Жаңалықтар

400 мыңға жуық азамат казинолардың тұрақты клиенті - Тоқаев

400 мыңға жуық азамат казинолардың тұрақты клиенті - Тоқаев
Фото: t.me/aqorda_resmi 15.03.2024 16:15 541

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында халықтың бойындағы жаман әдеттер туралы мәселе көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мен былтырғы Құрылтайда балалар мен жастардың денсаулығына, яғни тұтас ұлттың болашағына орасан зор зиян келтіріп жатқан «вейптердің» таралуына тосқауыл қою үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін айттым. Қазір Парламентте вейптерді елге әкелген, оны өндірген және таратқан адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейтін заң жобасы қаралып жатыр. Бұл қадам бүгінде сәнге айналған осы бір қауіпті кеселдің таралуын едәуір шектеп, бетін қайтаратынына сенімдімін. Сондай-ақ ақпарат құралдары арқылы жан-жақты түсіндіру жұмысы жүргізілуге тиіс. Бұл – ұлт саулығына да, еліміздің абырой-беделіне де кесірін тигізетін әдет. Біз өркениетті ел боламыз десек, одан толық арылуымыз керек, - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, қоғамдағы тағы бір қауіпті дерт лудомания туралы сөз қозғады.

Сол сияқты тағы бір қауіпті кесел – лудомания, яғни құмарпаздық. Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады, - дейді Мемлекет басшысы.

Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады.

«Біз нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресу үшін кешенді жоспар қабылдадық. Үкімет лудоманиямен күреске қатысты дәл сондай жоспар қабылдауы керек. Құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қою қажет. «Amanat» партиясы фракциясының бастамасымен осы мәселе бойынша тиісті заң жобасы әзірленді. Парламентте қаралып жатқан сол жобаны осы сессияның соңына дейін қабылдау қажет. Біз жастардың құмар ойынға салынып, арзан табысқа ұмтылуына жол бермеуіміз керек. Адал еңбекпен тапқан табыс қана берекелі болады, - дейді Президент.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға