Жаңалықтар

«30 жыл бойғы жемқорлық». Депутат елдегі су қоймалар мен бөгеттер 50-70 жылдары салынғанын айтты

«30 жыл бойғы жемқорлық». Депутат елдегі су қоймалар мен бөгеттер 50-70 жылдары салынғанын айтты
Фото: primeminister.kz 17.04.2024 17:49 371

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы арнасынан адасып аққан судың салдарынан өмір бойы жиған-терген дүниесінен, үйінен, мал-мүлкінен, қара шаңырағынан қапыда айырылған ағайынның өтінішін айтып, үкімет басшысына сауал жолдады, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.  

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құзырлы мекемелер, яғни әкімдіктер, Төтенше жағдайлар министрлігі, Су ресурстары министрлігі бірлесіп жұмыс жасамай, жауапкершілік алудан қашып, жұмысты бір-біріне сілтеп отыратынын айтқан еді. Жағдай осылай жалғасатын болса, тиісті қызметкерлерді лауазымынан босату қажет екенін жеткізді.

Депутат Атырау облысындағы Құлсары қаласы мен Батыс Қазақстан облысындағы ахуалды көзбен көріп қайтқанын айтты.

Сөзінше, Құлсарыда 2900 үй су астында қалған. Батыс Қазақстан облысындағы ахуал да көңіл көншітпейді, қазірдің өзінде 1226 үйді, 1905 саяжайды су басып қалған. 450 үй қирап қалды. Ендігі қатер Жайық өзенінен. Жайықтың көрші елдегі ең жоғарғы деңгейі 11,87 метр болды, енді сол су біздің елге  қарай жөңкілеп келеді. Жайық өзені БҚО-ң 600 шақырым жеріне ағып өтеді, ондағы арнаның ең биік нүктесі 8,5 метр. Демек келе жатқан су қалыптағыдан 3 метрден астам жоғары. Жайықтың бойында 84 елді-мекен бар, ол жақта 126 000 адам тұрады деген дерек алдық. Ел елеңдеп отыр, үрей де жоқ емес.

Әлеуметтік желіге бір видеоны жүктедім, көрген шығарсыздар. Елмен кездесуге барсақ анамыздың үш кішкентай баласымен бірге құмды қапқа салып жатқанын көрдік. «Неге қапшық көтеріп жүрсіз балалармен, ауыр ғой» - деген сөзімізге: «Әкеміз вахтаға кетті, бізге «елге көмектесіңдер» деді» деп жауап берді. Бұл біз көп айтатын бірлік деген сөздің нағыз көрінісі болды.  Су басқан өңірлердегі басты мәселенің бірі өтемақы, ол халыққа жедел және әділетті, толық көлемде төленуі тиіс және комиссиялар су кеткенін күтпей қазірден бастап үйлерге жүзіп барып аралық акт жасауы шарт. Бұл өңірдегі басты мәселеле, - деді мәжілісмен.

Нартай Аралбайұлы қарапайым халықты кедейлікке әкелген бұрынғы жүйенің бай-бағландары қазіргі табиғи апаттан ұпай жинау үшін жанталасып жатқанына тоқтала кетті.  

Қазіргі су тасқынының бетін қайтаруы тиіс болған бөгеттер мен бөгендердің салынбауы, каналдардың ретке келтірілмеуі 30 жыл бойғы салғырттық екенін, 30 жыл бойғы жемқорлық екенін тәуелсіздік алғалы қазақты қан қақсатып тонағандар мойындағысы келмейді, - деді ол.

Айтуынша, Қазақстандағы су қоймалары мен бөгеттер 50-70 жылдары салынған. 1990 жылдан ол жерлер жөндеу көрмеген. Жаңа су қоймалары салынбаған. Биылғы тасқынның алдын алу неге мүмкін болмады деген сұрақ туады. Оған себеп ғылымға жағдайдың жасалмауы. Салдарынан 90-шы жылдардың тоқырауында 40 мың ғалым саланы тастап кетуге мәжбүр болған.

Осынша олқылыққа, яки қылмысқа жол берген 30 жылдық ескі жүйенің шабармандары, бүгінгі жаңа буынға қарсы ақпараттық соғыс ашып әлек. Олар жалған ақпараттың жарға жығатынын білсе де, ағайынды арандату үшін барын салып әлек. Бірақ олар қазақтың бірлікті бірінші орынға қоятынын және ұлтының қамын құлқынының қамынан артық қойғандарды ұмытпайтынын білу керек. Арнасынан адасып аққан судың астында қалған ағайынның мәселесін бір депутаттық сауалға сыйғызу мүмкін емес. Өңірден келген депутаттар әр проблемамен жеке-жеке айналысады. Шешуге мұрындық болады, себебі басты міндет елдің талабын орындау, - деді Нартай Аралбайұлы үкіметке жолдаған сауалында.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға