2,2 млн теңгеге дейін: біржолғы декреттік төлемнің шегі қандай?

 Артем Чурсинов
Фото: Артем Чурсинов

Биыл жәрдемақы мөлшері индекстеліп, 10%-ға өсті. Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігі әлеуметтік көмек пен әлеуметтік сақтандырудағы көпдеңгейлі жүйе жайын түсіндірді.

Әлеуметтік желіде сәуір айындағы бала күтіміне байланысты әлеуметтік көмек кешігіп жатқаны туралы біраз жазылды. Бірі төлем мөлшерінің өсетіні туралы жазса, ендігісі осынша кешіктірудің сырын білгісі келді. Жалпы, биыл аналар сәбиі 1,5 жасқа толған бала күтімі үшін 612 766 теңгеге дейін төлем ала алады. Мемлекеттік қолдаудың жалы көлемі ананың не әкенің жұмыс істегеніне, бала санына қарай түрленеді. Иә, елімізде әкелелер де декреттік демалысқа шыға алады.

Құзырлы министрліктің мәліметінше, балалы отбасыларға республикалық бюджеттен 5 түрлі жәрдемақы  беріледі. Оған мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) берілетін 2 әлеуметтік төлем түрін қосыңыз.

Жәрдемақы мөлшері әлеуметтік аударымға байланысты

Баланың тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы (барлық әйелдер үшін) көлемі келесідей:

  • бірінші, екінші және үшінші балаға – 38 АЕК (2026 жылы 164 350 теңге);
  • төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК (272 475 теңге).

Осы жәрдемақы барлық босанған, жұмыс істейтін, сондай-ақ жұмыс істемейтін әйелдерге мемлекеттік бюджеттен тағайындалады.  Бұл көмек түрі босанғаннан кейін 1-3 жұмыс күні аралығында шотқа түседі.

Баланың 1,5 жасқа толғанға дейінгі күтімі бойынша әлеуметік жәрдемақы (жұмыс істемейтін әйелдер үшін) көлемі келесідей:

  • бірінші балаға – 5,76 АЕК (биыл әр ай сайын 24 912 теңге);
  • екінші балаға – 6,81 АЕК (әр ай сайын 29 454 теңге);
  • үшінші балаға – 7,85 АЕК (әр ай сайын 33 952 теңге);
  • төрінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК (әр ай сайын 38 493 теңге).

Мұны міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне төлем аудармаған, бала күтіміне байланысты үйде отыратын әйел не ер адамға тағайындайды. Сөйтіп, анасы не әкесі жұмыс істемесе, бала босанғаны үшін біржолғы 164 350 теңге, 18 ай ішінде ай сайынғы төлемдер есебінде 448 416 теңге алады. Сонда әлеуметтік көмектің жалпы сомасы – 612 766 теңге.

Ең жоғары біржолғы декреттік төлем – 2 249 100 теңге

Әрине, жұмыс істейтін, әлеуметтік аударымдарды, жарнаны уақытылы төлеген  ана не әкеге сәйкесінше көбірек төлем тағайындалады. Мысалы, бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда берілетін әлеуметтік төлем кейінгі 2 жылдағы орташа айлық табыстың 40%-ын құрайды, бірақ 7 ең төменгі жалақы мөлшерінен аспайды  Биыл  7 ЕТЖ – 595 000 теңгеге тең. Егер әйел жаңа туған баланы асырап алса да, оған осындай мөлшерде әлеуметтік төлем тағайындалады.

Ал декреттік төлем әлеуметтік аударым жүргізілген 12 ай ішіндегі табысты қосып, 12-ге бөлу арқылы анықталады.

Еңбекке жарамсыздық күндері санының коэффициенті уақытша еңбекке жарамсыздық парағы берілген күндер санын 30 күнтізбелік күнге бөлу арқылы анықталады. Уақытша еңбекке жарамсыздық парағы 126 күнтізбелік күнге берілсе, онда коэффициент 126 / 30 = 4,2-ге тең болады.

Мысалы, бір жыл ішінде міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) шегергенде сіз 2 156 000 теңге жалақы алдыңыз, не табыс таптыңыз делік:

1 944 000 тенге / 12 = 179 000 тенге,

179 000 тенге х 4,2 = 751 800 тенге.

Әлеуметтік төлемнен 75 180 теңге сомасында 10% МЗЖ ұстап, сіздің БЖЗҚ шотыңызға аударады. Сөйтіп, шотыңызға 676 620 теңге сомасында бір жолғы әлеуметтік төлем аударылуы тиіс.

Орташа айлық табыс мөлшері соңғы 12 ай ішінде түскен әлеуметтік аударымдар негізінде есептеледі. Сондықтан, егер сіз, мысалы, есептік 12 айдың ішінде қорға тек 8 ай жарна аударсаңыз, онда 8 айдағы жалпы сома 12-ге бөлінеді.

«Егер ананың айлық табысы 7 ЕТЖ-дан асса, мысалы, жалақысы 700 000 теңгені құраса, бұл "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры туралы" заңның 15-бабының 5-тармағына сәйкес, әлеуметтік төлемдерді есептеу объектісінің ең жоғары шегінен, яғни 7 ЕТЖ (595 000 теңгеден) асып кетеді. Бірақ әлеуметтік төлем мөлшерін анықтау үшін айлық табыс 595 000 теңге деңгейінде ғана есепке алынады. Осылайша, егер 12 ай бойы қорға аталған табыстан әлеуметтік аударымдар түсіп тұрса, онда әлеуметтік төлем мөлшері: 595 000 тенге х 4,2 = 2 499 000 теңгені құрайды. Бұдан 249 900 теңге сомасында 10% зейнетақы жарнасы ұсталады. Банктік шотыңызға 2 249 100 теңге аударылады», – деп хабарлады eGov порталы.

Иә, жеке кәсіпкер ретінде бірнеше жерден төлем түсіп тұрса да, 595 000 теңге табыс ретінде есептеліп, белгілі бір сомада төлем тағайындалады. Жұмыс істейтін ата-аналар үшін қолдау мөлшері жеке есептеледі және оның ресми табысына тікелей байланысты болады. Бұрынғыдай бірнеше ЖК ашып, әлеуметтік жарна аударып, миллиондап жәрдемақы алатын дәурен келмеске кетті.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы 112,2 млрд теңгені құрайтын әлеуметтік төлемдермен 597,4 мың адам қамтылды. Биыл бала туғанда берілетін жәрдемақыны республикалық бюджеттен барлығы 10,1 млрд теңге сомаға 50,9 мың адам алыпты.

 

Оқи отырыңыз