22 жылдан кейінгі оралу: «Шрек 2» ойынының жаңартылған ремастері шығады

22 жылдан кейінгі оралу: «Шрек 2» ойынының жаңартылған ремастері шығады
Фото: DreamWorks Animation / Universal Pictures

2004 жылы шыққан «Шрек 2» ойыны 22 жылдан кейін жаңартылған нұсқада қайта оралады. Ал келесі жылы «Шрек 5» мультфильмі де үлкен экранға шығуы тиіс. Культ кейіпкердің жанкүйерлерін тағы қандай жаңалықтар күтіп тұр?

Жаңартылған ойынның графикасы жақсарып, жаңа мүмкіндіктер қосылады. Ал ремастердің таныстырылымына арналған трейлерде әзірлеушілер танымал GTA 6 ойынының жарнамалық науқанын әзілге айналдырған.

Shrek 2 Remastered деп аталатын жаңартылған нұсқаны Aspyr студиясы әзірлеп жатыр. Ойынның шығу күні ретінде 10 қараша көрсетілген. Ол Nintendo Switch, Nintendo Switch 2, PlayStation 5, компьютерлер және Xbox Series X платформаларында қолжетімді болады.

Ремастер – бұрын шығарылған ойынды заманауи құрылғыларға бейімдеп, графикасы мен техникалық мүмкіндіктерін жақсартқан нұсқа. Әдетте мұндай жобаларда ойынның негізгі оқиғасы мен механикасы сақталады. Ал кескін сапасы, интерфейс және басқа да техникалық элементтер жаңартылады.

Жаңа ойын несімен есте қалды?

«Шрек 2» ойыны DreamWorks компаниясының 2004 жылы шыққан аттас анимациялық фильмінің желісі бойынша жасалған. Бұл – ойыншылар кейіпкерлерді басқарып, түрлі тапсырмаларды орындап, кедергілерден өтетін шытырман оқиғалы платформер.

Ойын барысында Шректің батпағы, Фионаның сарайы және Алыстағы патшалық сияқты мультфильмнен таныс орындарды аралауға болады. Сонымен қатар, ойынға арнайы әзірленген, түпнұсқа мультфильмде болмаған оқиғалар мен тапсырмалар да енгізілген.

Ойыншылар бір ғана кейіпкермен шектелмейді. Шрекпен бірге Есек, Фиона және басқа да таныс кейіпкерлерді басқарып, олардың ерекше қабілеттерін тапсырмаларды орындау кезінде пайдалануға болады.

Жобаның танымал болуына мультфильмдегі әзілдердің сақталуы, түрлі кейіпкерлердің өзара әрекеті және оқиғаның жеңіл әрі қызықты берілуі әсер етті. Ойын тек жеке өтуге арналған жоба емес, достармен бірге көңіл көтерудің де бір тәсілі болды.

Түпнұсқа ойынның басты ерекшеліктерінің бірі – жергілікті кооператив режимі. Оның көмегімен төрт адамға дейін бір құрылғыда бірге ойнай алатын. Бұл мүмкіндік ойыншыларға тапсырмаларды бірігіп орындап, әр кейіпкердің қабілетін пайдалануға жағдай жасады.

Жаңартылған нұсқада осы тәжірибе кеңейтіледі. Енді төрт ойыншыға дейін интернет арқылы қосылып, бір командада ойнай алады. Яғни достардың бір жерде жиналуы міндетті емес.

Онлайн кооператив – ескі ойындарды қайта шығарудағы маңызды жаңалықтардың бірі. Өйткені ол бастапқы ойынның ерекшелігін сақтай отырып, оны қазіргі ойыншылардың әдетіне бейімдейді.

Ремастердегі жаңалық

Әзірлеушілер ойынның бірнеше техникалық элементін жаңартуды жоспарлаған.

Фото: Universal Pictures.
Фото: Universal Pictures.
  • Графика мен 4K ажыратымдылығы. Кейіпкерлер мен қоршаған ортаның кескін сапасы жақсарады. 4K қолдауы үйлесімді құрылғыларда бейнені жоғары ажыратымдылықта көрсетуге мүмкіндік береді.
  • Жаңартылған интерфейс. Ойын мәзірі мен басқару элементтері қайта өңделеді. Бұл ойын ішіндегі ақпаратты қабылдауды жеңілдетуге бағытталған.
  • Қайта өңделген бейнероликтер. Оқиғаны байланыстыратын видеолардың сапасы жақсартылады.
  • Фоторежим. Ойыншылар виртуалды әлемдегі қызықты сәттерді кадрға түсіріп, өз скриншоттарын жасай алады.
  • Чит-кодтар режимі. Бұл мүмкіндік ойын барысына белгілі бір өзгерістер енгізуге арналған. Мұндай режим ойыншыларға стандартты ережелерден тыс тәжірибе жасап көруге мүмкіндік береді.

Дегенмен ремастердің басты ерекшелігі тек графиканы жаңартуда емес. Жергілікті кооперативке онлайн ойнау мүмкіндігінің қосылуы – 2004 жылғы ойынның қазіргі аудиторияға бейімделуіндегі елеулі өзгеріс.

«Шрек 5» маусымда шығады

Шрек әлеміне деген қызығушылықтың қайта артуына тағы бір себеп бар. 2027 жылы жасыл дәу туралы «Шрек 5» анимациялық фильмі үлкен экранға шығады. DreamWorks Animation мәліметінше, фильмнің премьерасы 2027 жылғы 30 маусымға жоспарланған. Шрек пен Есектің рөлдерін Майк Майерс пен Эдди Мерфи, ал Фионаның рөлін Кэмерон Диас қайта дыбыстайды. Сондай-ақ Зендея Шрек пен Фионаның қызы Фелицияның кейіпкеріне дауыс береді.

Осылайша, культ ойынның жаңартылған нұсқасы мен жаңа мультфильмнің шығуы Шрек франшизасына деген қызығушылықты қайта жандандыруы мүмкін.

Оқи отырыңыз