2027 жылдан бастап кейбір әлеуметтік төлемдерді есептеу тәсілі өзгереді

2027 жылдан бастап кейбір әлеуметтік төлемдерді есептеу тәсілі өзгереді
Фото: El.kz архиві

Қазақстанда 2027 жылдан бастап кейбір әлеуметтік жәрдемақыны есептеу кезінде жаңа тәсіл қолданылуы мүмкін. Жекелеген төлемдерді есептеуге пайдаланылатын айлық есептік көрсеткіш (АЕК) пен ең төменгі күнкөріс деңгейін 2026 жылғы мөлшерде сақтау ұсынылып отыр. Бұл туралы ҚР Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы Құрылтай отырысы аясындағы брифингте айтты.

Неліктен есептеу тәсілі өзгереді?

Вице-министрдің түсіндіруінше, бұл әлеуметтік қолдаудан бас тарту дегенді білдірмейді. Керісінше, әлеуметтік саясаттағы тәсілді өзгерту көзделіп отыр.

Оның айтуынша, жәрдемақыны отбасының негізгі табыс көзі ретінде қарастырмаған жөн. Мемлекеттік төлемдер белгілі бір өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға берілетін ең төменгі кепілдік ретінде қарастырылады.

Бұл жерде жұмысқа деген тәсілді өзгерту ұсынылып отыр. Әлеуметтік жәрдемақыны отбасының негізгі табыс көзі ретінде қарастыруға болмайды. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетілетін белгілі бір ең төменгі кепілдік, – деді Абзал Бейсенбекұлы.

Вице-министрдің сөзінше, әлеуметтік төлемдерге бағытталған қаражаттың бір бөлігі азаматтардың табысын арттыруға мүмкіндік беретін шараларға бағытталмақ.

Атап айтқанда, жұмыспен қамтуға жәрдемдесетін Отбасын қолдау орталықтары мен мансаптық өсу орталықтарының жұмысына басымдық беріледі.

Негізінен бұл шығындар адамдарды өз табысын арттыруға ынталандыратын мақсаттарға бағытталады, – деді ол.

Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер халықтың табысының төмендеуіне алып келмеуі тиіс.

Кейбір жәрдемақы үш жылда бір рет қайта индекстеледі

Бұған дейін 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасының таныстырылымы кезінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай да бұл мәселені түсіндірген.

Оның айтуынша, жоба аясында әлеуметтік төлемдердің жекелеген түрлерін есептеу үшін АЕК пен ең төменгі күнкөріс деңгейінің бөлек мөлшерін белгілеу қарастырылған.

Министрлік өкілінің пікірінше, жәрдемақы – мемлекет азаматтарға белгілі бір өмірлік жағдайларда беретін әлеуметтік қорғау шараларының бір бөлігі ғана.

Автоматты түрде жыл сайын индексациялау барлық жағдайда азаматтардың әл-ауқаты мен экономикалық тәуелсіздігін арттыра бермейді. Сондықтан кейбір төлемдерді қайта индекстеу мерзімін өзгерту ұсынылған.

Осыған байланысты бұл жәрдемақыларды басқа орта мерзімді кезеңге қайта индекстеу туралы шешім қабылданды. Атап айтқанда, үш жылда бір рет, – деді Виктория Шегай.

Жаңа тәсіл нені көздейді?

Ұсынылып отырған өзгерістердің негізгі мақсаты – әлеуметтік төлемдерді автоматты түрде арттырумен қатар, азаматтардың тұрақты табыс табуына жағдай жасау. Яғни мемлекет жекелеген әлеуметтік қолдау шараларын қайта қарау арқылы еңбекке араласуға, жұмыс табуға және кәсіби мүмкіндіктерді арттыруға бағытталған бағдарламаларға көбірек көңіл бөлуді жоспарлап отыр.

Бұл өзгерістер 2027 жылдан бастап енгізілуі мүмкін. Қандай жәрдемақыларға жаңа есептеу тәртібі қолданылатыны және олардың нақты мөлшері республикалық бюджет туралы заң мен тиісті нормативтік құжаттарда нақтыланады.

Оқи отырыңыз