Жаңалықтар

2028 жылға қарай бидай алқаптары 855 мың гектарға қысқарады

2028 жылға қарай бидай алқаптары 855 мың гектарға қысқарады
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі 18.10.2024 12:56 409

Мәжілісмендер көшпелі отырыста ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру мәселесін талқылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжілістің баспасөз қызметінің мәліметінше, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаевтың жетекшілігімен Қостанай облысында комитеттің көшпелі отырысы өтті. Депутаттар мемлекеттік органдардың өкілдерімен және астықты өңірдің шаруаларымен бірлесіп, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру, биылғы өнімді сақтау және өткізу мәселелерін талқылады.

Жиынды ашқан Серік Егізбаев Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдіктерінің алдында монокультура егістігін қысқарту арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарының алқаптарын әртараптандыруды қамтамасыз ету міндеті тұрғанын атап өтті. Мемлекет басшысы өткен жылғы Жолдауында осы бағыттағы жұмысты тағы да жандандыруды тапсырған болатын.

Қазірдің өзінде оң нәтижелер бар. Майлы дақылдар алқабы 2,9 млн гектарға дейін ұлғайтылып, ылғалды көп қажет ететін дақылдар алқабы қысқартылды. Мемлекет бұл өзгерістерді тұқым, тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарының құнын арзандату, суару жабдықтарын субсидиялау арқылы жүйелі түрде қолдап отыр. Бұл шараның барлығы фермерлердің өндірісі мен қызметінің тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған, – деді комитет төрағасы.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов өз баяндамасында мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін 5 жылда 2 есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатымен министрлік Жол картасын қабылдағанын айтты. Оның аясында әр облыс әкімдігі үшін әртараптандыру, агротехнологияларды енгізу және басқа да кіші салалар бойынша көрсеткіштер әзірленген.

Биыл егіс алқаптарының құрылымын нақты әртараптандыру бойынша барынша шаралар қабылданды. Бидай алқабы 450,3 мың гектарға қысқарды. Суды көп қажет ететін дақылдардың алаңы – күріш 6,9 мың га, мақта 10 мың гектарға азайды. Ал майлы дақылдар алаңы 135,5 мың гектарға, қант қызылшасы 9,4 мың гектарға ұлғайтылды, – деді ауыл шаруашылығы вице-министрі.

Азат Сұлтановтың айтуынша, 2028 жылға қарай бидай алқаптары 855 мың гектарға қысқаруға тиіс. Бұл ретте өнімділікті арттыру бойынша қабылданып жатқан шараларды ескере отырып, жалпы бидай түсімі төмендемейді деп болжанып отыр. Сонымен қатар осы кезеңде рентабельділігі жоғары ауыл шаруашылығы дақылдарының алқабы: майлы дақылдар – 3,7 млн ​​гектарға, мал азығы – 505 мың гектарға ұлғайтылады.

Бұл ретте жаңа егінді сақтау мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Вице-министр республикадағы астық сақтау қоймаларының жалпы сыйымдылығы 30 миллион тоннаны құрайтынын, бұл өткен жылдардағы тасымалдау қалдықтарын есепке алғанда жоспарланған астықты сақтауға жеткілікті екенін айтты. Бүгінгі күні жаңа егіннің 2,5 млн тоннадан астамы немесе 48 пайызға жуығы кептіріліп, өңделген және қоспалардан тазартылған. Министрлік облыстардың әкімдіктеріне кезекті болдырмау үшін астықты қабылдау және кептіру бойынша элеваторлардың тоқтаусыз тәулік бойы жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Сонымен қатар отырыс барысында экспорт географиясын кеңейту, өсімдік шаруашылығы өнімдерін жеткізуге экспорттық мемлекетаралық келісімшарттар жасау және логистиканы ұйымдастыру, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдікпен несие беру, айналым қаражатын толықтыру, ауыл шаруашылығы тауарларының паркін сапалы жаңарту мәселелері қаралды.

Өз кезегінде агробизнес өкілдері элеваторларды шикізатпен толық қамтамасыз ету, вагондардың тұрақты жүруі, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауға және жаңа көктемгі егіс компаниясын қаржыландыруға қаражаттың жетіспеушілігі мәселелері талқыланып, оларды шешу жолдары ұсынылды.   

Сөз соңында Серік Егізбаев салалық қауымдастықтар мен бизнес өкілдерінің ұсыныстарын Азық-түлік корпорациясы мен министрліктер пысықтауы керектігін айтты. Комитет тиісті ұсынымдар дайындап, Үкіметке жолдайтын болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға