Астанада Қазақстан футбол федерациясы өткен әйелдер лигасының жаңа маусымының таныстырылымында бұрын көп айтыла бермейтін, бірақ саланың болашағына тікелей әсер ететін мәселелер қозғалды. Кәсіби клубтар арасындағы жарыстарды ұйымдастыру дирекциясының менеджері Айжан Кенжина әйелдер футболы соңғы жылдары қалай өзгеріп жатқанын ашық айтып берді.
Оның сөзінше, бүгінгі басты мақсат – әйелдер футболын толыққанды кәсіби деңгейге шығару. Өйткені бұған дейін бұл салада жүйе толық қалыптаспаған.
Бұрын қыздардың көбі контрактісіз ойнайтын. Кейде тек шетелден келген ойыншылармен ғана келісімшарт жасалатын, ал қалғандары жай қатысушы сияқты тіркелетін. Қазір біз соны өзгертіп жатырмыз. Әрбір ойыншы жалақы алатын, кәсіби футболшы ретінде тіркелуі керек,– дейді ол.
Бұл өзгеріс ең алдымен ойыншылардың мәртебесіне әсер етті. Енді әйелдер футболы – жай қызығушылық емес, нақты мамандық ретінде қарастырыла бастады. Соған сәйкес шетелге шығу мүмкіндігі де кеңейген. Бұрын сирек кездесетін жағдай қазір біртіндеп қалыпты тәжірибеге айналып келеді.
Қазір шетелге кететін қыздардың бәрі келісімшартпен кетеді. Агенттер арқылы жұмыс істейді. Минималды жалақысы шамамен мың доллардан басталады. Бұл – қыздар үшін үлкен мотивация, – дейді Айжан Кенжина.
Ішкі чемпионаттағы жалақы да айтарлықтай өзгерген. Бұрын тұрақты табыс болмаған болса, қазір нақты деңгей қалыптаса бастаған.
Орташа жалақы 300 мың теңгеден басталады. Кейбір клубтарда 1 миллион теңгеге дейін жетеді. Мысалы, Ақтөбеде ойнайтын, ұлттық құраманың ойыншылары 800 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейін алады, – дейді ол.
Жалпы, әйелдер футболының жағдайы соңғы жылдары тек қаржы жағынан емес, құрылымдық тұрғыдан да өзгерген. Мысалы, былтыр федерация әйелдер арасындағы чемпионатты жаңартып, 14 командадан тұратын лиганы іске қосқан. Ал биыл қатысушылар саны 19 клубқа дейін артқан. Бұл – елдегі әйелдер футболына деген қызығушылықтың өсіп келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар әйелдер футболын дамыту федерацияның 2025-2030 жылдарға арналған стратегиялық даму бағдарламасының негізгі бағыттарының біріне айналған. Осы жоспар аясында Талғар қаласындағы ҚФФ академиясы базасында арнайы әйелдер футболы бөлімі ашылмақ.
Халықаралық деңгейде де сенім артып отыр. УЕФА Қазақстанға әйелдер футболы бойынша турнир өткізу құқығын берген. Келесі жарыс 2026 жылдың 3-8 мамыры аралығында Талғарда өтеді. Инфрақұрылым жағынан да өзгеріс бар. Бұрын базалық жағдайдың өзі жетіспегенін маман жасырмайды.
Бір кезде қыздар ерлерден қалған форманы киіп ойнаған кездер болды. Қазір ондай жоқ. Барлығы қамтамасыз етіледі: форма, бутсы, тамақтану. Тіпті күнделікті калориясы да есептеледі. Яғни, спорттық режим толық сақталады, – дейді ол.
Жаңа маусымда талаптар да күшейген. Соның бірі – медициналық қамтамасыз ету.
Былтыр көп клубта дәрігер болмады. Табу да қиын болды. Биылдан бастап нақты талап қойылды: командамен бірге жоғары білімі бар дәрігер жұмыс істеуі тиіс. Өйткені футболда жарақат күтпеген жерден болады, – дейді Айжан Кенжина.
Сонымен қатар әр клубта медиаофицер болуы міндеттелген. Бұл әйелдер футболын ақпараттық тұрғыдан дамыту үшін қажет.
Әр клубтың өз аудиториясы болуы керек. Қыздардың бәрі әртүрлі, қызықты, әдемі. Бірақ көп адам оларды бір стереотиппен қарайды. Біз соны өзгерткіміз келеді, – дейді ол.
Көрермен тарту мәселесінде де оң өзгерістер байқала бастаған. Былтыр Ақтөбеде өткен ойын – соның дәлелі.
Біз алғаш рет билет саттық. Бағасы 500 теңге болды. Соған қарамастан 10 мың адам келді. Бұл – өте жақсы нәтиже. Демек, қызығушылық бар, – дейді маман.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Оның айтуынша, әйелдер футболы бірден ерлер лигасының деңгейіне жетпейді. Бірақ қазір бастысы – дұрыс бағыт таңдалған.
Біз бірден жоғары деңгей талап ете алмаймыз. Бірақ жыл сайын жаңа талаптар енгізіп жатырмыз. Қазір ең маңыздысы – жүйе қалыптастыру, – деп қорытындылады Айжан Кенжина.
Бүгінде Қазақстанда әйелдер футболы жаңа кезеңге қадам басты. Жаңа маусым – соның айқын дәлелі.
Айта кетейік, бұған дейін біз жолы болмаған жұлдыз-ойыншылар туралы да жазған едік.