Жаңалықтар

40 жыл ұстаз болсаң да, 45 минуттық сабаққа дайындықпен бару керек - ауыл мектебінің мұғалімдері

40 жыл ұстаз болсаң да, 45 минуттық сабаққа дайындықпен бару керек - ауыл мектебінің мұғалімдері
Фото: Жеке мұрағаттан 05.10.2024 14:57 525

Мемлекет саясаты ауыл мен қала мектебінің арасындағы алшақтықты жақындастыруға бағытталған. Бұл бастамалар ауылда қалай жүргізіліп жатқанын ауыл мектебінің ұстаздарынан сұрап білдік, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Шәймерден Қосшығұлұлы жастайынан ауыл молдасынан хат танып, Науан Хазірет медресесі мен Бұқарада оқыған. Кейін есейе келе Наурызбай Таласұлы мешітінің жанындағы интернатта мұғалім болған.

Өзінің жолын мұғалімдіктен бастаған Шәймерден Қосшығұлұлы атындағы мектеп Ақмола облысы Біржан сал ауданы Қоғам ауылында оқушылардың талай легін тәрбиелеп шығарды. Бүгінде мектептен түлеп ұшқан түлектер бірқатар жетістікке жеткен. Ол осы білім ордасында еңбек етіп жүрген, мұғалімдіктен зейнетке шыққан ұстаздар еңбегінің нәтижесі болар. Оған қоса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл мен қала мектебінің білім алшақтығын қысқарту туралы тапсырма да берген болатын. Ұстаздар мерекесі аясында ауыл мұғалімдерінің тыныс-тіршілігімен таныстық.

Орта мектептің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан, елдегі бірталай реформалардың білім ордасында жүзеге асуын қамтамасыз еткен, 20 жыл аталған мектепте директор болған зейнеткер ұстаз Баян Зейнуллинамен әңгіме өрбіткен едік.

Ардагер ұстаз Прогресс совхозында 1958 жылы дүниеге келген. Орта мектептен кейін Щучье қаласындағы педагогикалық колледжде мектепке дейінгі тәрбиеші қызметін меңгеріп, туған жерінде балабақшада жұмыс істеген.

40 жыл ұстаз болсаң да, 45 минуттық сабаққа дайындықпен бару керек - ауыл мектебінің мұғалімдері

Ол кезде балабақшадағы балалардың басым бөлігі орыс тілінде сөйледі, қазақтың балалары аз болды. Кішкентай балалармен жұмыс істеу маған қиынға соқты. Сондықтан оқуымды одан әрі жалғастыруға бел будым. Көкшетау қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы университетте қазақ мектебінде орыс тілі мен әдебиетін оқытатын мұғалім мамандығын тәмамдадым. Кейін Шошқалы ауылында бір жыл еңбек еттім. Кейін ата-анама жақын болайын деп Қоғам ауылына ауыстым. Ол жерде бір жыл еңбек еткен соң оқу бөлімінің меңгеруішісі етіп тағайындады. Кейін мектептегі директор жұмысынан кетіп, оның орнына директор болып орналастым. Осылайша, 1996 жылдан бастап 2018 жылы зейнетке дейін мектеп директоры қызметін атқардым. Зейнетке шыққан соң да 6 жыл қатардағы мұғалім қызметін атқарып, орыс тілінен сабақ бердім. Зейнетке шыққаныма 8 жыл болды. Осы уақытта немере тәрбиеледім, - дейді Баян Өмірханқызы.

Оның айтуынша, ұстаздық ету, мұғалімдік - жол өте күрделі әрі берекелі жол.

Бұрын қариялар бата бергенде «мұғалім бол» дейтін. Сол кездегі жақсы сөздер қабыл болып, осы салада қызмет еттім деп ойлаймын. Мұғалім болу үшін балаларды жақсы көру керек, шын ниетіңмен оқушылардың мінез-құлқын қабылдау керек. Әрбір мектеп бала санымен емес, олардың дәрежесімен есептеледі. Кезінде мен білім берген оқушылар қазір мектепте мұғалім болып еңбек етіп жүр. Бұл - ұрпақтар сабақтастығы. Шәкіртіңнің жетістігін көргенде шаттанасың, қуанасың. Жақсы оқитын оқушыларды мұғалімдер «мен оқытқам, менің оқушым» деп мақтанышпен айтып отыратыны да ақиқат, - дейді ардагер ұстаз.

Зейнеткер ұстаздың айтуынша, мұғалімдік қызметте үнемі шыңдалып, біліктілікті арттырып отыру жұмыстың мызғымаз бөлігі болатын.

Ірі қалаларға оқыту іс-тәжірибелерінен өтіп, мұғалімдермен алған білімді бөлісіп отыратын едік. 2007 жылы ауылымызда екі қабатты жаңа мектеп салынды. Аудан басшылығы тәжірибе жинау үшін мені облысқа бағыттады. Мектептің белсенді жұмыс істеп, тазалықты сақтап, балалар білімінің сапалы болуына еңбек ету жолында тырысып бақтым. Мектепті жасыл-желекпен гүлдендіріп, өз арамызда түрлі байқаулар ұйымдастыратын едік. Мектеп салынған жылы мұғалімдермен бірігіп ағаш отырғыздық. Қазір ол жасыл желек жайқалып өсіп тұр. Мұғалімдердің арасында талантты, қолдары алтын ұстаздар да болады. Олардың әлеуетін ашып, сол талантын істе пайдалануға көмектесіп жіберу керек болады. Мен өзімді теория маманы емес, тәжірибеші деп ойлаймын. Себебі басқа жерден көрген жақсы дүниені өзімізге кіріктіруге тырысатын едім. Мұғалімдердің ішінде өз шәкіртім, он қолынан өнер тамған Мейрамбек Құсайынұлының еңбегін ерекше атап өткім келеді. Мектепті әрлеуге атсалысып, қолөнерден жасалған дүниелерді көбейтті», - дейді Баян Зейнуллина.

Ардагер ұстаз мектеп директоры қызметі кезінде оқу ордасына лауазымды тұлғалар да көп келгенін жеткізді. Еске салсақ, 2015 жылы мектептің алдына Шәймерден Қосшығұлұлының бюсті орнатылған еді. Ескерткіш-мүсіннің ашылу рәсіміне ұлт зиялысының келіні Сара Шәймерденова, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, республикалық Махамбет атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті ақын Серік Тұрғынбекұлы сияқты өзге де танымал азаматтар қатысқан еді.

Мектеп білім ордасы болғандықтан, онда білім алушыларға ұстаз анадай болып кетеді. Мен оқушыларыма мектеп екінші мешіт екенін жиі естеріне салатын едім. Онда қатты сөйлеп, дөрекі әрекет жасауға болмайтынын құлақтарына құйып отыратынмын. Оқушыларды өз балаңдай сүйіп, сену керек. Себебі мектеп кезіндегі оқушылар үшін сенімнің рөлі ерекше. Мектептегі мұғалімдердің жақсы білім, тәрбие бергенін олардың адалдығы мен мейірімділігінен байқайтын едік. Мұғалімнің баласына ерекше назар аударылады. Одан үлгі алу керек деп айтып жатады. Бірақ біз керісінше, өз балаларымызға тәрбиені аз беріппіз. Мектеп оқушыларында назарымыз көп болыпты. Үйден таңертең кетіп, кешке келесің, өз оқушыларыңның теріс әрекеті шықпаса екен деген ниет қалыптасады», - дейді ұстаз.

Баян Өмірханқызының айтуынша, қала мен ауыл мектебіндегі оқушылар білімінде айтарлықтай айырмашылық жоқ. Ауыл оқушылары білімнің сапасынан ұтылмайды.

Ауыл мектебінің оқушыларында биязылық, инабаттылық пен қарапайымдылық басымырақ болады деген ойдамын.Жұмыс кезінде қаланың мектебінен ауылға ауысқан оқушы болды. Қала оқушысының білімі біздің оқушылардан әлдеқайда жоғары болады деп ойладым. Алайда ондай айырмашылықты көрмедік. Ауыл мектебі оқушыларының білімі қала оқушысынан артық болмаса, кем түспеді, - дейді ол.

Сондай-ақ ұстаздың айтуынша, мектеп директорының қызметінің де машақаты көп.

Мұғалімдердің алдында педагогикалық кеңес, жиын, семинарларды өткізу көп дайындықты қажет етеді. Өзіңнің оқып-түйгеніңді, тәжірибеңді мұғалімдермен бөлісіп отыруың керек. Оған қоса директордың бойында адами қасиеттердің бар болғаны да абзал. Әрине, жұмысқа келгенде міндет-мақсатты, тәртіпті қамтамасыз етуді талап етесің. Бірақ сол талапшылдық пен мейрімділік қатар жүруі тиіс. Мысалы, директор қызметінде ұстаздардың киім үлгісіне де ерекше назар аударуға тырыстым. Мектептің ішінде қабырғаларында ой салатын нақыл сөз, жол ережесінің тәртіптерін орнаттық. Олардың барлығы әлі күнге дейін тұр, - дейді Баян Өмірханқызы.

Ардагер ұстаз өзін бақытты зейнеткер ұстаз деп есептейтінін айтты. Қазіргі арманы – ағылшын тілін меңгеру.

Шетелге шыққанда ағылшын тілінде еркін сөйлегім келеді. Немерем 5-сыныпта оқиды. Қазір маған ағылшын тілін үйретіп жүр. Себебі біздің кезімізде неміс тілін оқыдық. Заман талабына сай болғың келеді. Ең бастысы менің шәкірттерім алған білімдерін өмірде қолданып, керегіне жаратса екен деп ойлайсың», - дейп түйіндеді Баян Өмірханқызы. 

Ал бастауыш сыныпта білім беріп, оқушыларды ең күрделі кезең жасөспірім шаққа баптау бастауыш сынып мұғалімдерінің міндеті. Бастауш сыныптарыға білім беру де ерекше білік пен білімді қажет етеді. Сол міндетті орындап жүргендердің бірі - бастауыш сынып мұғалімі Сандуғаш Асқарқызы.

Сандуғаш Шәріпова 1988 жылдан бастап білім саласында еңбек етіп келеді.

40 жыл ұстаз болсаң да, 45 минуттық сабаққа дайындықпен бару керек - ауыл мектебінің мұғалімдері

Менің ұстаздық жолым анамның үлгісі ретінде қалыптасты. Себебі анам 40 жыл мектепте мұғалім болып жұмыс істеді. 1988 жылдан бастап Мақпал ауылында бір жыл мұғалім болып қызмет еттім. Бір жылдан кейін отбасы құруыма байланысты Қоғам орта мектебіне ауыстым. 30 жылдан астам уақыт мұғалім болып қызмет етіп келемін. Бастауыш сыныбына мұғалім болу күрделі әрі жауапкершілігі мол қызмет. Әрине, бастауыш сынып мұғалімі болу үлкен шыдамдылық пен қажырлықты қажет етеді. Себебі біздің қолымызға бала мектеп табалдырығын алғаш аттап, оңды-солын енді ажыратып жатқан кезінде келеді. 4 жыл бойы оның негізін қалыптастырып, әлемге деген көзқарасына алғашқы ұстазының әсері мол болады. Оқушыны өз балаңдай сүйе білу керек. Оның жанын түсіне білеуің керек, - дейді мұғалім.

Оның айтуынша, оқушыға білім нәрін сусындатып, қандайда бір дағдыларды қалыптастыру үшін шыдамды болуың да керек.

Әрине, ұстаз бен бала арасындағы этика мәселесі де бар. Ұстаз өз оқушыларына үлгі бола алатындай білімді, білікті, салмақты әрі инабатты тұлға болуы керек деп ойлаймын. Себебі енді жетіліп келе жатқан оқушылардың дүниені қабылдауы ұстазына да қатысты болады, - деді мұғалім.

Ұстаздың айтуынша, білім беру жолында өзіңді де қарудай сайлап, біліктілікті арттырып, үнемі ізденіс жолында жүру аса маңызды.

Үнемі шыңдалудың маңызы зор. Облыс, аудан, республикалық деңгейдегі курс, семинарларға барып тұрамыз. Білімнің көкжиегін кеңейтіп, газет пен журналдарды оқуымыз да үзілмейді. Себебі қазіргі заманның ағымы жылдам. Ақпарат та толассыз. Осындай қарқында мұғалімнің бәсекеге қабілетті болуы да міндет болып отыр, - деді ол.

Сондай-ақ мұғалімдік қызметті адал атқарып, алаңсыз оқушыларға білім нәрін сусындату үшін де отбасындағы қолдау ерекше рөл ойнайды.

Осы жылдар бойы мектептен кеш келіп, үй шаруасына үлгермей жатсақ та, жолдасымның бір ашуланғанын көрген емеспін. Менің жұмысыма үнемі қолдау көрсетіп отырады. Қазір балалар да ер жетті. Немере мен жиен сүйіп отырмыз. Мектепте білім берген соң өз балаларымның тәрбиесіне де талапшыл болдық. Бірақ одан ешкім жамандық көрмеді. Қазір елордамызда жақсы қызмет атқарып жүр, - дейді Сандуғаш Асқарқызы.

Қоғам орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін ұлағатты ұстаздардың бірі - Сәуле Шишанова. Ол ұстаздыққа қалай келгенін айтып берді.

40 жыл ұстаз болсаң да, 45 минуттық сабаққа дайындықпен бару керек - ауыл мектебінің мұғалімдері

Мен осы киелі Отанымыз Қоғамда өмірге келдім. Осы ауылдың мектебінде білім алып, шыңдалдым. Менің алғашқы ұстазым қазір марқұм болып кеткен Қизат апай болды. Білікті, талапшыл ұстаз еді. Ұстаздыққа келуім мектеп кезінде шешілді деп ойлаймын. Себебі оқушы кезімде қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі мен барлық сайыстарға қатыстырып, баптайтын еді. Содан кейін қазақ тілі мен әдебиетіне деген қызығушылығым оянды. Көкшеьтаудағы Шоқан Уәлиханов атындағы университетті тәмамдадым. Жалпы осы мектептегі еңбек жолымды 1998 жылы бастадым. 30 жылға жуық осы Шәймерден Қосшығұлұлы атындағы мектепте қызмет етіп келемін», - дейді Сәуле Кеңесқызы.

Мұғалімнің айтуынша, ұстаз болу- қиыны мен қызығы мол қызметтің бірі.

Оқушының жүрегіне жол таба білсең, онымен сырлас болсаң, кезінде жанашыр болып табылсаң, әрине, екінші анасы болып табылатының хақ. Тынбай ізденіп, шыңдалып отыру керек. 40 жыл ұстаз болсаң да, 45 минуттық сабағыңа дайындалып баруың керек. Ұстаз бойынша шыдамдылық, мейірім, адамгершілік деген қасиеттер басым болуы керек де ойлаймын. Ал мектепте ұстаз, үйде ата-ана болу өте күрделі. Әр ұстаздың басында болар, оның баласында ешқандай мін болмауы керек деп ойлайды. Сондықтан өз балаңа өте қатал боласың. Кейде өз балаңды еркелетіп, ақылыңды айтып сөйлесуге уақытың да болмай қалады. Себебі мектептегі шәкіртің бірінші орында болады, - дейді Кеңесқызы.

Ұстаздың айтуынша, қала мен ауыл мектебінде берілетін білім – бір. Алайда ауыл мектебінде қазақилық басым болады.

Ауыл мектебінен де талай Алтын белгі иелері шықты. Биыл екі оқушым Алтын белгі иегері атанып, грантқа ие болды. Ал 2024-2025 жылдары үш оқушы Алтын белгіге үміткер болып отыр. Сондықтан ауыл мекетбінде де білімді оқушылар, білікті ұстаздар баршылық. Ұстаздың басты арманы – оқушылардың амандығы. Ауылдағы тағы бір мәселе, жыл санап оқушылар саны азайып келеді. Жастар жұмсы аз болғандықтан, қалаға жол тартады. Сондықтан ауылдың болашағы, мектеп болашағы мені өте алаңдатады. Жол бойында жарқырап, екі қабатты жарқырап тұрған мектебіміз жабылып қала ма деген ой мазалай түседі. Сондықтан мектеп жұмысы алға басып, оқушы саны арта берсін деген ізгі ниет, тілек бар. Ауылдың қызы, келіні болған соң ауыл мен мектеп болашағына алаңдап отырасың, - дейді Сәуле Шишанова.

Қоғам орта мектебіндегі белді, білікті ұстаздардың бірі, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі – Сәния Шәріпова. Ол да Біржан сал ауданындағы Қаратал ауылында дүниеге келген. Тұрмыс құрып, Қоғам ауылына көшіп келген. Қазір 5 баланың анасы.

40 жыл ұстаз болсаң да, 45 минуттық сабаққа дайындықпен бару керек - ауыл мектебінің мұғалімдері

Мұғалім болуды бала кезден армандайтын едім. Аралас мектепте орыс сыныбында 11 жыл оқыдым.Сынып жетекшіміз орыс тілінің мұғалімі болатын. Ол кісіге дәптер тексеруге көмектесіп, түрлі олимпиадаларға қатысатын едім. Орыс тілінің мұғалімі болсам дейтін ниетім болатын. Бірақ ол арманыма бірден жетпедім. Туған ауылымда екі жыл еңбек еткен соң тұрмыс құрдым. Балалы-шағалы болып, кейін жолдасымның жанында шаруа қожалығында көмектестім. Ол жерде енді сиыр да саудық, аспаз да болдық. Үшінші ұлым дүниеге келген соң, енемнің ақылымен мектепке жұмысқа шықтым. Енем өте дана адам болатын. Әрине, бастапқыда жолдасым қарсы болып, барлығын өзім қамтамассыз етемін деген еді. 2007 жылы ауылымызға жаңа мектеп ашылғанда енем «сенің де қолыңнан келеді, осындай әдемі мектепте жұмыс істеуің керек» деп шабыттандыратын еді. Мен өзіме сенімсіздік таныттым. Себебі үйде балалармен отырып қалдым. Бірақ қолдаудың нәтижесінде жігерім арта түсті. Алғашқы білімім бастауыш сыныбының мұғалімі еді. Кейін Шоқан Уәлиханов атындағы университетте орыс тілі пәнінің мұғалімін сырттай тәмамдап алдым», - дейді Сәния Сайлаубекқызы.

Оның айтуынша, бұл мамандықты оқу кезінде де марқұм енесі Күмісжан Шәріпованың септігі тиген.

Қызым кішкентай еді, сессияларды тапсыруға енем менімен бірге баратын. Емтихан тапсырып жүргенде қызыма қарап қалатын. Осылайша, үш адам болып жүріп университетті тәмамдап, өзімнің сүйген мамандығыма қол жеткіздім. Қоғам мектебінде 18 жыл қызмет атқарып келемін. 2017-2022 жылдар арасында мектеп директоры қызметін атқардым. Қазір орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беремін. Қазірдің өзінде бір жетістікке жетіп, еңбегімнің жемісін көргенде енемнің арқасы екенін айтып отырамын. Кәсіби түрде шыңдалуыма себепші болған жолда ол кісінің қолдауы зор, - дейді ұстаз.

Мұғалімнің айтуынша, мектеп екінші отбасы болған соң, ұстаз екінші ана болады.

Анасы өз баласына қалай қарайды, мұғалім де оқушыға тура солай қарауы керек. Мұғалімнің бойында болуы керек алғашқы қасиет – мейірімділік. Балаларды шын жақсы көріп, өзі пәніңе қызықтыра біліп, оқуға баулу керек. Ол да маңызды қабілеттердің бірі. Қазір аумалы-төкпелі заманда ақпарат қарқыны, өзгерістер де өте көп. Мұндайда сабырлықтың рөлі зор. Сабырсыз болсаң, ашу да көбейеді. Ал ашуланып жүрсең ол оқушыларға да сезіледі. Ал мұғалім деген киелі ұғымды төмен түсірмей, биікке көтеріп жүру үшін сабырлы болғаның жөн, - дейді Сәния Шәріпова.

Оның айтуынша, қазір цифрлық технологиялар кезеңі. Оны оқу процесінде заманауи мұғалім қолдана білуі керек.

Мектебімізде 5 мультимедиялық кабинет бар. Оны түрлі сабақтарда ауысып технологиясын пайдаланамыз. Заманға сай технологиялық жаңашылдықтарды қолдана білу мұғалімге үнемі дамып, біліктілігін арттыра түсуді қажет етеді. Білім беруші мамандарды ол бабында ұстап отырады. Ал қала мен ауыл мектебінің білімі арасындағы айырмашылық көп деп айта алмаймын. Бірақ қалада цифрлық технологияға қолжетімділік бойынша артықшылықтар көп. Ауылда интернеттің жағдайына қатысты мәселе туындап жатады. Ауылымыздағы шағын жинақты мектепте сабақ берудің жөні бөлек. Бала саны аз болса да, мектептен 3 жыл қатарынан «Алтын белгіге» үміткерлер шықты. Сондықтан қаланың білімінен қалып бара жатырмыз деп ойламаймын, - дейді ұстаз.

Әдетте мұғалімнің оқушы мен өз баласына тәрбиесі жағынан айырмашылық бар. Өз баласына уақыты жетпей, қаталдық көрсететіні жайлы таптаурындар болады. Сәния Сайлаубекқызы бұл бойынша өзінің тәжірибесімен бөлісті.

Қызым «сіз мектептегі оқушыларыңызға жұмсақсыз, бізге қаталсыз» деп жатады. Қатал болғанда да енді қатты сондаймын деп ойламаймын. Үйдегі бала-шағаңның тірлігін күнде көрген соң, оларға сыни көзбен қарауымыз мүмкін. Ол мектепте де солай болады. Өз балаңа сабақ берсең де сондай талапшыл боласың. Қызым үйге келген соң әкесіне айтып отырады, «анам маған осылай деді, басқаларына олай айтпады» деп. Енді бұл жерде балалардың өзіне деген қабылдаушылығы басым шығар. Өз балаларыма да сабақ берген ұнайды. Үш балама да сабақ беріп үлгердім. Олар мектеп бітіріп кетті, - дейді Сәния Шәріпова.

Мұғалім атап өткендей, қазақ ауылы, мектебі болғандықтан орыс тілін меңгеруоқушыларға  қиынға соғып жатады.

Бірақ балалар орыс тілін меңгеруге тырысады. Аудандық, облыстық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жатады. Алайда өз шәкіртімнің ішінен «мен де орыс тілінен сабақ бергім келеді» дегенді қалаймын. Қазіргі арманым осындай болып отыр. Қазіргі кезде шағын жинақты мектептердің басындағы мәселе - оқушының аздығы. Сыныптар қосылып жатыр. Мектептің қуаттылығы 122 орын, бірақ оның жартысы ғана қазір білім алып жатыр. Ауылымызға адамдар көшіп келіп, балалар қосылып, мектебіміз толығып 120 оқушы білім алса екен деген ниетіміз бар, - дейді Сәния Шәріпова.

Оның айтуынша, мұғалімдік қызметте балалармен жұмыс істеу- үлкен бақыт.

Бала кезден армандап, сүйіп жұмыс істеген қызметіңнен ләззат алудың жөні бөлек. Күнде мектепке барарда менің бала кездегі орындалған арманым деп шүкіршілігімді айтып отырамын, - деп түйіндеді Сәния Сайлаубекқызы.

P.S. 5 қазан Ұстазар күнімен барша қазақстандық мұғалімдерді құттықтаймыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға