2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде сақтандырылмаған азаматтарға көрсетілетін медициналық қызметтердің көлемі қысқарады. Олар үшін 12 түрлі қызметтен тұратын базалық медициналық көмек пакеті енгізіліп, емханаға қаралу санына шектеу қойылады.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Сәрсенбаева Tengri Health басылымына берген сұхбатында айтты.
Сақтандырылмаған азаматтар үшін не өзгереді?
«Ашық НҚА» порталында алғашқы медициналық-санитариялық көмекті ұйымдастыру стандартына өзгерістер енгізу туралы жоба жарияланды.
Гүлнара Сәрсенбаеваның айтуынша, бұл өзгерістер 2025 жылы қабылданған заңға байланысты. Аталған заңда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен МӘМС аясында көрсетілетін қызметтердің ара-жігі нақты ажыратылған.
Жаңа жүйеге толық көшу мерзімі 2027 жылғы 1 қаңтарға белгіленген.
Осы күннен бастап емханаларда көрсетілетін алғашқы медициналық-санитариялық көмектің негізгі қызметтері МӘМС пакетіне көшіріледі.
«МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтар үшін ештеңе өзгермейді. Ал сақтандырылмаған азаматтарға 12 түрлі қызметтен тұратын базалық медициналық көмек көрсетіледі. Қазір елімізде мұндай азаматтардың саны шамамен үш миллионға жетеді», – деді министрлік өкілі.
Сақтандырылмаған азаматтарға қандай 12 қызмет тегін көрсетіледі?
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған азаматтар мынадай медициналық қызметтерді ала алады:
-
Жалпы практика дәрігерінің немесе терапевтің қабылдауы;
-
Кеңейтілген практикадағы мейіргердің қабылдауы;
-
Шұғыл көмек кабинетінде дәрігердің немесе фельдшердің қабылдауы;
-
Акушердің қабылдауы;
-
Қанның жалпы талдауы (6 көрсеткіш бойынша);
-
Зәрдің жалпы талдауы;
-
Бой мен салмақты өлшеу, дене салмағы индексін есептеу және бел айналымын өлшеу;
-
Қан қысымын өлшеу;
-
Қол-аяқтың айналымын өлшеу;
-
Пульсоксиметрия – қандағы оттегі деңгейін анықтау;
-
Офтальмоскопия – көз түбін тексеру;
-
Медициналық көрсетілімдер бойынша ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ).
Министрлік өкілінің түсіндіруінше, бұл – дәрігерге науқастың жағдайын бағалап, диагноз қоюға және бастапқы ем тағайындауға мүмкіндік беретін ең төменгі медициналық көмек көлемі.
Ал қосымша қымбат зерттеулер, жоспарлы ем немесе ұзақ мерзімді медициналық бақылау қажет болған жағдайда азамат МӘМС жүйесінде сақтандырылуы тиіс.
Емханаға қаралу саны шектеледі
Жаңа ережедегі маңызды өзгерістердің бірі – сақтандырылмаған азаматтардың бір ауру бойынша емханаға қаралуына шектеу енгізілуі.
Ұсынылып отырған тәртіпке сәйкес, МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған адам бір күнтізбелік жыл ішінде бір ауру бойынша базалық медициналық көмекке бір рет жүгіне алады.
Мысалы, азамат қаңтар айында жіті респираторлық вирустық инфекциямен (ЖРВИ) ауырып, емханада ем қабылдаса, ақпан немесе наурыз айында дәл осы диагнозбен қайтадан базалық көмек алу мүмкіндігі шектеледі.
Алайда басқа ауру анықталса, дәрігерге қайта қаралуына болады.
Сонымен қатар бір ауру жағдайы аясында дәрігердің қайталама қабылдауы қарастырылған. Бұл дәрігерге науқастың жағдайын бақылауға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта, яғни 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін, сақтандырылмаған азаматтардың емханаға қаралу санына мұндай шектеу жоқ.
«Біз медициналық қызметтердің нақты тізімі мен қабылдау санын белгілеп отырмыз. Бұл азаматтарға қандай көмек қолжетімді екенін түсіндіруге және оларды МӘМС жүйесінде сақтандырылуға ынталандыруға бағытталған», – деді Гүлнар Сәрсенбаева.
Қандай жағдайда сақтандырусыз толық медициналық көмек алуға болады?
Жаңа шектеулер барлық медициналық қызметке қатысты емес. Кейбір жағдайларда азаматтар сақтандыру мәртебесіне қарамастан тегін медициналық көмек ала береді.
Біріншіден, шұғыл медициналық көмек. Егер науқастың өміріне қауіп төндіретін жағдай анықталса, оған қажетті шұғыл көмек тегін көрсетіледі.
Екіншіден, әлеуметтік мәні бар аурулар. Туберкулез, АИТВ инфекциясы, қатерлі ісік, инсульт сияқты ауруларға күдік туындаған жағдайда азаматтарға сақтандыру мәртебесіне қарамастан медициналық көмек көрсетіледі.
Мұндай аурулар бойынша диагностика, емдеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, стационарлық көмек және динамикалық бақылау ТМККК аясында жүргізіледі.
Скринингтер де сақтандырусыз қолжетімді
2026 жылдан бастап бірқатар профилактикалық скринингтер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне енгізілді.
Атап айтқанда, азаматтар белгіленген жас санаттары мен медициналық көрсетілімдерге сәйкес мына ауруларды ерте анықтауға арналған тексерулерден өте алады:
-
Артериялық гипертензия;
-
Қант диабеті;
-
Глаукома;
-
Жүректің ишемиялық ауруы;
-
Сүт безі обыры;
-
Жатыр мойны обыры;
-
Колоректалдық обыр.
Сондай-ақ жедел жәрдем қызметі сақтандыру мәртебесіне қарамастан тегін көрсетіледі.
Өмірге қауіп төндіретін жағдайларда шұғыл стационарлық көмек алу құқығы да сақталады.
Қазақстанда қанша адам сақтандырылған?
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта қазақстандықтардың шамамен 87 пайызы МӘМС жүйесінде сақтандырылған.
Олардың бір бөлігі жеңілдік берілген санаттарға жатады. Мұндай азаматтар үшін сақтандыру жарналарын мемлекет төлейді.
Ал D және E санаттарына жататын әлеуметтік осал азаматтардың жарналары жергілікті әкімдіктер есебінен төленеді.
Министрлік өкілінің айтуынша, әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарды сақтандыру жүйесімен қамтуға ерекше назар аударылған.
Жаңа өзгерістердің мақсаты қандай?
Денсаулық сақтау министрлігі жаңа тәртіп медициналық қызметтердің қолжетімділігін нақты реттеуге және азаматтарды МӘМС жүйесіне қатысуға ынталандыруға бағытталғанын түсіндірді.
Сақтандырылмаған азаматтар медициналық көмектен толық айырылмайды. Алайда жоспарлы диагностика, мамандандырылған ем және тұрақты бақылау сияқты қызметтерді толық көлемде алу үшін МӘМС мәртебесі қажет болады.
Айта кетейік, бұл өзгерістер әзірге нормативтік құқықтық акт жобасында ұсынылған. Сондықтан құжат түпкілікті бекітілгенге дейін оның жекелеген талаптары өзгеруі мүмкін.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілуі жоспарланған жаңа тәртіпке сәйкес, сақтандырылмаған қазақстандықтар базалық медициналық көмекті ала береді, бірақ қызмет түрлері мен бір ауру бойынша қабылдау саны шектеледі.