Жаңалықтар

40 мыңнан астам талапкер ҰБТ тапсырды

40 мыңнан астам талапкер ҰБТ тапсырды
Фото: El.kz 26.05.2023 21:47 1272

Негізгі ҰБТ басталғаннан бері 40 мыңнан астам адам тест тапсырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ғылым және жоғары білім министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, талапкерлердің 70%-ы қазақ тілінде, 30%-ы орыс тілінде, 50 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті.

ҰБТ басталғалы шекті балды 76%-ға жуық талапкер жинады. Орташа балға келетін болсақ, ол 68 балды құрады. Ең жоғары балл – 137.

Негізгі ҰБТ-ның бірінші аптасы аяқталды. Тестілеу 5 шілдеге дейін өтеді. Естеріңізге сала кетсем, тестілеуге қатысуға екі мүмкіндікті есепке алғанда 305 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Қазіргі таңда тестіленушілердің басым бөлігі, атап айтқанда, 20%-ы «Математика-Физика» пәндер комбинациясын тапсырды. 14%-ы «Биология-Химия» комбинациясын таңдаған. Ең аз таңдалатын комбинация – «Химия-Физика», оны 50 адам тапсырған, - деп атап өтті ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға бірінші аптада 108 талапкер қатысқанын айта кеткен жөн.

Талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады. Сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.

Бүгінгі таңда 50 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 39 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Өзге тұлғалар анықталған жоқ.

Айта кетсек, 2023 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға