2030 жылғы футболдан әлем чемпионатына Азия құрлығы атынан қатысу үшін Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Түрікменстан құрамалары іріктеу кезеңінде бір топқа түсуі мүмкін. Мұндай мүмкіндік алдын ала болжанған себет құрамына байланысты туындап отыр. Дегенмен Түрікменстан құрамасы алдымен іріктеудің бастапқы кезеңінен сүрінбей өтуі керек.
Ал Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына Еуропа құрлығы арқылы іріктеледі. Өйткені 2002 жылдан бері Қазақстан футбол федерациясы УЕФА құрамына кіреді. Сондықтан ұлттық құрама Азия аймағындағы іріктеу ойындарына қатыспайды.
Орталық Азия құрамалары қай себетке түсуі мүмкін?
Таиландтың Thairath басылымының хабарлауынша, 2030 жылғы әлем чемпионатының Азия аймағындағы іріктеу кезеңдерінің жеребесі 2026 жылғы 15 желтоқсанда тартылуы мүмкін. Ал Eurasia Football басылымы жеребе рәсімі 2027 жылдың ақпанында өтеді деп жазды. Әзірге оның нақты мерзімі ресми түрде расталған жоқ.
Thairath жариялаған алдын ала болжам бойынша, Өзбекстан құрамасы бірінші себетке, Тәжікстан екінші себетке, ал Қырғызстан үшінші себетке түсуі ықтимал. Түрікменстан іріктеудің бастапқы кезеңіне қатысатын командалар қатарында тұр. Бұл – рейтингке сүйеніп жасалған болжам ғана. Азия футбол конфедерациясы (AFC) себеттер мен топ құрамын әзірге ресми жариялаған жоқ.
Алдын ала есеп бойынша, бірінші себетке Өзбекстанмен бірге Жапония, Иран, Аустралия, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы, Қатар, Ирак және Біріккен Араб Әмірліктері кіруі мүмкін.
Екінші себеттен Тәжікстанмен қатар Иордания, Оман, Сирия, Таиланд, Палестина, Қытай, Бахрейн және Вьетнам құрамалары орын алуы ықтимал. Ал Қырғызстан үшінші себеттің көшін бастап тұр.
Төрт ел бір топқа қалай түсуі мүмкін?
Алдын ала қарастырылып отырған іріктеу жүйесіне сәйкес, рейтингі төмен 20 құрама алдымен бастапқы кезеңде бақ сынайды. Олар келесі кезеңге берілетін 10 жолдаманы сарапқа салады.
Осы кезеңнен өткен 10 командаға тікелей жолдама алған тағы 26 құрама қосылады. Сөйтіп, екінші кезеңге жалпы саны 36 ұлттық құрама қатысып, олар төрт командадан тоғыз топқа бөлінеді. Әр команда өз тобындағы қарсыластарымен үйде және сырт алаңда ойнап, алты матч өткізеді.
Бұл тұста Түрікменстан құрамасының жағдайы ерекше назар аудартады. Орталық Азияның төрт командасы бір топқа түсуі үшін түрікменстандықтар бастапқы кезеңдегі қарсыласын жеңумен ғана шектелмеуі керек. Сонымен бірге жеребе кезінде жеңімпаз төртінші себетке түсуі қажет.
Жарияланған болжам бойынша, үшінші себеттегі сегіз орынды іріктеудің бастапқы кезеңіне қатыспайтын құрамалар иеленеді. Тоғызыншы орын бастапқы кезең жеңімпаздарының біріне берілуі мүмкін. Ал қалған тоғыз жолдама басқа жұптардың жеңімпаздарына тиесілі болады. Дегенмен себеттерді жасақтау тәртібін AFC ресми түрде бекітуі керек.
Егер Түрікменстан құрамасы төртінші себетке түссе, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Түрікменстан бір топта кездесуі әбден мүмкін. Себебі болжамды жүйеде төрт ел төрт түрлі себетке бөлінеді. Алайда бұл – ықтимал сценарий ғана, әзірге мұндай топтың құрылатыны туралы ресми шешім жоқ.
Бір топта болса, 12 аймақтық дерби өтеді
Егер төрт ел бір топқа түссе, олардың арасында барлығы 12 матч ойналады. Яғни әр кездесу Орталық Азия құрамаларының өзара тартысты бәсекесіне айналмақ.
Болжамды формат бойынша, әр топтан үздік екі команда келесі кезеңге жолдама алады.
Айта кетейік, Орталық Азия құрамалары арасындағы мұндай кездесулер бұған дейін де өткен. 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Өзбекстан құрамасы Түрікменстанды екі рет жеңді. Қонақта 3:1 есебімен басым түссе, өз алаңында да жеңіске жетті.
Келесі кезеңде өзбекстандықтар Қырғызстан құрамасымен кездесіп, Бішкекте 3:2, Ташкентте 1:0 есебімен жеңіске жеткен еді.
AFC жариялаған күнтізбеге сәйкес, келесі іріктеу кезеңінің бастапқы матчтары 2027 жылғы 25 және 30 наурызға жоспарланған. Ал екінші кезең күзде басталуы тиіс. Дегенмен командалардың нақты себеттері мен қарсыластары жеребе тартылғаннан кейін ғана белгілі болады. Әлеуметтік желіде тараған себеттер мен алдын ала жұптар көрсетілген суреттердің ресми күші жоқ.
2030 жылғы әлем чемпионатына 64 құрама қатысуы мүмкін
Әлем чемпионатының 48 команда қатысқан алғашқы додасы аяқталғаннан кейін футбол қауымдастығында келесі турнирдің форматы қызу талқыланып жатыр. Оңтүстік Америка футбол конфедерациясының (CONMEBOL) президенті Алехандро Домингес 2030 жылғы әлем чемпионатына қатысатын құрамалар санын 64-ке дейін арттыруды ұсынды.
Бұл ұсыныстың басты негіздерінің бірі – 2030 жылы әлем чемпионатының 100 жылдық мерейтойы атап өтіледі. Ал турнирдің өзі үш құрлық пен алты мемлекетте өтеді. Негізгі ойындарды Испания, Португалия және Марокко қабылдайды. Сонымен қатар Уругвай, Аргентина және Парагвайда бір-бір матчтан өткізу жоспарланған. Мұндай шешімді FIFA конгресі бекіткен.
64 команда қатысатын форматта құрамаларды төрт-төрттен 16 топқа бөлуге болады. Әр топтан үздік екі команда плей-офф кезеңіне, яғни 1/16 финалға шығады. Бұл жүйе 48 команда қатысқан турнирде қолданылған үшінші орын алған құрамаларды өзара салыстыру тәртібін қажет етпейді.
Мұндай жағдайда топтық кезеңде 96 матч өтеді. Ал әлем чемпионатының жалпы ойын саны 128-ге жетеді. 2026 жылғы турнирде 104 кездесу ұйымдастырылды. Sky Sports есебінше, 64 команда қатысатын жарыстың ұзақтығы шамамен алты аптаға созылуы мүмкін. Оны өткізу үшін 20-ға жуық стадион қажет болуы ықтимал.
Турнирді ұйымдастырудағы басты қиындық – қашықтық
Әлем чемпионатын 64 командаға дейін кеңейтудің бірқатар қиындығы да бар. Соның бірі – Атлант мұхиты арқылы ұзақ сапарға шығу қажеттігі.
Мәселен, турнирді Оңтүстік Америкада бастаған командалар кейін Еуропаға немесе Африкаға ұшуға мәжбүр болады. Сондықтан ойындарды географиялық тұрғыдан жақын аймақтарға топтастырып, командалардың жол жүру кестесін мұқият жоспарлау қажет. Егер жаңа формат мақұлданса, Оңтүстік Америка елдерінде өтетін матчтар саны да артуы мүмкін.
Ал 2034 жылғы әлем чемпионатына 64 командалық форматты қолдану әлдеқайда күрделі болмақ. Сауд Арабиясы турнирді жеке өзі қабылдауға дайындалып жатыр. Қазірдің өзінде 48 құрамаға арналған 15 стадион салу және жаңарту жоспары бар.
Сондықтан FIFA 2030 жылғы жарысты әлем чемпионатының жүз жылдығына арналған ерекше формат ретінде өткізіп, кейінгі турнирлерге міндетті үлгі етпеуі мүмкін. Тағы бір ұсыныс ретінде кейбір матчтарды Біріккен Араб Әмірліктерінде өткізу мүмкіндігі де қарастырылуы ықтимал.
Әзірге 2030 жылғы әлем чемпионатына қатысатын командалар санына қатысты түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Ал Азия аймағындағы іріктеу кезеңінің нақты форматы мен жеребе рәсімінің мерзімі AFC тарапынан ресми жариялануы тиіс.