2027 жылы ҰБТ қай күндері өтеді?

2027 жылы ҰБТ қай күндері өтеді?
Фото: коллаж AI / El.kz

2027 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеудің төрт кезеңі ұйымдастырылады. Талапкерлер қаңтар, наурыз, негізгі және тамыз айларындағы ҰБТ-ға қатыса алады. 

Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, қаңтар айындағы ҰБТ-ға өтініштер 20-30 желтоқсан аралығында қабылданады. Тестілеу 10 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтеді. Наурыз айындағы ҰБТ-ға тіркелу 15–25 ақпанға жоспарланған. Ал тестілеу 1 наурыз бен 6 сәуір аралығында ұйымдастырылады.

Негізгі ҰБТ-ға өтініш қабылдау 10-25 сәуір аралығында жүргізіледі. Талапкерлер тестілеуді 10 мамыр мен 10 шілде аралығында тапсыра алады. Тамыз айындағы ҰБТ-ға тіркелу 25 шілде мен 5 тамыз аралығында өтеді. Тестілеу мерзімі – 10-20 тамыз.

ҰБТ тапсыру құны қанша?

Жарияланған мәлімет бойынша, ҰБТ-ның бір реттік құны – 5 640 теңге. Қаңтар, наурыз және тамыз айларындағы тестілеу ақылы негізде өткізіледі. Ал биылғы мектеп түлектері үшін негізгі ҰБТ тегін болады.

Төлемді бір сағат ішінде Kaspi немесе Halyk қосымшалары арқылы жасауға болады.

Тестілеуге қалай тіркелуге болады?

Талапкерлер тестілеуге app.testcenter.kz сайты немесе UTO қосымшасы арқылы өтініш бере алады. Өтініш қабылдаудың соңғы күні сағат 18:00-ге дейін тіркелу қажет.

Осылайша, 2027 жылғы ҰБТ-ға қатысуды жоспарлаған талапкерлерге өтініш қабылдау мерзімдерін алдын ала ескерген жөн.

Оқи отырыңыз