Жаңалықтар

2034 жылғы әлем чемпионатын өткізуге шамамыз жете ме?

2034 жылғы әлем чемпионатын өткізуге шамамыз жете ме?
Фото: © FIFA.com 24.07.2023 15:20 629

Жақында Ыстықкөлде Қырғызстан, Қазақстан, Түрікменстан мен Өзбекстан футбол қауымдастығы басшыларының кездесуі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қауымдастықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайту және бірлескен жобаларды жүзеге асырудың негізгі мәселелерін талқылауға арналған басқосуға Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов, Қырғыз футбол одағының президенті Медербек Сыдықов, Түркіменстан футбол федерациясының президенті Арслан Айназаров және Өзбекстан футбол қауымдастығының бірінші вице-президенті Равшан Ирматов қатысты.

Бұл жиында елді елең еткізген Әділет Барменқұловтың Өзбекстанмен футболдан 2034 жылғы әлем чемпионатын бірлесіп өткізейік деген бастамасы болды.

Екі мемлекеттің достығы соңғы жылдары жаңа деңгейге көтеріле бастады. Ұлттық құрамаларымыз жолдастық кездесулер өткізіп жүр. Енді 2034 жылғы әлем чемпионатын бірлесіп өткізуге ұсыныс берсек дұрыс еді, - деді Әділет Барменқұлов.

Қазақстанда әлем чемпионатын өткізу туралы бастама негізі елге FIFA президенті Джанни Инфантино келіп кеткеннен басталса керек. Ол мемлекет басшысымен кездесуде елімізде инфрақұрылым жөнделсе, әлемдік додалар өткізуге мүмкіндік бар екенін айтып қалған.Бірақ алдымен бізге жасөспірімдер және жастар арасындағы Еуропа чемпионаттарын өткізуден бастау керек. Дәл қазір әлемдік чемпионат өткізуге Қазақстанда болмай тұр.

Мысалы, мундиальдың талабы бойы топтық кезеңдегі ойындар өткізу үшін стадионның сыйымдылығы 40 мың көрерменнен кем болмау тиіс. Ал жартылай финалдың ойындары 60 мың стадиондарда өтуі керек. Финал мен ашылу салтанатына 80 мыңдық стадион қажет.

Стадионның 10 мың жеңіл көлікке арналған автотұрағы болуы керек. Сосын 500 автобус қоятын орын болуы да маңызды.

Алдағы 2026 жылғы әлем чемпионатынан бастап, қатысушылар саны көбейеді. Бұрынғыдай 32 емес, 48 құрама болмақ. 2026 жылы бірден үш мемлекет бірігіп өткізбекші (АҚШ, Канада, Мексика.

Ал 2030 жылғы әлем чемпионатына Уругвай, Аргентина, Парагвай және Чили төрттігі, Испания, Португалия және Марокко үштігі, Грекия мен Сауд Арабиясы да бірлесіп өткізуге құлшынып отыр. Шешім 2024 жылы қабылданады.

Әзірге 2034 жылғы әлем чемпионатына Оңтүстік-Шығыс Азия елдері ерекше үміттеніп отыр. Яғни, Сингапур, Тайланд, Филиппин т.б бірлесіп қолға алмақшы.

Аустралия және Африка мемлекеттерінен де 2034 жылғы әлем чемпионатын қабылдауға дайын елдер бар (Египет, Нигерия, Зимбабве, Ботсвана, Мозамбик, Замбия, Оңтүстік Африка).

Әрине, Әділет Барменқұлов бұл ұсынысты жасауда көршілердің көзқарасын да білгісі келген тәрізді. Осы ретте қоғамдағы талқыдан сескенді ме Мәдениет және спорт министрлігі бірден пікір білдіріп үлгерді. Олардың бұлай атүсті қашқаны мүлдем түсініксіз болып қалды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қазақстандық футболды дамытуға ерекше назар аударады және осы бағытта жан-жақты қолдау көрсетеді. Алайда, Қазақстанда футболдан әлем чемпионатын өткізу туралы мәселе қаралмағанын, тиісінше, чемпионатты өткізу үшін біздің еліміз өтінім беруді жоспарламағанын мәлімдейді, - деп жазылған министрлік таратқан ақпаратта.

Содан ҚФФ президентінің кеңесшісі Ермұхамед Мәулен жағдайды түсіндіруге тырысты.

Қоғамда талқыланып жатқан 2034 жылғы әлем чемпионаты жайлы сөз қозғай отырайын. Министр Асхат Оралов қарсы шығып, өзге блогерлер қасаң пікірлер айтыпты. Біріншіден, ешкім FIFA-ға ұсыныс тастаған жоқ. Ол деген үлкен сараптамалық жұмыстан кейін құжаттары дайындалған соң барып істелінетін шаруа. ҚФФ президенті Әділет Бәрменқұлов түркі тектес халықтардың футбол форумында Өзбекстан футболының атақтысы Равшан Ирматовқа және Қырғызстан футболының басшысы Медербек Сыдықовқа осындай ұсыныс тастаған. Бірлесіп, үш мемлекет болып Орта Азияда әлем чемпионатын өткізуге қалай қарайтынын сұрады. Енді Өзбекстан мен Қырғызстан тарапы оны ойластырады, кеңеседі, кейіннен шешімін айтады. Сосын барып екі немесе үш мемлекет өзара ақылдасып, дөңгелек үстелге жиналады. FIFA-ға ұсыныс тастауға қамданады. Одан кейін оны FIFA өкілдері өзге де кандидат елдермен салыстырады, дауысқа салады. Ол өзі бір ұзақ процесс. Десе де, өрістен бұрын шаң шығарып, ат тонын ала қашып жатқандарды түсінбеймін. Қазақстанда «әлем чемпионаты өтсе керемет емес пе? 2034-жылға дейін 4 стадион салуға шамамыз жететін шығар, не көрініпті?! Ол стадиондарды сосын ешкім алып кетпейді, осы елде қалады. Әлем чемпионаты кезінде қаншама турист келеді, футболдың миллиондаған жарнамасы ағылады. Футболымыздың да жылдам көтерілуіне сеп болар еді. Осыны түсінбей тұрып, алдын ала тон пішіп жатқандарға сабыр тілеймін, - деп жазды ҚФФ президентінің кеңесшісі Ермұхамед Мәулен.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға