Қазақстанның оңтүстігі мен батысында аптап ыстық сақталып, кей өңірлерде ауа температурасы +40 градусқа дейін көтеріледі.
Ал елдің солтүстігі мен шығысында жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. «Қазгидромет» синоптиктері 8-10 тамызға арналған ауа райы болжамын жариялады.
Ел аумағының басым бөлігіне антициклон әсер ететіндіктен, көптеген өңірде жауын-шашын күтілмейді. Дегенмен шығыста, сондай-ақ оңтүстік пен оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында нөсер жаңбыр, найзағай және бұршақ болжанып отыр.
Оңтүстікте +40 градусқа дейін ыстық болады
Түркістанда күндіз ауа температурасы +38...+40 градусқа дейін көтеріледі. Жауын-шашын болмайды, алайда жел екпіні күшеюі мүмкін.
Қызылордада +37...+39 градус ыстық сақталады. Күн ашық болып, жауын-шашын күтілмейді.
Шымкент, Атырау және Тараз қалаларында күндіз ауа температурасы +34...+37 градус аралығында болады. Таразда жел күшейеді, ал қалған қалаларда жауын-шашын болжанбайды.
Ақтау, Ақтөбе және Оралда термометр бағаны +32...+35 градусты көрсетеді. Елдің батысында негізінен құрғақ әрі ыстық ауа райы сақталады.
Алматыда демалыс күндері аптап ыстық
Алматыда 8 тамызда күн құбылмалы бұлтты, жауын-шашынсыз болады. Түнде ауа температурасы +19...+21 градус, күндіз +32...+34 градусқа дейін көтеріледі. Солтүстік-шығыстан секундына 3–8 метр жылдамдықпен жел соғады.
9-10 тамызда да жауын-шашын күтілмейді. Түнде +20...+22 градус болса, күндіз аптап ыстық күшейіп, ауа температурасы +33...+35 градусқа жетеді.
Қонаев пен Талдықорғанда да күндіз +32...+35 градус ыстық болады. Күн құбылмалы бұлтты болғанымен, жауын-шашын болжанбайды.
Астанада күн қайта ысиды
Елордада 8 тамызда ауа райы жауын-шашынсыз болады. Түнде +11...+13 градус, күндіз +27...+29 градус күтіледі. Солтүстік-шығыстан секундына 3-8 метр жылдамдықпен жел соғады.
9 тамызда күндіз ауа температурасы +31...+33 градусқа дейін жоғарылайды. Түнде +13...+15 градус болады. Жел оңтүстік-шығыстан секундына 5-10 метр жылдамдықпен соғады.
Ал 10 тамызда елордада аптап ыстық орнайды. Түнде +17...+19 градус, күндіз +34...+36 градусқа дейін жетеді. Жауын-шашын күтілмейді.
Солтүстік пен шығыста салқындау
Солтүстік өңірлерде ауа температурасы салыстырмалы түрде төмен болады. Күндіз +21...+28 градус шамасында сақталады. Көкшетау, Қостанай және Петропавлда айтарлықтай жауын-шашын күтілмейді.
Орталықта ауа температурасы әркелкі болады. Қарағанды мен Жезқазғанда күндіз +27...+35 градус аралығында болжанып отыр.
Павлодар мен Семейде жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. Өскеменде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Шығыста күндіз ауа температурасы +26...+30 градус шамасында болады.
Жел күшейіп, өрт қаупі сақталады
Павлодар, Петропавл, Тараз және Түркістанда желдің екпіні секундына 20 метрге дейін жетуі ықтимал. Оңтүстік өңірлерде шаңды дауыл тұруы мүмкін. Ал батыс пен солтүстіктің кей аудандарында түнде және таңертең тұман түседі.
Атырау, Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыстарында төтенше өрт қаупі сақталады. Сондай-ақ батыс, солтүстік, орталық және оңтүстік-шығыс өңірлердің жекелеген аудандарында өрт шығу қаупі жоғары болады.