Астанада «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды. Биыл байқауға еліміздің әр өңірінен 3 611 отбасы өтінім беріп, республикалық кезеңге 20 өңірден 20 отбасы қатысты. Олардың арасында ата кәсібін бірнеше ұрпақ бойы жалғастырып келе жатқан еңбек әулеттері, ұстаздар, өнерлі отбасылар мен көпбалалы ата-аналар бар.
Салтанатты жиында отбасы құндылықтары, ұрпақ тәрбиесі және қарапайым еңбек адамдарының өнегесі сөз болды. Марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев отбасының азамат тәрбиелеудегі рөліне тоқталды. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жан-жақты дамыған тұлға, жауапкершілігі зор азамат және Отанға деген сүйіспеншілік отбасында қалыптасатыны туралы сөзін атап өтті.
Адалдық пен мейірім, еңбекке құрмет бала бойына ең әуелі отбасында сіңеді. Үлкендердің күнделікті өнегесін көріп өскен ұрпақ сол қасиеттерді өміріне серік етеді. Әділетті қоғамның негізі осындай тәрбиеден қаланады, – деді министр.
Арман Қырықбаев өз сөзінде жаңа Конституцияда отбасы құндылықтарына айрықша мән беріліп, неке мен отбасының, ана, әке мен баланың мемлекет қорғауында болуы бекітілгенін айтты. Министр мұны отбасы институтын қолдауға бағытталған мемлекеттік ұстанымның көрінісі деп бағалады.
Айтуынша, бүгінде Қазақстанда 6 миллионға жуық отбасы бар. Әр шаңырақтың амандығы, балалардың қауіпсіз әрі мейірімге толы ортада өсуі мемлекеттік отбасы саясатының басты басымдықтарының бірі саналады. Осы бағытта елімізде 160 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді.
Министр байқауға қатысқан отбасылардың қоғамға қосқан үлесіне де тоқталды. Олардың арасында бала асырап алған, ауыл мектебіне қолдау көрсеткен, елге қажет кезде көмекке келген азаматтар бар.
Конкурстың мақсаты да осындай өнегелі істерді елге таныту. Бүгінгі лауреаттардың әрқайсысының өмірінде осындай тағылым бар. Сіздердің еңбектеріңіз бен жетістіктеріңіз арқылы жас ұрпақ отбасының қадірін, сыйластықтың мәнін, елге қызмет етудің маңызын түсінеді, – деді Арман Қырықбаев.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы 2014 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Осы жылдар ішінде оған еліміздің барлық өңірінен 20 мыңнан астам отбасы қатысқан. Биыл өтінім берген 3 611 отбасының 2 194-і – көпбалалы, 1 417-сі – жас отбасы. Қатысушылар арасында педагогтер отбасылары ең көп санатты құрады.
Сондай-ақ қатысушылар арасында түрлі этнос өкілдері мен ұлтаралық некеден құрылған отбасылар болды. Іріктеу барысында кәсіби, ғылыми, білім беру, шығармашылық, спорттық және қоғамдық қызметтегі жетістіктермен қатар, бала тәрбиесіне, ұлттық дәстүрді сақтауға және отбасы мүшелерінің қоғам өміріне араласуына мән берілген.
Балықшылар әулеті
Биылғы жеңімпаздардың қатарында Жамбыл облысынан келген Теңізбаевтар әулеті бар. Бұл отбасында балықшылық кәсібі үш ұрпақ бойы жалғасып келеді. Әулеттің отағасы Теңізбай Ибраимовтың орны ерекше. Ол 30 жылдан астам уақытын балық шаруашылығына және Мыңарық балық зауытының дамуына арнаған. Еңбекқорлығы мен кәсібіне адалдығы арқылы балаларына үлгі болып, отбасылық еңбек әулетінің негізін қалаған.
Жұбайы Күміс Бәкіровамен бірге алты ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінде Күміс ана 36 немере мен 38 шөбере сүйіп отыр. Ақжаулықты қарияның айтуынша, отбасының тіршілігі Балқаш көлімен тығыз байланысты. Жолдасы жалғастырған кәсіпті бүгінде балалары қолға алған.
Бүгінде төрт балам бригадамен балық аулайды. Ауылымызда балық зауыты бар. Олардың аулаған балығы шетелдерге экспортталып жатыр, – деді Күміс Бәкірова.
Осылайша, бір кезде отбасының күнкөрісіне айналған кәсіп кейінгі ұрпақтың да еңбек жолын айқындаған. Әулеттің бүгінгі жетістігі бірнеше буынның балық шаруашылығына қосқан үлесімен сабақтасып жатыр.
Елу үш жыл бірге ғұмыр кешкен жұп
Қостанай облысынан келген Биекиндер отбасы «Мерейлі отбасы» байқауына алғаш рет қатысқан. Өңірлік кезеңде жеңімпаз атанған әулет республикалық марапаттау рәсіміне жолдама алған.
Ерлі-зайыптылардың шаңырақ көтергеніне 53 жыл болды. Бүгінде олар 14 немере мен бір шөберенің қызығын көріп отыр.Отбасының отағасы Қапар Шайсұлтанұлы байқауға қатысуды өздері үшін ерекше оқиға деп қабылдайды.
Бірінші рет қатысып отырмыз. Қостанай облысы бойынша жеңімпаз болып, республикалық конкурсқа келдік. Мұндай шаралардың тәрбиелік маңызы зор. Әсіресе, жас отбасылар үшін ұзақ жыл бірге өмір сүрген ерлі-зайыптылардың тәжірибесі, ұрпақ тәрбиелеудегі ұстанымы мен отбасылық дәстүрі өнеге болады, – деді ол.
Жарты ғасырдан астам уақытты бірге өткерген жұптың бүгінгі қуанышын балалары, немерелері мен шөбересі толықтырып отыр.
Ұстаздық пен өнерді ұштастырған отбасы
Алматы облысының Кеген ауданынан келген Бақашовтар отбасында ұстаздықтың орны бөлек. Әулеттің отанасы Дәмеш Мұқатайқызы білім беру саласында 41 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол — тәжірибелі ұстаз әрі тәлімгер.
Бақашовтар отбасы байқауда кәсіби жетістіктерімен қатар, өнерлерін де көрсеткен. Дәмеш Мұқатайқызының айтуынша, отбасында ән айту дәстүрі бар.
Конкурста әртүрлі өнерімізді көрсеттік. Балаларым мен немерелерім ән айтады, өзім де ән айтамын. Біз – педагогтер отбасымыз, – деді ол.
Дәмеш Мұқатайқызы «Мерейлі отбасы» байқауын қарапайым отбасылардың еңбегін бағалауға мүмкіндік беретін шара деп санайды. Оның айтуынша, күнделікті қызметімен, бала тәрбиесімен, қоғамға қосқан үлесімен ерекшеленетін шаңырақтардың марапатталуы қатысушыларға қуаныш сыйлайды.
Бақашовтар әулетінде ұстаздық еңбек пен өнерге қызығушылық қатар өрілген. Байқау отбасы мүшелеріне осы ортақ құндылықтарын көпшілікке көрсетуге мүмкіндік берген.
Марапаттау рәсіміне жиналған отбасылардың өмір жолы әртүрлі. Осы отбасылардың тарихынан бала тәрбиесінің күнделікті тіршілікпен, ата-ананың еңбегімен және үлкендердің ісімен сабақтас екенін көруге болады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram