Қазақстанда жұмысынан айырылған азаматтарға әлеуметтік төлем тағайындаудың жаңа ережелері енгізіледі. Енді құжаттағы қателерді түзетуге қосымша уақыт беріліп, өтінішті банк қосымшасы арқылы рәсімдеу мүмкіндігі қарастырылған. Тиісті өзгерістер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 9 қазандағы бұйрығында көрсетілген.
Құжаттағы қатені түзетуге үш күн беріледі
2026 жылғы 28 қазаннан бастап өтініште қате немесе құжаттарда кемшілік анықталса, азаматқа оны түзету үшін үш жұмыс күніне дейін уақыт беріледі.
Мұндай жағдайда өтініш цифрлық күту парағына енгізіліп, мемлекеттік қызмет уақытша тоқтатылады. Азаматқа бұл туралы хабарлама жіберіліп, құжаттары қайтарылады. Егер кемшіліктер белгіленген мерзімде түзетілсе, өтініш алғаш жүгінген күні берілген болып есептеледі. Ал құжаттар уақытында ретке келтірілмесе, оларды қабылдаудан бас тартылады.
Әлеуметтік төлемді қалай рәсімдеуге болады?
Жұмыссыз қалған азаматтар мансап орталығына жүгіне алады. Онда мамандар мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы соңғы 24 айдағы әлеуметтік аударымдарды және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілін тексереді. Егер мәліметтер толық болмаса немесе сәйкес келмесе, қосымша құжаттар сұралады. Тексеруден кейін азамат әлеуметтік аударымдары туралы ақпаратпен танысып, өтінішін тапсырады. Құжаттар сол күні Мемлекеттік корпорацияның тиісті бөлімшесіне электрондық түрде жіберіледі.
Бұдан бөлек, телефон нөмірі мемлекеттік порталда тіркелген азаматтарға қызмет проактивті түрде ұсынылуы мүмкін.
28 қазаннан бастап өтінішті екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы рәсімдеу тәртібі де қолданысқа енгізіледі.
Бұл жағдайда қажетті мәліметтер мемлекеттік жүйелерден автоматты түрде алынады. Жүйе азаматтың сақтандыру жүйесіне қатысуын, бұрын төлем алған-алмағанын және басқа өтінішінің бар-жоғын тексереді.
Барлық талап орындалса, электрондық өтініш қалыптастырылады. Азамат оны электрондық цифрлық қолтаңбасымен растайды. Құжат тіркелгеннен кейін банк қосымшасына тиісті хабарлама келеді.
Жұмыссыз қалғандарға қанша уақыт төлем беріледі?
Төлемнің ұзақтығы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты. Бұйрықта көрсетілген мерзімдер:
- 6 айдан 12 айға дейін – 1 ай;
- 12 айдан 24 айға дейін – 2 ай;
- 24 ай және одан көп уақыт – 3 ай.
Төлемнің ең жоғары мөлшері ең төменгі жалақының жеті еселенген сомасының 45 пайызынан аспауға тиіс.
2026 жылы ең төменгі жалақы 85 мың теңге болғандықтан, аталған формула бойынша шекті сома 267 750 теңгені құрайды. Ал әр азаматқа тағайындалатын нақты қаражат оның бұрынғы табысы мен әлеуметтік аударымдарына қарай есептеледі.
Қайта өтініш беруге бола ма?
Бұрын әлеуметтік төлем алған азаматтар соңғы төлем жасалған айдан кейін 12 күнтізбелік ай өткен соң қайта жүгіне алады. Алайда бұрын төлем алған әр ай үшін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілінен 12 ай шегеріледі.
Сондай-ақ жұмыссыз азамат кәсіптік оқудан өтсе, оған тағайындалған қаражат тоқтатылмайды. Ал зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін бұл төлем берілмейді. Бұйрықтың жекелеген ережелері 2026 жылғы 28 қазанда, қалған бөлігі 2027 жылғы 1 қаңтарда күшіне енеді.