екі кезеңге бөлінеді:

Алдымен зейнетақы жеке шоттағы жинақтан төленеді. Сарапшылардың есебінше, бұл қаражат (инвестициялық табыспен бірге) шамамен 80 жасқа дейін жетуі мүмкін.

Одан кейін төлемдер ортақ зейнетақы қорынан жалғасады. Ең маңыздысы – бұл төлемдер өмір бойы сақталып, бұрынғы деңгейде төленеді.

Неліктен реформа қажет болып отыр?

2026 жылдың наурызында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев зейнетақы жүйесіне қатысты өзгерістер әлі талқыланып жатқанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазір жұмыс тобы зейнетақы жүйесінің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету жолдарын қарастырып жатыр.

Бұл мәселе әлі талқылау кезеңінде. Сондықтан барлық ұсынысты толық ашып айтуға әзірге ерте, – деді министр.

Сонымен қатар ол жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын қайта бөлу нұсқасы қарастырылып жатқанын айтты.

Бұл қадам жүйедегі теңгерімсіздікті азайту үшін қажет. Кейбір азаматтардың жинағы ерте таусылып қалады. Ортақ қор есебінен оларға өмір бойы төлем жасауға мүмкіндік болады, – деді Асқарбек Ертаев.

Министрдің сөзінше, нақты шешім әлі қабылданбаған, бұл мәселе 1 маусымға дейін талқыланады.

Зейнетке шығу: жас емес, еңбек өтілі маңызды бола ма?

Бұл тақырып Сенатта да көтерілді. Сенат депутаты Амангелді Нұғманов зейнетақы жүйесін жетілдіру қажет екенін айтып, Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады.

Оның пікірінше, зейнетақы жүйесі тек жасқа емес, еңбек өтіліне, денсаулық жағдайына және адамның нақты еңбек ету қабілетіне негізделуі тиіс.

Зейнетақыны негізінен жасқа қарап тағайындау моделінен біртіндеп бас тартып, еңбек өтіліне негізделген жүйеге көшу орынды, – деді ол.

Сондай-ақ сенатор денсаулық жағдайына байланысты, мүгедектік рәсімдемей-ақ, ерте зейнетке шығу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда кімдер өмір бойы қосымша зейнетақы алатыны жайлы жазған едік. 

Оқи отырыңыз