Жаңалықтар

20 шілде кинопремьералары

Қазақстан кинотеатрларына шыққан жаңа фильмдер
20 шілде кинопремьералары
20.07.2017 17:43 1812

Бүгін 20 шілде, бейсенбі – демек кинопремьералар күні. Назарларыңызға Қазақстан кинотеатрларына шыққан жаңа фильмдер туралы ақпарат ұсынамыз.

Аптаның, мүмкін тіпті – жылдың басты кинокартиналарының бірі – Кристофер Ноланның «Дюнкерк» әскери драмасы. Нолан «сирек, бірақ дәл ататын» режиссерлердің бірі. Оның осыған дейінгі жұмысы – 2014 жылғы «Интерстеллар» біраз талқылау өзегіне айналып еді. Тіпті астрономия ғалымдары фильмдегі детальдардың қаншалықты рас-өтірігін талқылап кетті. Енді міне, алдымызға тағы бір туындысын тастап отыр. Алғашқы рецензиялар мен пікірлер – жаңа жобаны мақтау сарынында әзірге.

Әр режиссердің өз сүйіктісі болады ғой, Нолан да «Дюнкеркте» тұрақты актерлерінің көмегіне жүгініпті. Атап айтқанда - Том Харди мен Киллиан Мёрфи бар. Көмек деп бекер айтқан жоқпыз, өйткені олар басты рөлде емес. Негізгі рөлдерге бұрын аса танымал емес жастарды шақырып, режиссер аздап тәуекелге бел буғаны байқалады осы жолы.

Фильмдегі оқиға өмірден алынған. Сюжеті Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде өрбиді. Одақтас елдердің жауынгерлері Франция жағалауында неміс әскерінің қыспағында қалады. Саны үш жүз мыңнан асатын британ, француз, бельгиялық сарбаздарды эвакуациялау операциясына Ұлыбритания әскерімен бірге балықшы, сауда және жүк қайықтары да атсалысады.

Әнші Сиви Махмудиді бәріңіз білетін шығарсыздар? Әншінің отбасы кино өнерінде бақтарын сынап көруге бел байлапты. Сивидің інісі Марсель – сценарийші, актер міндетін атқарған жоба «Мажоры» деп аталады. Аты айтып тұрғандай, «алтын жастардың» бейқам өмірі суреттеледі картинада. Жобаға атсалысқандар қатарында – отанасы Анар Рүстемова, ол бас продюсер, сондай-ақ Махмудилердің жақын туысы - Қымбат Кеңесбай жобаға актриса әрі атқарушы продюсер ретінде атсалысты. Бұлардың бәрінің басын біріктіріп, режиссерлік еткен Жәнібек Ғұсманов. Ол да үлкен кинода дебютант екен.

Үрейлі фильмдер ұнататындар үшін «Амитивилль: Ояну» («Ужас Амитивилля: Пробуждение») картинасы ұсынылады. Тематикасы да өз жанрынан алыстай қоймаған: тылсым құпияны сақтап тұрған үй және оған көшіп келген жаңа отбасы. Басты рөлдерде – комедияларда көрініп жүрген Белла Торн мен Камерон Монахэн  және ардагер актриса (жақсы мағынада) Дженнифер Джейсон Ли.

«Овердрайв» - экшн мен автоқуғын сүйетін көрермен үшін. Америка мен Франция бірігіп өндірген фильмнің сюжеті Эндрю мен Гаретт Фостер есімді екі ағайынды туралы. Олар сирек кездесетін және сәнді автомобилдерді ұрлаумен айналысады. Талай сәтсіздіктерден оңай құтылып кетіп жүрген олар бірде қылмыс боссының назарына ілігеді. Бауырлар бас амандығының ақысына ол үшін аса құнды автомобильді ұрлап әкелуі керек. Басты рөлде - Скотт Иствуд. Иә, кәдімгі Клинт Иствудтың ұлы.

Неміс аниматорлары шығарған «Қояндар мектебі» («Заячья школа») балаларға ұнауы тиіс. Мультфильм Макс есімді көжектің төңірегінде өрбиді. Қаланың қым-қуыт тіршілігіне үйреніп қалған ол өз заманынан қалып қойған деп саналатын қояндар мектебіне кездейсоқ тап болады. Алайда бұл жердің де үйретері көп еді.

Апта сайынғы премьералар күнін француз комедиясынсыз елестету қиын. Бұл жолы Францияның белгілі режиссері Филипп де Шоврон түсірген «Құшақ жая» («Безумные соседи») деген картина еліміздің кинонарығына келіп жатыр. Басты рөлде - атақты комедиант Кристиан Клавье. Оның кейіпкері – сайлауға қатысып жатқан саясаткер. Бір теледебат кезінде қызып кетіп, Франция барлық иммигранттар үшін ашық екенін, бәрін қабылдауға дайын екенін, тіпті өзі де үйіне келімсектерді кіргізіп, паналата алатынын айтып қалады. Ертесіне оның үйінің алдында сығандардың бір тобы тұрады. Сайлаушылардың дауысынан айырылғысы келмеген ол шақырылмаған қонақтарды үйіне кіргізуге мәжбүр болады. Отбасының бірқалыпты өмірінде бұрын болмаған қызықтар осыдан басталады.

Адамның жасырын мінезі мен қыр-сырын ашатын психологиялық драма ұнатсаңыз - «Берлин синдромы» («Берлинский синдром») деген триллер прокатқа шықты. Австралия мен Германия бірігіп түсірген кинотуынды оқиғасы Берлинде өрбиді. Осы елге саяхаттап келген Клэр көшеде Энди есімді жергілікті жігітпен танысады. Екеуінің арасында сезім пайда болады. Алайда романға ұласуы тиіс қатынас қыз үшін күтпеген бағытта өрби жөнеледі. Басты рөлдерде Австралияның белгілі актрисасы Тереза Палмер мен неміс актері Макс Римельт.

Бүгін прокатқа жол тартқан фильмдер легі осындай.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға