2028 жылдан бастап Кореяда жұмыс істеуге жол ашылады: кімдер бара алады?

2028 жылдан бастап Кореяда жұмыс істеуге жол ашылады: кімдер бара алады?
Фото: Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстан азаматтары 2028 жылдан бастап Оңтүстік Кореяда ресми түрде жұмыс істей алады. Қазақстан Оңтүстік Кореяның Employment Permit System (EPS) жүйесіне ресми түрде қосылды. Бұл жүйе шетел азаматтарын заңды әрі қауіпсіз түрде жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан азаматтарын EPS жүйесі арқылы Оңтүстік Кореяға жұмысқа жіберу 2028 жылдан басталады деп жоспарланып отыр. Оған дейін екі ел арасында тиісті үкіметаралық меморандумға қол қойылып, Қазақстанда EPS талаптарына сай қажетті инфрақұрылым жасалады. Соның ішінде елімізде корей тілін білу деңгейін анықтайтын EPS-TOPIK тестілеу орталығын ашу көзделген. Бұл орталық Оңтүстік Кореяда жұмыс істеуге ниетті азаматтарды іріктеу кезеңдерінің бірі болады.

Кореяда жұмыс істеу үшін қандай талаптар қойылады?

Оңтүстік Кореяда EPS жүйесі арқылы жұмыс істегісі келетін қазақстандықтар бірнеше кезеңнен өтуі керек. Алдымен үміткерлер корей тілінен арнайы тест тапсырады. Одан кейін олардың кәсіби дағдылары бағаланып, медициналық тексеру жүргізіледі. Барлық талаптан сәтті өткен азаматтар ғана жұмыс берушілерге ұсынылатын үміткерлер тізіміне енгізіледі.

Маңыздысы – жұмысшыларды іріктеу жеке агенттіктер немесе делдалдар арқылы емес, тек ресми EPS жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл еңбек мигранттарының құқықтарын қорғауға және жұмысқа орналастыру кезінде алаяқтық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.

Министрлік делдалдарға сенбеуге шақырды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Оңтүстік Кореяға жұмысқа орналастыруға көмектесемін деп ақша сұрайтын жеке тұлғалар мен делдалдарға сенбеуге шақырды. Қазақстандықтарды EPS жүйесі арқылы жұмысқа қабылдау әзірге басталған жоқ. Сондықтан Кореяға жұмысқа жіберуге уәде беріп, алдын ала ақы талап ететін адамдардың ұсыныстарына сақтықпен қараған жөн.

Іріктеу тәртібі, тестілеу мерзімі, қойылатын талаптар және басқа да ресми ақпарат дайындық жұмыстары аяқталғаннан кейін министрліктің ақпараттық ресурстарында жарияланады.

Оқи отырыңыз