2026 жылы әлемдегі туу көрсеткіші алғаш рет халықтың табиғи өсімін қамтамасыз етуге қажетті деңгейден төмен түсті. Мұндай қорытынды Terra Incognita: The Economics of a Shrinking World зерттеуінде айтылған.
Туу көрсеткіші әлемнің басым бөлігінде төмендеп жатыр
Зерттеушілердің есебінше, халық санының табиғи түрде тұрақты сақталуы үшін бір әйелге орта есеппен шамамен 2,2 бала келуі керек. Алайда 2026 жылы жаһандық көрсеткіш осы межеден төмендеген болуы мүмкін.
Мұндай жағдай бұған дейін ешқашан болған емес. Соғыс пен пандемия кезеңдерінде де әлемдік туу көрсеткіші бұл деңгейден төмен түспеген, – дейді зерттеу авторлары.
Ғалымдар 1950 жылдан бергі 236 ел мен аумақтың демографиялық деректерін зерттеген. Соның ішінде 219 елде туу көрсеткішінің тұрақты түрде төмендегені анықталған. Әзірге олардың ешқайсысында бұл үрдістің айқын кері өзгерісі байқалмайды.
Зерттеу дерегінше, әлемдегі туу көрсеткіші 1978 жылы ең жоғары деңгейіне жеткен. Содан бері ұзақмерзімді төмендеу үрдісі жалғасып келеді.
Төмен туу көрсеткіші тек дамыған елдерге тән емес
Бұған дейін бала туу деңгейінің төмендеуі негізінен табысы жоғары, дамыған мемлекеттерге тән демографиялық мәселе ретінде қарастырылып келді. Алайда зерттеу авторлары бұл үрдістің қазір табысы төмен және орташа елдерде де күшейгенін атап өтеді.
Мәселен, 2025 жылы бала туудың жиынтық коэффициенті Колумбияда бір әйелге шаққанда 1,01 баланы құраған. Иранда – 1,35, Тунисте – 1,45, Мексикада – 1,51, Бразилияда 1,52 бала болған.
Зерттеушілер Мексикадағы туу деңгейінің өмір сүру деңгейі әлдеқайда жоғары АҚШ-тан да төмен екенін мысалға келтіреді.
Демек, туу көрсеткішінің төмендеуін тек халықтың әл-ауқатының артуымен байланыстыру барған сайын қиындап келеді. Демографиялық құлдырау табыс деңгейі мен даму көрсеткіштері әртүрлі елдерге таралып жатыр, – деген қорытындыға келген зерттеу авторлары.
Инфографика: El.kz
Жер халқы қашан азая бастайды?
Туу көрсеткішінің төмендеуі әлем халқының бірден азая бастайтынын білдірмейді. Демографиялық инерцияға байланысты Жер тұрғындарының саны әлі бірнеше онжылдық бойы өсуі мүмкін.
Зерттеу авторлары қазіргі үрдіс сақталса, әлем халқы тағы шамамен 30 жыл өсіп, 2056 жылға қарай 9 миллиард адамға жетеді деп болжайды. Осы межеден кейін халық саны біртіндеп азая бастауы ықтимал.
Ал БҰҰ болжамы бұдан өзгеше. Ұйымның есебінше, әлем халқы 2080-жылдардың ортасына дейін өсіп, шамамен 10,3 миллиард адамға жеткеннен кейін ғана төмендей бастайды.
Сингапурда бір әйелге бір баладан да аз келеді
Туу көрсеткішінің күрт төмендеуіне америкалық кәсіпкер Илон Маск та назар аударды. Ол Сингапурдағы демографиялық көрсеткішке қатысты пікір білдірген.
2025 жылы бұл елде бала туудың жиынтық коэффициенті бір әйелге шаққанда небәрі 0,87 баланы құраған. Бұл халықтың табиғи өсімін қамтамасыз етуге қажетті деңгейден бірнеше есе төмен.
Жалпы зерттеу авторлары әлемнің көптеген елінде байқалып отырған үрдіс ұзақмерзімді перспективада еңбек нарығына, экономикалық өсімге, зейнетақы жүйесіне және халықтың жас құрылымына елеулі әсер етуі мүмкін екенін алға тартады.