Жаңалықтар

30 мыңға жуық шақыртуға барған фельдшер: «Сапқа тұрған сарбаз секілді кез келген уақытта дайынбыз»

30 мыңға жуық шақыртуға барған фельдшер: «Сапқа тұрған сарбаз секілді кез келген уақытта дайынбыз»
Фото: Қанат Шәкіровтің жеке мұрағаты 21.01.2024 16:05 2623

Шымкенттік медицина қызметкері Қанат Шәкіров 2023 жылғы республикалық конкурс нәтижелері бойынша жедел медициналық көмектің үздік фельдшері атанды. 15 жылдан астам ғұмырын жедел жәрдем қызметіне арнаған маман бүгінде ауыр немесе өмірге қауіп төндіретін науқастарға медициналық алғашқы көмек көрсетіп келеді. Науқастардан алған алғысы да ұшан-теңіз. Десе де ел арасында жедел жәрдем қызметіндегілер науқасқа жедел жетпейді деген пікірлерді жиі естіп жатамыз. Ал оның себебі неде? Жалпы елімізде медицина саласына, соның ішінде шұғыл түрде алғашқы көмек көрсететін мамандарға тиісті көңіл бөлініп келе ме? Осы және өзге де сұрақтарға бүгінгі кейіпкеріміз жауап берді.

El.kz: Қанат Маханбетқұлұлы, алдымен жеңісіңіз құтты болсын! Республика бойынша қаншама кәсіби маманның ішінен суырылып шығып, үздік атану кез келген адамға бұйыра бермейтін бақ деуге келеді. Осы ретте конкурсқа тоқталып өтіңізші...

Қанат Шәкіров: Көп рахмет! Өзім үшін де бұл күтпеген жеңіс болды деуге келеді. Негізі конкурс алғашында өңірлік деңгейде өткен болатын. Яғни, Шымкентте өтті. Ол жерде теориялық-практикалық тұрғыда өзара бақ сынастық. Содан жеңіске жетіп, республикалық байқауға жолдама алдым. Онда еліміздің әр өңірінен келген финалистер қатысты. Іріктеу болды. Республикалық кезеңде қатысушының тәжірибесі, еңбек өтілі, жеткен жетістіктері деген секілді жайттар назарға алынды деп ойлаймын. Осылайша «үздік фельдшер» номинациясы маған бұйырды.

El.kz: Жалпы өзіңіз туралы айтып беріңізші. Туып-өскен жеріңіз, қай жақта білім алдыңыз? Медицина маманы болу өз таңдауыңыз ба, әлде ата-ананың қалауы ма?

Қанат Шәкіров: Мен 1988 жылы Шымкент қаласында дүниеге келдім. 35 жастамын, сол ғұмырымның 15 жылдан астамын жедел жәрдем қызметіне арнап келемін. 2004 жылы Қарағанды облысындағы Теміртау медициналық колледжіне "Емдеу ісі" мамандығы бойынша оқуға түстім. 2008 жылы оқу орнын бітіріп, сол жылдың қыркүйек айында  Шымкент қалалық жедел жәрдем станциясының желілік бригадасына қатардағы фельдшері болып жұмысқа қабылдандым. Күні бүгінге дейін сол жерде еңбек етіп келемін. Осы жылдар ішінде шұғыл қызметте барлық учаскелерінде - фельдшерлік, желілік, педиатриялық бригадаларда және амбулаториялық фельдшер болып жұмыс істедім. Соңғы бес жылдан бері қарқынды емдеу түрі, яғни, ауыр немесе өмірге қауіп төндіретін науқастарға медициналық алғашқы көмек көрсетумен байланысты бекетте еңбек етудемін. 

Бала күнімнен медицина маманы болуды армандадым және саналы түрде осы саланы таңдадым. Шүкір, бүгінде жаны қиналған науқастардың жанынан дер кезінде табылып, алғашқы көмекті көрсетіп келемін.

El.kz: Ең алғаш қызметке кіріскен кездегі шақырту қалай өтті? Қандай науқасқа барғаныңыз есіңізде ме? Қорқыныш сезімі болды ма?

Қанат Шәкіров: Әрине, есте болады ғой. Бірақ, аса қатты қорқыныш болды дей алмаймын. Алғашқы шақырту болған соң аздап қобалжу дегенді сезіндім. Ол кезде өз-өзіне қол салып, өмірмен қоштаспақ болған әйел азаматына бардық. Белгілі себептерге байланысты тамырын кескен екен. Қателеспесем, 103 қызметіне науқастың күйеуі хабарласқан. Диспетчерден хабар ала салысымен, дереу жолға шықтық. Дер кезінде әйелге алғашқы көмекті көрсетіп, дереу ауруханаға алып бардық. Науқас аман қалды.

El.kz: Медицина саласында, соның ішінде жедел жәрдем қызметінде еңбек ету аса жауапкершілікті талап ететіні белгілі. Кез келген жағдайға дайын болу қажет. Адам өмірін арашалап қалуда әрбір секунд қымбат. Өзіңіздің еңбек жолыңызда ең естен кетпес шақырту қашан болды? Құпия болмаса, қандай науқасқа көмек көрсеттіңіздер?

Қанат Шәкіров: Негізі бізде әр шақыртудың өзіндік ерекшелігі бар. Түрлі жағдайларға тап боп жатамыз. Дегенмен осы пандемия кезіндегі шақырту қатты есімде қалып қойды. Шымкентте «Қайнарбұлақ» деген саяжайдағы үйлердің біріне бардық. Ол жақта жүкті әйелдің толғағы қысып, жедел жәрдем шақырған екен. Дереу көмекке кірісіп, жүкті келіншекті перзентханаға жеткізу керек болды. Алайда айы мен күні жеткен әйелді жедел жәрдем көлігінің ішінде босандырып алуға тура келді. Жалпы менің тәжірибемде мұндай шақыртулар жиі болмаса да ара-тұра кездесіп тұрады.

El.kz: Өз сөзіңізде түрі жағдайларға тап боламыз деп қалдыңыз. Мәселен, шақырту бойынша мекенжайға жеткенде үйдің есігін ашпай қою немесе «көмек қажет емес» деп кері қайтаратын науқастар кездесе ме?

Қанат Шәкіров: Иә, ондайлар боп тұрады. Бірақ, біз кезекшілікке түскенде кез келген жайтқа дайын болуымыз керек. Мұндай сәттерге аса мән бере бермейміз және уақытты жоғалтпауға тырысамыз. Себебі көмек күтіп отырған басқа да науқастар бар. Бастысы, диспетчерге хабар беріп, мән-жайды ескертеміз.

El.kz: Өзіңіз дер кезінде көмек беріп, аман алып қалған науқастар ішінде қарапайым өмірде байланыс орнатып, араласып тұратындары бар ма?

Қанат Шәкіров: Жоқ, ондайлар болмапты. Біздің міндет – алғашқы көмек көрсету. Алғыстарын жаудырып жататындары жетерлік.

El.kz: Шыны керек, кейде халық тарапынан жедел жәрдем мамандарына деген шағымдарды естіп жатамыз. Солардың бірі - ақ халаттылардың шақырту орнына кешігіп келуі. Жедел қызметтің жедел жетпеуіне не себеп?

Қанат Шәкіров: Негізі бізде шақыртулар төрт санатқа бөлінген. Төртінші санатқа тоқталсам, бас ауруы, жарақаттың жеңіл түрі және сол секілді шақыртуларға 1 сағат уақыт берілген. Яғни, біз сол уақыт аралығында мекенжайға жетуіміз керек. Ал үшінші санатқа 3 жасқа дейінгі балалар мен әйел адамдарының дене қызуының көтерілуі, іш ауырсыну, жүкті әйелдер және тағы басқалары жатады. Оларға жарты сағат ішінде жетуіміз керек. Екінші санатқа 15 минут уақыт беріледі. Бұл санатқа көкірек тұсының ауырсынуы, ауа жетіспеушілік, қан қысымының асқынулары деген сияқты шақыртулар жатады. Ал бірінші санатқа жол апаттары, есінен танған науқастар, жарақаттың ауыр түрі деген сияқты шұғыл шақыртулар кіреді. Ондай науқастарға санаулы уақытта жетеміз.

Негізі жедел жәрдем қызметінің кешігіп келуіне бірінше кезекте қаладағы кептеліс себеп дер едім. Әсіресе «час-пик» деп жатамыз ғой, сондай сәттерде қиын. Оның үстіне қала үлкен, көлік көп. Одан бөлек көпқабатты тұрғын үй аулаларына кірерде орын тапшылығы боп жатады. Өйткені аулалар өте тар, тіпті көліктерді жол бойына қойып, жолды бөгеп тастайтындар бар. Бұдан өзге әсіресе мына жер үйлерге баруда қиындықтарға тап боламыз. Кейбірінің мекенжайы карта бойынша дұрыс белгіленбесе, енді бірінде көшелер балшыққа батып жатады. Ондай сәтте біз жедел жәрдем көлігін жол бойына тастап, жаяу барамыз. Себебі көлік балшыққа батып, тығылып қалуы мүмкін. Ал негізінен Шымкентте жедел жәрдем қызметінің 9 бекеті бар, олар қаланың әр жерінде орналасқан. Мамандар барлық шақыртуға дер кезінде жетуге барынша тырысады.

Оқи отырыңыз: 

El.kz: Қалай ойлайсыз, қазіргі таңда жол бойында өзге көлік жүргізушілерінің жедел жәрдем қызметіне деген қарым-қатынасы қаншалықты өзгерген? Мәселен, шұғыл шақыртуға бара жатқан медицина көлігіне жол беру...

Қанат Шәкіров: Бұрынғыға қарағанда өзге көлік жүргізушілерінің, жалпы халықтың медицина мамандарына деген көзқарасы, санасы айтарлықтай өзгерген. Басым көпшілігі жол беріп жатады. 60 пайыздан астамы солай десем, қателеспейтін шығармын. Дегенмен әлі де қырғысып, жолды бөгейтіндері кездеседі.

El.kz: Әлеуметтік желіде орта жастағы белгісіз ер адам қолына дәрі егіліп, соның мақтасын алуға қорқып, жедел жәрдем қызметін шақырған сәттің видеосы пайда болды. Мұндай шақыртулар сіздің тәжірибеңізде кездескен бе? 

Қанат Шәкіров: Иә, ол видеоны көрдім. Бірақ өз тәжірибемде ондай сәттер болмапты.

El.kz: Кәсіби маман ретінде айтыңызшы, халық қандай жағдайда жедел жәрдем көмегіне жүгінгені жөн?

Қанат Шәкіров: Негізі көп жағдайда науқастар дерті асқынған сәтте бізді шақырып жатады. Ол - дұрыс емес. Өйткені аурудың алғашқы белгілері байқала бастаған сәтте маманға қаралса немесе жедел жәрдем қызметін шақырса, ол науқастың уақытылы ем алып, сауығуына үлкен септігін тигізер еді. Яғни, уақытты жоғалтпаған абзал. Бізде кей науқастар өздігінен ем алып, ауруды асқындырып жататын жайттар кездеседі. Ондай жағдайда ең дұрысы, алдымен дереу аймақтық дәрігерге қаралған жөн.

El.kz: Жұмыс барысында тағы қандай қиындықтарға кезігесіздер? Мәселен, науқастардың дөрекілік танытуы немесе туыстары үйге бахиласыз кіргізбеу деген секілді...

Қанат Шәкіров: Бахилаға келсем, өз тәжірибемде ондайлар кездеспепті. Өзге әріптестерімнен де ондайды естімеппін. Меніңше біздің оңтүстік өңірде бахилаға қатысты талаптар аз-ау. Негізі алғашқы көмек шұғыл түрде керек науқастың туыстары ондайға қарамайды деп ойлаймын.

Қиындық дегенге келсек, әріптестерімнен естігенім бар кейде науқас әйелге еркек маманның қарауына күйеулері рұқсат бермей жатады екен. Ондай кезде әйел мамандарынан тұратын бригада шақыруға тура келеді. Одан бөлек кейде науқас ауруханаға барудан, жатудан бас тартып жатады. Мұндай кезде аурудың асқынып кету қаупі барын науқастың өзіне, туыстарына ескертеміз және аймақтық дәрігерге науқасты бақылауға алу туралы хабар береміз. Себебі ауруханаға барудан бас тартқан науқасты мәжбүрлеп алып бара алмаймыз.

El.kz: Күніне неше шақыртуға шығасыз? Жалпы бір күндік жұмысыңызды баяндап беріңізші...

Қанат Шәкіров: Бір тәулік істеп, үш күн демаламыз. Яғни, айына 7 рет жұмысқа түсеміз. Тәулігіне шақырту саны әрқалай. Ең азы 19 болса, кейді 25-30 шақыртуға дейін барамыз. Оның бәрі шақырту санатына, науқастардың жағдайына, бригаданың үлгеруіне байланысты.

El.kz: Түскі асқа белгілі бір уақыт беріле ме?

Қанат Шәкіров: Жоқ, біз кез келген уақытта сапқа дайын тұратын сарбаздар секілдіміз. Себебі тәуліктің кез келген сәтінде шақырту түсіп қалады. Түскі не кешкі уақыт болсын, белгілі бір кестемен үзіліс қарастырылмаған. Кейде шақырту саны бәсеңдеп, бос уақыт бола қойғанда дереу тамақтануға кірісеміз. Егер шақырту бірінен соң бірі түсіп жатса, аш жүруге тура келеді. Ондайға үйреніп қалғанбыз.

El.kz: Жалпы 15 жылдан астам еңбек өтіліңізде неше науқасқа алғашқы көмек көрсеттіңіз?

Қанат Шәкіров: Нақты санын білмейді екенмін. Шамамен сол 25-30 мыңға жуық шақыртуға барғанмын.

El.kz: Шымкентте жедел жәрдем қызметінің көлігі мен мамандар жеткілікті ме?

Қанат Шәкіров: Иә, жеткілікті деп ойлаймын. Әр шақыртуға санат бойынша бекітілген уақытта тиісінше көмекті көрсетіп жүрміз.

El.kz: Медицина саласында, соның ішінде жедел жәрдем қызметінде қандай кемшіліктер бар деп ойлайсыз?

Қанат Шәкіров: Кемшілік деуге келмес, әркім әртүрлі ғой. Кейбірінің дәрігерлерге көңілі толмайды. Кейбірі дер кезінде маманға қаралмайды. Әрине, ондай кезде ешкімді кінәлай алмайды.

El.kz: Мемлекет денсаулық сақтау саласына тиісті деңгейде көңіл бөліп отыр деп ойлайсыз ба? Мәселен, жалақы мәселесі көңіліңізден шыға ма?

Қанат Шәкіров: Әрине, тиісті деңгейде көңіл бөліп отыр деп ойлаймын. Жұмысқа қажетті жабдықтармен қамтылғанбыз. Білімді жетілдіру бойынша да көңіл бөлінеді. Қолдау жан-жақты қарастырылған. Жоғарыда айтып өткенімдей, бекітілген кестеге сай бір тәулік жұмыс істеп, үш күн демаламыз. Тұрақты жалақымыз бар. Дегенмен жалақы көбейіп жатса, артық етпейді ғой.

El.kz: Егер сізге Денсаулық сақтау министрі болуға мүмкіндік берілсе, нені өзгертер едіңіз?  

Қанат Шәкіров: Қиын сұрақ екен (күліп). Ойыма ешнәрсе келмей тұр. Бастысы, біздің салаға мемлекет толықтай көңіл бөліп отыр.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға