Мәскеуде белгілі скрипкашы Наталья Маурер қайтыс болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Baza ақпарат көзі мәлімдеді. 3 мамыр күні 40 жастағы Наталья Маурердің денесі Мәскеудегі пәтерлердің бірінен табылған. Бұл пәтер "Көз микрохирургиясы орталығының" аға ғылыми қызметкері, хирург-дәрігер Алексей Паштаевқа тиесілі екені анықталды.
Тергеу мәліметтері бойынша, Наталья Маурер мен Алексей Паштаев бірге тұрған. 11 мамырда сот Алексей Паштаевты қамауға алды. Оған "денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіріп, абайсызда өлімге әкелу" бабы бойынша айып тағылып отыр. Тергеу нұсқасына сүйенсек, ер адам жанжал кезінде Наталья Маурерді қатты соққыға жыққан, нәтижесінде әйел қайтыс болған. Паштаев 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Наталья Маурер кәсіби скрипкашы ретінде өнер көрсетіп, күйеуі, Нижний Новгород опера және балет театрының балет солисі Артем Маурермен бірге сахнаға шыққан. Марқұмның артында үш баласы қалды. Наталья Маурер туған жері — Нижний Новгородта жерленді.
