30 жылдық тарих аяқталды: Қазақстан Сенаты соңғы рет бас қосты

 Сенаттың баспасөз қызметі
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Бүгін Қазақстанда VIII сайланған Сенаттың төртінші сессиясының қорытынды пленарлық отырысы өтті. Бұл – 1995 жылғы Конституция негізінде жұмыс істеген қос палаталы Парламент Сенатының 30 жылдық тарихындағы соңғы отырыс. Жиын Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өтті. Ол Президентке, депутаттарға, Сенат аппаратының қызметкерлеріне және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне атқарылған бірлескен жұмыс үшін алғыс білдірді.

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 30 жылдық тарихындағы соңғы отырысы өтті. Ертең Палаталардың бірлескен отырысында Парламенттің кезекті сессасы ресми түрде аяқталады, – деді Мәулен Әшімбаев.

Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Оның айтуынша, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа Конституцияға сәйкес Парламенттің өкілеттігі тоқтатылады. Ал тамыз айында жаңа жоғары өкілді орган – Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді.

Сенат төрағасы қос палаталы Парламенттің 30 жыл ішінде елдің заң шығару жүйесінің қалыптасуына елеулі үлес қосқанын атап өтті.

Оның мәліметінше, осы уақыт аралығында Сенатта 890-нан астам пленарлық отырыс өткізіліп, 3,5 мыңнан астам заң қабылданған.

Сенат өз қызметінде әрдайым халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидатын ұстанды. Депутаттар өңірлерге тұрақты барып, реформаларды түсіндіріп, азаматтарды толғандырған мәселелерді көтерді. Үкіметпен, мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен нәтижелі жұмыс жүргізілді, – деді Сенат спикері.

Мәулен Әшімбаев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне де ерекше алғыс айтып, журналистердің Парламент жұмысы туралы қоғамды кәсіби әрі объективті түрде ақпараттандырғанын атап өтті.

Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Еске салайық, 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда қазақстандықтар жаңа Конституцияны қолдады. Жаңартылған Негізгі заң 1 шілдеден бастап күшіне енеді.

Жаңа Конституцияға сәйкес Қазақстан Парламенті бір палаталы заң шығарушы органға айналады. Сенат таратылып, оның орнына жаңа заң шығарушы орган – Құрылтай құрылады.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай депутаттарының сайлауы 2026 жылдың тамыз айында өтетінін мәлімдеген еді.

Оқи отырыңыз