25 жасында кеме экипажын басқарады: қазақстандық теңізші қыздың өмірі

25 жасында кеме экипажын басқарады: қазақстандық теңізші қыздың өмірі
Фото: El.kz коллажы

Кемеде экипаждың жұмысын ұйымдастырып, қауіпсіздігіне жауап беретін Нұрай Абилканова небәрі 25 жаста. Ол – Қазақстан флотында капитанның аға көмекшісі қызметін атқарып жүрген жалғыз қыз. Төрт жыл ішінде капитанның үшінші көмекшісінен басшылық қызметке дейін көтеріліп, халықаралық кемелерде жұмыс істеп үлгерген. Алайда көбіне ер азаматтар жұмыс істейтін теңіз саласында мұндай дәрежеге жету оңай болмады. Нұрайға кәсіби біліктілігін дәлелдеп, түрлі қиындықтарды еңсеруге тура келген.

Теңіздегі мансабы қалай басталды?

Нұрай Абилканова Қызылордада туып-өскен. Бала кезінен теңіз саяхаттары, алыс елдер мен теңізшілер туралы кітаптар мен фильмдерге қызыққан. Кейін осы қызығушылығы мамандық таңдауына әсер етеді.

2022 жылы Қазақстан-Британ техникалық университеті жанындағы Қазақстан теңіз академиясын «Теңіз техникасы мен технологиялары» мамандығының кеме жүргізу бағыты бойынша тәмамдады.

Нұрайдың теңізші болу туралы шешімі жақындары үшін күтпеген жағдай болған. Себебі бұл мамандық ұзақ уақыт үйден жырақта жүруді, күрделі жұмыс кестесіне бейімделуді және үлкен жауапкершілікті талап етеді.

Фото: Нұрай Абилканованың жеке мұрағатынан
Фото: Нұрай Абилканованың жеке мұрағатынан

Алғашында бұл мамандықтың қаншалықты қиын екенін толық түсінген жоқпын. Бірақ өзімді өзгеше салада сынап көргім келді. Бір қарағанда қол жетпестей көрінетін мақсаттарға ұмтылдым. Уақыт өте келе жақындарым да бұл менің саналы таңдауым екенін түсінді. Теңіз маған тәртіпті және өз шешімдерім үшін жауап беруді үйретті, – дейді Нұрай.

Оқу орнын бітіргеннен кейін еңбек жолын мұнай тасымалдайтын танкерде капитанның үшінші көмекшісі болып бастады. Кейін халықаралық флоттағы сауда кемелерінде, соның ішінде контейнер тасымалдаушы кемелерде капитанның екінші көмекшісі болып жұмыс істеді.

Бүгінде Нұрай мұнай тасымалдайтын танкерде капитанның аға көмекшісі қызметін атқарады. Ол кемедегі жүк операцияларын ұйымдастырып, палуба командасының жұмысын қадағалайды. Сондай-ақ кеме мен экипаждың қауіпсіздігіне жауап беріп, капитанмен, жағалаудағы басшылықпен, порттар және терминалдармен жұмысты үйлестіреді.

«Қыз болған соң біліктілігіңді үнемі дәлелдеуге тура келеді»

Нұрай еңбек жолының алғашқы жылдарында кейбір әріптестерінің сеніміне бірден ие бола алмаған. Әсіресе капитанның үшінші және екінші көмекшісі болып жүргенде палуба командасының жекелеген мүшелері оның тапсырмаларына қарсы шығып, тіпті орындаудан бас тартқан кездер болған.

Әрбір келіспеушілік қыз болғаным үшін туындады деп айта алмаймын. Бірақ теңіз саласында көбіне ер адамдар жұмыс істейтіндіктен, қыздарға өз біліктілігін жиі дәлелдеуге тура келеді. Кейде жұмысыңды жақсы атқарудың өзі жеткіліксіз. Шешім қабылдай алатыныңды, жауапкершілікті көтеруге дайын екеніңді және адамдарды басқара білетініңді көрсетуің керек. Мен үшін әріптестерімнің мені қыз болғаным үшін емес, өз ісін білетін маман ретінде бағалағаны маңызды, – дейді ол.  

Осындай жағдайларда Нұрай жанжалға бармай, сабыр сақтап, тапсырмаларды нақты түсіндіруге мән берген. Оның айтуынша, басшының беделін қалыптастыру үшін кәсіби біліммен қатар, жұмысты жүйелі ұйымдастыру және әріптестерге әділ қарау маңызды.

Менің тапсырмаларым қыз не жігіт болғаныма қарап емес, қызметтік міндетім мен өкілеттігіме сәйкес орындалуы керек. Кемеде тәртіп пен бағыныштылық жеке қарым-қатынасқа байланысты болмауға тиіс. Бұл – қауіпсіз жұмыстың негізгі шарттарының бірі, – дейді Нұрай.

Ол теңіз саласында қыздардың аз болуын тек еңбек жағдайының күрделілігімен байланыстырмайды. Қоғамда бұл мамандық ер адамдарға көбірек лайық деген түсінік әлі де бар. Оның үстіне, басшылық қызметтегі қыз-келіншектер сирек кездесетіндіктен, көптеген қыз теңіз саласында мансап құру мүмкіндігін қарастырмайды.

Қыздар қалыптасқан түсініктерге бола өз армандарынан бас тартпаса екен деймін. Маманның қабілеті жынысына байланысты емес. Ең маңыздысы – білім, тәжірибе, жауапкершілік және командамен жұмыс істей білу. Егер менің еңбек жолым басқа қыздарға осы салада жетістікке жетуге болатынын көрсетсе, онда еңбегімнің зая кетпегені, – дейді ол.

Кемедегі жұмысты қалай ұйымдастырады?

Қазір Нұрай жұмыс істейтін кеменің экипажында 12 адам бар. Капитанның аға көмекшісі ретінде ол палуба командасы мен капитанның кіші көмекшілерінің жұмысын ұйымдастырады. Сондай-ақ жүк тиеу және түсіру, балласт операцияларын қадағалап, жабдықтардың дайындығы мен қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылайды.

Фото: Нұрай Абилканованың жеке мұрағатынан
Фото: Нұрай Абилканованың жеке мұрағатынан
Фото: Нұрай Абилканованың жеке мұрағатынан
Фото: Нұрай Абилканованың жеке мұрағатынан

Әсіресе мұнай тасымалдайтын танкерлерде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау маңызды. Өйткені мұнай жүктерімен жұмыс істеу кезінде жіберілген қателік адамдардың өміріне, кемеге және қоршаған ортаға қауіп төндіруі мүмкін.

Нұрайдың айтуынша, аға көмекшінің жұмысы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Кемеде бірнеше жұмыс қатар жүретіндіктен, олардың орындалуын қадағалап қана қоймай, күтпеген жағдайларға да дайын болу қажет.

Ең қиыны – бірнеше жұмысты бір уақытта бақылап, қайсысына басымдық беру керегін дұрыс анықтау. Мұндайда ұсақ-түйекке дейін назар аударып, сабыр сақтау маңызды. Ал төтенше жағдай туындаса, өз міндетіңнің аясында қашан дербес шешім қабылдауға болатынын, қай кезде капитанға дереу хабарлау қажеттігін білуің керек, – дейді ол.

Фото: Нұрай Абилканованың жеке мұрағатынан
Фото: Нұрай Абилканованың жеке мұрағатынан

Нұрай бұған дейін жұмыс істеген кемелерінде аспаз болып жұмыс істейтін қыз-келіншектермен бірге қызмет атқарған. Ал капитанның екінші көмекшісі болып жүрген кезінде Қазақстан теңіз академиясында кеме жүргізу ісін оқитын студент қыз тәжірибеден өткен.

Теңіз саласында штурман және механик болып жұмыс істейтін қыздар да бар. Бірақ олармен бір кемеде қызмет ету мүмкіндігі әзірге болған жоқ. Ал тәжірибеден өтіп жүрген студент қызды көргенде қуандым. Өзім таңдаған мамандыққа қызығатын қыздардың бар екені қуантады, – дейді Нұрай.

Теңізде қандай қиындықтарға тап болды?

Теңізшілер жұмысы түрлі қауіп-қатермен байланысты. Ауа райының қолайсыздығы, кемедегі техникалық ақаулар және басқа да күтпеген жағдайлар мамандардан жылдам әрі дұрыс шешім қабылдауды талап етеді.

Нұрай мұндай жағдайлардың бірімен студент кезінде кездескен. Атлант мұхитында желкенді кемеде тәжірибеден өтіп жүргенде қатты дауыл басталған.

Қатты дауыл кезінде табиғаттың қаншалықты күшті екенін сезіндік. Мұндай жағдайда сабыр сақтап, бір-бірімізге сену маңызды. Экипаждың барлық мүшесі, соның ішінде біз де, бір команда болып жұмыс істедік. Сол кезде теңізде тәртіптің, өзара көмектің және дайындықтың қаншалықты қажет екенін түсіндім, – деп еске алады Нұрай.

Оның айтуынша, теңізде күтпеген жағдайлар жиі кездесетіндіктен, әрбір теңізші қандай жағдай болмасын дұрыс шешім қабылдауға дайын болуы керек.

Меніңше, кәсібилік дегеніміз – мүлде қорықпау емес, қиын жағдайда өзіңді ұстай білу. Ең бастысы, жағдайды дұрыс бағалап, қажетті шараларды уақытында қабылдау. Өйткені теңізде кейде әрекетсіз қалудың өзі қате шешім қабылдағандай қауіпті болуы мүмкін, – дейді ол.

Теңізшілердің табысы қандай?

Теңізші мамандығы жоғары жалақы төленетін кәсіптердің бірі саналады. Алайда бұл салада жұмыс істейтіндердің барлығы бірдей көп табыс табады деуге болмайды. Еңбекақы мөлшері маманның қызметіне, тәжірибесіне, кеменің түріне және жұмыс беруші компанияға байланысты.

Фото: Нұрай Абилканованың жеке мұрағатынан
Фото: Нұрай Абилканованың жеке мұрағатынан

Қазақстандық және халықаралық кемелерде қызмет еткен Нұрай Абилканова екі флоттағы еңбек жағдайының айырмашылығын жақсы біледі. Оның айтуынша, әсіресе офицерлік құрам мен басшылық қызметтегі мамандардың табысы жоғары болуы мүмкін. Дегенмен жалақыдан бөлек, келісімшарт талаптары мен әлеуметтік кепілдіктерге де мән берген жөн.

Қазақстандық және халықаралық флотта жалақы, еңбек жағдайы мен әлеуметтік кепілдіктер жағынан айтарлықтай айырмашылық бар. Халықаралық тәжірибеде теңізшілердің құқығын қорғауға ерекше көңіл бөлінеді. Мысалы, 2006 жылғы Теңіздегі еңбек туралы конвенцияда жұмыс және демалыс уақыты, еңбекақы төлеу, медициналық көмек көрсету және кемедегі тұрмыстық жағдайларға қатысты талаптар белгіленген, – дейді Нұрай.

Ол Қазақстанда теңізшілердің еңбек құқығын қорғау мәселесіне көбірек көңіл бөлу қажет деп есептейді.

Қазақстан бұл конвенцияны ратификациялаған жоқ. Менің ойымша, халықаралық стандарттарды ескере отырып, ұлттық заңнаманы жетілдіру теңізшілердің еңбек жағдайын жақсартуға мүмкіндік берер еді, – дейді ол.

Ал өзінің нақты қанша жалақы алатынын Нұрай құпия қалдыруды жөн көрді. Оның айтуынша, теңізшілердің табысы жұмыс беруші компанияға, атқаратын қызметіне және келісімшарт талаптарына байланысты әртүрлі болады.

Екі ай теңізде, екі ай үйде

Нұрай қазір екі ай кемеде жұмыс істеп, келесі екі айын демалыста өткізеді. Бұған дейін алты айдан астам уақытқа созылған сапары да болған.

Әдетте теңізшілер төрт сағат кезекшілік атқарып, сегіз сағат тынығады. Алайда жүк операциялары мен басқа да маңызды жұмыстар кезінде кесте өзгеріп, белгіленген уақыттан ұзақ жұмыс істеуге тура келеді.

Ұзақ сапардың қиындығы тек жұмыс көлемінде емес. Бірнеше ай бойы бір ұжыммен бірге өмір сүру де адамнан төзімділік пен түсіністікті талап етеді.

Кемеде үнемі бір адамдармен бірге боласың. Әркімнің мінезі, көңіл күйі әртүрлі. Шаршау мен жұмыс кезіндегі қысым адамдардың қарым-қатынасына әсер етуі мүмкін. Сондықтан әріптестеріңнің жеке кеңістігін құрметтеп, өз эмоцияңды басқара білу маңызды. Жұмыстан тыс уақытта демалып, өзіңе ұнайтын іспен айналысуға да мүмкіндік табу керек, – дейді теңізші.

Фото: Нұрай Абилканованың жеке мұрағатынан
Фото: Нұрай Абилканованың жеке мұрағатынан

Нұрай қызмет еткен кемелерде әр экипаж мүшесіне жеке каюта қарастырылған. Қызметкерлер тамақпен қамтамасыз етіледі, ортақ кір жуатын орын бар.

Ал кемеде қызмет ететін қыздар үшін маңызды мәселелердің бірі – қауіпсіздік пен жеке кеңістіктің сақталуы. Нұрай бұл тұрғыда экипаж мүшелерінің бір-біріне құрметпен қарауы қажет екенін атап өтті.

Оның айтуынша, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Халықаралық теңіз ұйымының кемедегі зорлық-зомбылық пен жыныстық қудалаудың алдын алуға қатысты теңізшілерді даярлау жөніндегі жаңа талаптары күшіне енген. Нұрай мұндай шаралар қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыру үшін маңызды деп есептейді.

«Отбасылық мерекелерге жиі қатыса алмаймын»

Теңіздегі жұмыстың Нұрай үшін ең қиын тұстарының бірі – жақындарынан ұзақ уақыт жырақта жүру. Кейде туған күндер мен отбасылық мерекелерге қатыса алмай қалады. Мұндай сәттерде отбасымен бірге болу мүмкіндігі әрдайым бола бермейтінін сезінеді.

Үйден алыста жүргенде жақындарыңды қатты сағынасың. Әсіресе отбасылық мерекелерге қатыса алмағаның қиын. Ата-анам менің жұмысымды түсінеді, қолдайды. Кейде маңызды шараларды мен үйде болатын уақытқа жоспарлайды. Сол үшін оларға ризамын. Ұзақ сапардан кейін бірге кешкі ас ішудің, жай ғана әңгімелесудің өзі ерекше қуаныш сыйлайды, – дейді Нұрай.

Жас теңізші кәсіби жолында тек жақсы сәттер ғана болмайтынын да жасырмайды. Кейде ұзақ сапарлар мен жұмыстың жауапкершілігінен шаршап, мамандығын ауыстыру туралы ойлаған кездері болған. Алайда осындай сәттерде осы уақытқа дейін жүріп өткен жолын, қол жеткізген жетістіктерін еске алып, жұмысын жалғастыруға күш табады.

Анам менің жетістіктеріме шын жүректен қуанады. Кейде өзіме сенімсіздік танытқан кездерде де маған сенеді. Оның қолдауы маған күш береді. Қиналған сәттерде анамның сенімін сезіну мен үшін өте маңызды, – дейді Нұрай. 

Теңіздегі қызметі әлемнің түкпір-түкпіріне жетеледі

Теңізші мамандығы Нұрайға әлемнің түрлі елдерін көруге мүмкіндік берген. Осы уақытқа дейін Португалия, Оңтүстік Африка, Біріккен Араб Әмірліктері, Иран, Әзербайжан, Нидерланд, Түркия және Ресейге барған. Сондай-ақ Азор аралдары мен Кариб теңізіндегі Сен-Мартен және Сен-Бартелеми аралдарында болған.

Фото: Нұрай Абилканованың жеке мұрағатынан
Фото: Нұрай Абилканованың жеке мұрағатынан
Фото: Нұрай Абилканованың жеке мұрағатынан
Фото: Нұрай Абилканованың жеке мұрағатынан

Алайда теңізшілердің сапары туристік саяхатқа ұқсамайды. Кеме портқа тоқтағанымен, экипаж мүшелерінің қала аралауға уақыты бола бермейді. Кейде жағалауда аз ғана уақыт өткізуге мүмкіндік туады. Соған қарамастан, Нұрай әр сапардан алған әсерін жоғары бағалайды.

Әртүрлі елдердің мәдениетімен, адамдардың тұрмыс-тіршілігімен танысу дүниетанымды кеңейтеді. Бір ғана елді ерекше атап айта алмаймын. Әрқайсысы өзінше есте қалды. Кейде жағалауда өткізетін уақыт өте қысқа болады. Соған қарамастан, аз уақыттың ішінде де жаңа жерлерді көріп, жақсы әсер алып қайтамыз, – дейді ол.

Нұрай бос уақытында кітап оқып, сурет салғанды ұнатады. Спортпен айналысады, демалыс кезінде саяхаттауға тырысады. Ерекше қызығушылықтарының бірі – мылтықпен нысана көздеп ату.

Оның айтуынша, бұл жаттығу зейінді жинақтап, дәлдік пен сабыр сақтауды талап етеді. Ал жұмыстан тыс қызығушылықтар теңіздегі қарбаластан кейін тынығуға көмектеседі.

Мансап пен жеке өмірді қатар алып жүруге бола ма?

Нұрай жеке өмірінің егжей-тегжейін көпшілікке жария еткісі келмейді. Дегенмен теңіздегі мансап пен отбасылық өмірді қатар алып жүруге болатынына сенімді.

Оның ойынша, мұндай қарым-қатынаста ең алдымен өзара сенім мен түсіністік қажет. Себебі теңізші бірнеше ай бойы үйінен жырақта жүреді. Сондықтан жанындағы адамның кәсіби таңдауын құрметтеп, қолдай білуі маңызды.

Фото: Нұрай Абилканованың жеке мұрағатынан
Фото: Нұрай Абилканованың жеке мұрағатынан

Қыздар жеке өмірі үшін мансабынан бас тартуға міндетті емес. Сол сияқты жұмыс істеу де отбасын құруға кедергі болмауы керек. Екі адам бір-бірінің мақсатын түсініп, қолдаса, екеуін де қатар алып жүруге болады. Мен үшін ең бастысы – сенім мен сыйластық, – дейді Нұрай.

Ал ер адамның бойынан ең алдымен жауапкершілік, сенімділік және парасаттылықты бағалайды. Айтқан сөзінде тұратын, өз мақсаты бар әрі жанындағы адамның жетістігін құрметтей білетін азаматтарды жоғары қояды.

Меніңше, ер адамның мықтылығы әйелді бақылауға немесе онымен бәсекелесуге ұмтылуынан көрінбейді. Керісінше, өзіне сенімді болып, шешім қабылдай білуі және жанындағы адамға қолдау көрсетуі маңызды. Мен үшін сөз бен істің сәйкес келгені қымбат, – дейді ол.

Ендігі мақсаты – капитан болу

Төрт жыл ішінде капитанның үшінші көмекшісінен аға көмекшісіне дейін көтерілген Нұрай енді кеме капитаны болуды көздеп отыр.

Қазіргі қызметі оған басқару тәжірибесін жинап, кемедегі жұмыстарды ұйымдастыруды тереңірек меңгеруге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта білімін жетілдіріп, кәсіби тәжірибесін арттыруға ниетті.

Фото: Нұрай Абилканованың жеке мұрағатынан
Фото: Нұрай Абилканованың жеке мұрағатынан

Капитан болу – менің басты мақсатым. Бұл жай ғана келесі қызметтік саты емес, одан да үлкен жауапкершілік. Жинаған білімім мен тәжірибемді жаңа деңгейде қолданғым келеді. Сондықтан әлі де үйреніп, кәсіби тұрғыдан өсе түсуім керек, – дейді ол.

Нұрай болашақта жас мамандармен тәжірибе бөлісіп, теңізші болғысы келетін қыздарға қолдау көрсетуді де жоспарлайды. Оның ойынша, кейде бір адамның жетістігі басқаларға өз мүмкіндігіне сенуге көмектеседі.

Мен үшін жетістік тек белгілі бір қызметке жету емес. Ең бастысы – үнемі дамып, жақсы көретін ісіңмен айналысу және еңбегіңнің нәтижесін көру. Болашақта Қазақстанның теңіз саласының дамуына өз үлесімді қосқым келеді, – дейді Нұрай Абилканова.

Оқи отырыңыз