Жаңалықтар

27 шілде – премьералар күні

27 шілде – премьералар күнінде Қазақстан нарығына шыққан жаңа фильмдерге тоқталамыз.
27 шілде – премьералар күні
27.07.2017 12:42 1961

27 шілде – премьералар күнінде Қазақстан нарығына шыққан жаңа фильмдерге тоқталамыз.

«Джон Уикті» түсірген, «Дэдпул 2»-ні түсіріп жатқан Дэвид Литч және «300 спартандықтың» екі фильміне де сценарий жазған Курт Джонстад және Шарлиз Терон ұсынады. «Жойқын ақсары қыз» («Взрывная блондинка») - Американың шпиондық экшн-триллері. Сценарийге 2012 жылы шыққан Энтони Джонстадтың «Ең суық қала» («The Coldest City») графикалық романы негіз болған.

Фильмнің басты кейіпкері - Агент Лоррейн Бротон. Ол шпионаждың шебері ғана емес, ол аса тартымды әйел, орындалмас миссия кезінде өзінің бар қабілетін пайдаланатын шебер. Оны аса құнды құжатты қайтару үшін Берлинге жібереді. Бұл жерде Бротон жансыз болып жүрген агент Дэвид Персивалмен күш біріктіреді. Екеуі қатерлі шпион ойындарынан аман шығуы керек. Басты рөлдерде Шарлиз Терон мен Джеймс МакЭвой.

«Оскарлы» София Коппола тағы бір туындысын көпшілік назарына ұсынады. «Алданушы» («Роковое искушение») драмасының арқасында режиссер биыл Канн кинофестивалінде үздік режиссер атанды. Актерлер құрамы да керемет: Колин Фаррелл, Николь Кидман, Эль Фаннинг, Кирстен Данст.

Оқиғасы қыздарға арналған жабық пансионда өтеді. Бірде пана іздеген жігіт осы жерге тап болады. Осыдан бастап жұмбақ сарай қатерлі азғырудың тұтқынына айналады.

All Eyez on Me – бұл сөзді Тупактың шығармашылығымен таныс жандардың бәрі естіді. Енді  бұл әннің және альбомның ғана емес, фильмнің де атауы. Аты айтып тұрғандай – фильм рэпердің өміріне арналады.

«Бәрінің көзі менде» («2pac: Легенда») - Тупак Шакурдың өмірі мен артында қалған мұрасы туралы кинокартина. Туындыда супержұлдыздың пайда болуы, түрмеге қамалуы және Death Row Records лейблімен өнімді, бірақ керағар пікір туғызған әріптестігі туралы айтылады.

Фантастикалық триллер жанрының фанаттары үшін осы аптада екі киножоба бар: бірі – бөгдепланеталық келімсек туралы, екіншісі уақыт тұзағына тап болған кейіпкер жайында. «Грейсфилд оқиғасы» («Грейсфилд») фильмі ормандағы үйде тынығып жатқан жастардың басынан кешкендері баяндалады. Олардың маңайына кенеттен метеорит құлайды. Достар құлаған жерге барып, аспаннан түскен тасты ұстап көрмек болады. Алайда бұның арты жақсылыққа апармайтынын олар сезбеген еді.

«Мен құлағанға дейін» («Матрица времени») - Саманта есімді қыз туралы. Оның 12 ақпан күні жұмада басынан өткен оқиғасы күн сайын қайталана береді. Яғни Саманта уақыт тұзағына түсіп қалады. Ол бұдан құтылу үшін қателікті тауып, бұрыс қадамды түзетуі керек. Алайда әр әрекет сайын бір нәрсе іске аспай қалады...

Кішкентай көрермендерге де арналған туынды бар. «Бигфуттың ұлы» («Стань легендой! Бигфут Младший») мультфильмі Адам деген жеткіншек туралы. Ол бұрын жоғалып кеткен әкесін іздеуге шығады. Осы сапар барысында ол өзінің бойынан ерекше қабеліттерді табады, неше түрлі қызық оқиғадарды басынан өткізеді.

Аптаның премьералар легі осындай.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға